Қалың қалай қазақ театры?

30 қыркүйек 2016, 12:53

37a8ee9542bb0804dc93137a8c5

Биыл да жылдағы әдетінше театрлар Ақтөбе қаласында бас қосып, жыл бойы жинаған озық тәжірибесі мен ізденісінің нәтижесін театр мамандары мен көпшілік көрерменнің назарына ұсынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 8 театр бес күн бойы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры сахнасын өнердің үлкен жәрмеңкесіне айналдырды. Әйтсе де, санға сапа сай ма? Фестивальдің көркемдік деңгейі қандай? Еліміздің әр аймағынан жиналған өнер ошақтары көрерменін таңғалдырарлық деңгейде өнер көрсете алды ма?.. Көкейде қалған осы сауалдарға жауап тауып, әңгіме әлқиссасын тарқатып көрсек.

Фестиваль: біз қай деңгейдеміз?

Фестиваль – өнердің қай түрі болмасын, бары мен жоғын түгендеп, сыры мен сынына сарапшы болар таразы. Демек, фестивальдің деңгейі – өнер додасына қатысар спектакльдің көркемдік сапасымен өлшенеді. Оның үстіне, қазіргі заманауи театр өнері шығармашылық һәм формалық ізденіс тұрғысынан жаңаша белеске көтеріліп, көрерменін жаңалығымен таңғалдырудан жалықпай келеді. Егер осы өлшем тұрғысынан келер болсақ, фестивальге қатысатын қойлымдар да аталған талап тұғысынан сарапталуы керек, біздіңше. Бірақ, өкінішке қарай, көркемдік деңгейі сын көтермек тұрмақ, қарапайым көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысымен деңгейлес спектакльдердің де ара-тұра фестиваль бағдарламасынан жылт етіп көрініп, жанды жабырқатқанын жасырмаймыз.
«Қазір фестивальалды іріктеу жұмысындағы кемшіліктер – кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып тұр. Соның салдарынан, көркемдік сапасы сын көтермейтін қойылымдар жолдама алып, фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне айтарлықтай залалын тигізуде. Шындап келгенде, фестивальге қатысу – театрлар үшін үлкен мәртебе болу керек. Бірақ, өкінішке қарай, фестивальді де біз кезекті қойылымды дайындықсыз сахнаға шығарғандай қалыпты жағдайға айналдырып алдық» – деп қойылымдардың көркемдік деңгейіне көңіл толмаушылығын білдірген қазылар алқасының мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты, белгілі театртанушы Сәния Қабдиева спектакльдердің сапа төмендігін облыстық театрлардағы режиссерлердің тапшылығы мен шығармашылық ізденістің аздығынан екенін баса көрсетті.

Санға сапа сай ма?

Шынымен де, Ақтөбе қаласында өткен биылғы фестивальге қатысқан Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау, Алматы қалаларынан бөлек, Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры мен Жастар театрының ұсынған қойылымын тамашалап отырып, облыстық театрлардың әлі де өз қазанында өзі қайнап, көркемдік сапа тұрғысынан кенже қалып жатқанына жанымыз жабырқап тарқастық. Кезінде фестивальдің алдын бермей, дүбірлі дәуренін сүрген С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының шыбысын республикалық фестиваль аясында екі жыл қатарынан бақылап, Қарағанды театрына алда тыңғылықты түрдегі үлкен ізденістің қажеттілігін байқадық. Былтырғы Өскемен қаласында ұйымдастырылған фестивальге режиссер Айбек Қырықбаевтың «Ұлы арман» (авторы – Д.Рамазан) драмасымен қатысып, сарапшылардың қатал сынына қалған қарағандылық театрдың бір жылда шығармашылық сапа тұрғысынан, өкінішке қарай, алға жылжығаны байқалмайды. Ақтөбе фестиваліне әкелген Дунай Еспаевтың «Өкпек жолаушы» (авторы – Д.Исабеков) драмасы да өткен жылғы қойылым деңгейінен аса алмады. Тағы да сыналып, қазылардың ескертпесін арқалап, Арқаға қайтып оралды. Сол секілді Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясын ұсынған Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры ұжымына да шығармашылық тұрғыдан үлкен ізденістің қажеттілігі байқалады.
Бұдан не түйеміз? 24 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқанына қарамастан, бізде әлі де фестивальдік мәдениеттің, өнер жарысына сай талғам мен талаптың қалыптаспай келе жатқандығы.
Қалай дегенмен де, фестиваль – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған театрларының жыл бойғы ізденген еңбегінің, жинаған тәжірибесі мен төккен терінің нәтижесін ортаға салатын өнердің шын мәніндегі таразысы болуы керек. Алайда осы талаптың өз деңгейінде жүзеге аспауы, ұйымдастырылу мен қатысушы театрлардың ізденісі тарапынан кетіп жатқан олқылықтар білгілі бір деңгейде фестиваль сапасына нұқсан келтіріп жатқандығын да, орайы келіп тұрғанда, ескертіп өтуді жөн санадық.
Әйтпесе, фестивальдің алғашқы үш күні мүлгігендей күй кешуіміз – облыс театрларына үлкен бір сілкіністің қажеттілігіне сұранып тұрғандай. Режиссура мен актерлік ізденістен бөлек, сценография мәселесінің де жан-жақты жаңалыққа зәрулігі байқалады. Репертуар таңдаудағы талғам, тақырыптың өзектілігі, жанрлық сан алуандық деген түйткілдер де күрделі көңіл бөлуді күтуде. Елорданың қос театры мен Ақтау, Атырау қалаларының қадау-қадау жұмыстарын ізденіс ерекшелігіне сай ауыз толырып айтқанымызбен, облыстың өзге көптеген театры әлі де «баяғы жартас – сол жартас» күйінде.

Көңіл күнделігінен
немесе алашқа айтар дат:

•…Фестиваль дегенде, жалпы, менің түсінбейтін дүнием, қоятын сауалым көп. Мәселен, фестивальде талқылау не үшін жүргізіледі? Егер айтылған мін мен сыннан қорытынды шығарылмаса?.. Әйтпесе, былтырғы сахна додасында (Өскемен қаласында өткен) сарапшылар тарапынан қатты сынға ұшыраған «Ұлы арманның» (реж. А.Қырықбаев) жағдайынан кейін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры ойланса, сабақ алса болар еді ғой. Бәлкім, сонда кешегі «Өкпек жолаушының» (реж.Д.Еспаев) өкініші болмас па еді… Әй, қайдам?!. Қазір фестиваль деген – өнердің бар мүмкіндігі сынға түсетін талғам мен талап мінбері емес, жалпақ тілмен айтқанда, «проходной двор» болып кетті. Кімнің көңіл-хошы тартса, сол асай-мүсейін асынып жетіп келетін… Міне, фестиваль дегендегі біздің түсінік — осындай…

• Ау, ағайын, бір тойда екі жар, бір жүгіністе екі дау бола ма екен?..». Ақтөбе қаласында өткен биылғы ХХIV республикалық фестивальдің марапаттауынан кейін Абайдың осы бір репликасы ойыма қайта-қайта орала берді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, бір жарыста екі жеңімпаз бола ма?.. Аламан заңы бойынша, мықты біреу, жеңімпаз жалғыз болу керек емес пе?!.

• Әсіресе, мәдениет және спорт министрлігіндегі ұйымдастырушылар, байқау дегеннен кейін, соған сай көркемдік тұрғыдан талап та қойылу қажет шығар?!. «Фестиваль өткіздік» деген белгі үшін ғана жанталаспай, өнерге деген аздаған жанашырлық та болу керек емес пе?!. Бізді құртатын, құртып келе жатқан сол баяғы көңіл жықпастық, Бейімбетше айтқанда, мырқымбайлық…

 

Тақырыпқа орай:

Сәния ҚАБДИЕВА,
өнертану ғылымдарының кандидаты, театртанушы:
– Фестивальге қатысу – театрлар үшін үлкен мәртебе болу керек. Бірақ, өкінішке қарай, фестивальді де біз кезекті қойылымды дайындықсыз сахнаға шығарғандай қалыпты жағдайға айналдырып алдық.

Фестивальден
не түйдік?

Егер әлемдік театрлардың: арғысы – Германия мен Ұлыбритания, Италия мен Венгрия, бергісі – Ресей мен Украина, Башқұртстан мен Татарстан театрларының заманауи өнер кеңістігін бағындырудағы жетістіктерін салыстыра сараптар болсақ, біздің облыстық театрлардың әлі де үлкен, жан-жақты ізденіске зәрулігін көруге болады. Инкубатордан шыққандай біркелкі, динамикадан жұрдай, суреткерлік қиялға кедей бірсыдырғы қойылымдардан бас тартып, әлем бағындырып жатқан техниканың жаңаша мүмкіндіктерін игеріп, сахнада көрмедік һәм жанрлық тұрғыдан соны сүрлеу салатын уақыт әлдеқашан туған. Егер көріп, көкейге тоқимын десе, әлемнің кез келген елінің есігі ашық. Тек тәжірибе алмасып, тың дүниені үйренуден, өзіндік өнер өресін қалыптастыруда талмай еңбектенсе болғаны. Мәселен, Астана қаласы Жастар театрының «Моцарт» мюзиклі (режиссері – Нұрқанат Жақыпбай), Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Шие» комедиясы (режиссері – Сергей Потапов) сияқты. «Ізденіс болған жерде сапаның да болатынын естен шығарамса екен қазақ театрлары» деген тілек қалды ішімізде…
Қазылар алқасының құрамына жиналған Сәния Қабдиева, Дариға Тұранқұлова, Ерлан Біләл бастаған театр мамандарының шешімімен, фестиваль қорытындысы бойынша, «Үздік спектакль» жүлдесі Астананың қос театры: Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Шие» комедиясы (авторы – А.Чехов, режиссері – С.Потапов) мен Жастар театрының «Моцарт» мюзикліне (авторы – Ж.П.Пило мен О.Шультез, режиссері – Н.Жақыпбай) теңдей бөлінді. «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымындағы арнай жүлде У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы «Гамлет» бейнесі үшін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Кенжебек Башаровқа бұйырды.
Хош! Сонымен 5 күн қатарынан еліміздің жан-жағынан жиналған театрлардың өнерін бірін де қалдырмай, санамалап отырып тамашаладық. Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз – осындай.

Назерке ЖҰМАБАЙ,
Астана – Ақтөбе – Астана

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала