Еліміздің бас дәрігер Елжан Біртанов студенттермен кездесті. Жай шәкірттер емес. Білдей бір министрдің қызметтен кетуін талап еткен болашақ дәрігерлермен. Олар университеттегі білімін ақылы резидентурада жалғастырғысы келгендер. Наразылығын бүгінде көңілі жақпағанға тас ату, біреуден өш алу, қала берді жала жабудың «жайлы мекеніне» айналған әлеуметтік желі арқылы желі арқылы білдіргендер. Қара сөзбен жаза салмай, кәдімгі ролик түсіргендер. Көбірек оқып, білімін тереңдету құптарлық іс, әрине. Бірақ күні ертең жоғары білімді маман атанатын жастар не заңды білмейді, не біле тұра мойындамайды. Ал заңда тайға таңба басқандай анық жазылған. Яғни, мемлекеттің ақшасымен тегін оқығандар 3 жыл міндетті түрде жұмыс істеуге міндетті! Естуімізше, әлгі студенттер оқуға қабылданғанда осындай міндеттеме алып, тіпті, қолхат жазып берген көрінеді.
Министр мына бір жәйтті студенттердің қаперіне салды. Университет түлегі базалық мамандық бойынша белгілі бір мерзімде жұмыс істеуі тиіс. Немесе, мемлекетке керекті маман дайындайтын резидентураға оқуға түсуі керек. Егер ақылы резидентураға барса, ертең мамандығы бойынша жұмыс таппай қалуы әбден мүмкін. Бізде әркімнің мамандық таңдауға хақысы бар. Сонымен қатар, мемлекет алдындағы міндеттеме де бар. Кездесуде бір студент қыз (сірә, қала тұрғыны болар) түлектерді жұмыс орнына бөлгенде алыстағы ауылдарға жіберетінін айтып мұң шағыпты. Министр оған ауылға барса, емдеудің негізгі әрі дәрігерге ең керекті тәсілдерін үйренетінін түсіндіруге тырысты.
Түлектерді әр аймақтағы мамандарға сұраныс бойынша бөлу кешегі кеңес заманында да болған. Соның нәтижесінде, тіпті, өзге республикалардың өкілдері біздің шалғайдағы елді мекендерімізге барып жұмыс істейтін. Бұл маман ретінде қалыптасуға таптырмайтын мектеп еді. Рас, ол кезде де қаланың жайлы өмірге үйренген қыз-жігіттері басқа жаққа барғысы келмейтін. Бірақ қазір мемлекеттің «Дипломмен ауылға» бағдарлама арқылы баспанамен қамтамасыз ету, өзге де әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Рас, «бағдарлама мүлтіксіз орындалып жатыр» деуге келмес. Дейтұрғанмен, жас маманның талап етуіне хақысы да бар, мүмкіндігі де мол.
Ал ауылда білікті дәрігер жетіспейді.
Бұл оқиға табақтай диплом алып, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейтін немесе істегісі келмейтін жастарға қатысты проблеманы жаңа бір қырын ашты. Ол – қоғамда өзінің құқығын қузап, міндеттемесін орындауды қажет деп санамайтындардың барған сайын көбейе түсуі. Жан қинап, жұмыс істемей-ақ, мемлекеттің жәрдемақысымен бала-шағасын асырағысы келетін ата-анаға таңқалмайтын болдық. Мұндай масылдықты уағыздайтын құбылыс бір кездері байлығы тасыған Батыста да болғанға ұқсайды. Әйтпесе, президент Кеннеди «Сіздер Америка бізге не береді?- деп емес, біз Америкаға не бердік?-деп ойлануыңыз керек» демес еді.
«Сіздер Қазақстанға не бердіңіздер?» – деп бізде қашан сұрайды екен.
Талап Тілеген