Болғанынан боладысы бір жылға аунап, кешігіп өткен Токио Олимпиадасы да тарих қойнауына кетті. Енді үш жылдан кейін Франция төрінен орын беріп өткізетін Париж жазғы олимпиадалық ойындарынан бұйырмаған еншімізді ала аламыз ба? Жауабы үш жылдан кейін айтылар.
Токио Олимпиадасына әлемнің 200-ден аса елінен спортшы қатысты. 86 елдің спортшылары медаль иеленді. Қазақстаннан барған атлеттер 8 қола медальмен 83-сатыны місе тұтты. 83-інші орын. Алдымызды түркімендер де орап кетті, олар 1 күміс медальмен 77-орынға тұрақтады.
Орталық Азияның бес мемлекеті ішінде Өзбекстан Токио жазғы Олимпиада ойындарынан 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеп, 32-орынға тұрақтады. Қырғыз спортшылары 2 күміс, 1 қола медаль б ктеріп, 71-сатыға орнықты. Біздің жайды айттық.
Рухты намысқа жану
Қырғыз спортшылары 2008 жылы өткен Бейжің жазғы Олимпиадасынан кейін медаль алған емес. Осы олқылықты үш бірдей спортшысы толтырып, кемдігін бүтіндеп берді.
Әлгі екі күміс медальді балуандар Ақжол Махмұдов пен Айсұлу Тыныбекова олжалады. Грек-рим күресінен 77 келіде белдесуге түскен Ақжол Махмұдов финалдық айқасқа дейінгі қарсыластарының барлығын да еркін ұтты. Ал алтын медаль үшін «беттеште» мажарлық Тамаш Леринцке есе жіберді. Токио жазғы олимпиадалық ойындардың финалисі, күміс жүлдегер. 21 жастағы спортшы үшін орасан табыс қой.
Пандемияға байланысты жазғы Олимпиаданы өткізу бір жылға шегерілгенде Махмұдов аяғына ота жасатты. Бір жылдық мерзімді пайдаланып, ескі сырқатын сақайтты. Қанша дегенмен де пышаққа түсу тәнге жеңіл емес. Құлан-таза айығып шыққанның өзінде кілт етпесі тартып тұратыны анық. Байқасаңыз, Ақжол финалдық белдесуге шыққанда аяғын шекіп басып, тізесінің сырқаты бар екенін байқалды. Алтын медаль олжалауға жарақаты да жарты кедергі болғаны анық. Финалдық белдесуді Бішкектің биігінде отырып, теледидардан тамашалаған Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров балуанға телефон шалып құттықтады. Ғаламторды шарлап жүрген осы бейнені қайталап көріңізші, білдей бір президенттің өзі бас болып қоңыраулатып құттықтағанда кім-кімнің де буыны босамай ма? Жоқ, Ақжол абадан екен, шоң рахмат айтып жайылып түскен жоқ, қуанбады да. Керісінше, күллі қырғыз халқының алдында кешірім сұрады, «Олимпиадалық ойындардың алтынын алмағаным үшін» деп. Соңыра «Мен Токиоға текке келгем жоқ, алтын медаль тағынуды көздедім, барымды салдым, бұйырмады» деді өңешіне өңсік тығылып. Көзінің алмасын сулаған жасын жігіт емес пе, сыртқа шығарған жоқ. Бірақ ішіндегі бұрқсарқ қайнаған буырқанысты өкініші жүзінен айқын аңғарылып тұрды. Ұлттық намысты қорғап, рухты жану деген түсінік осы шығар.
Қырғыздың ай маңдай аруы Айсұлу Тыныбекова – Алатаудың арғы бетіндегі алты миллион қырғыз халқының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында қара үзіп, елінің абыройын асқақтатты. Бес жыл бұрын Рио жазғы олимпиадалық ойындарында бесінші орынды місе тұтты. 23 жаста еді сол кезде. Жалалабадтың Майлысуында өмірге келген ару бес жылдың бедерінде қандай биікке көтерілді. Токио додасында финалда сүрініп, күміс медальді місе тұтты. Төрден түсіп келе жатқанда Айсұлудың солқылдап жылағанын көрсеңіз. Қырғызстанда шамамен 3 миллион 200 мың нәзік жанды бар десек, солардың арасынан шыққан олимпиадалық ойындардың тұңғыш жүлдегері ғой. Қандай құрмет, марапатқа да лайық. Орасан жетістік, соған қарамастан, алтын медаль ала алмадым деген өкініші анау өртеп бара жатқан. Айсұлудың финалдық белдесуін Қырғыз елінің президенті зайыбымен қатар отырып тамашалап, күрес біткенде хабарласып құттықтады. Айсұлудың алтын медаль ала алмай өкініштен өзегі өртенгенін президент те сезінді. Енді қараңыз, үш жылдан кейін Париж төрінде қырғыз спортшылары төңкереді. Иә, тура мағынасында төңкереді олар, белдескеннің белін бүгіп, шайқасқанды шауып түсіреді. Өйткені олар ұлттық намысқа суарылған ұлт екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Өзбекстан билігі де Токио жазғы Олимпиадасында жүлде алған спортшыларын құрметпен қарсы алып, астына көлік, басына баспана тарту етті. 1 қыркүйек – Өзбекстан республикасының тәуелсіздік күні. Бокстан аса ауыр салмақта Баходүр Жалалов Токио олимпиадалық ойындарының чемпионы атанды. Өзбекстанның өзге боксшылары іріктеу сынында бірінен кейін бірі мұрттай ұшып, Жалалов жалғыз Өзі қалған болатын. Финалдық айқаста америкалық Ричард Торресті тасталқан етіп ұтып, «Мен бұл жеңісімді Өзбекстан елінің тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын» деді. Қандай керемет сый, өз еліңнің мәртебесін биіктетіп, әнұраныңды шырқатып, байрағыңды көкке көтеру.
«Қолыңдағы қолаң алтынға тең»
Ал елімізден барған спортшылар 8 қола медальді місе тұтып қайтты. Қазақстан спортшылары алғаш рет жазғы Олимпиададан алтын һәм күміс медальсіз оралды. Қазір ерінбегенің бәрі боксшыларымыздың қирай ұтылғанын сынап айтып та, жазып та жүр. Токио олимпиадалық ойындарында бокс Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АІВА) араласуынсыз, Халықаралық олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен өтті. Ерлер сайысы сегіз салмақта өрбіді.
Біздің елден толық құрам қатысып, Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда тоқтап қола медаль алды. «Боксшыларымыз неге алтын алмады» деп сынаушылардың да, мін тағушылардың та табандап тұрып талап етуі заңды да. Алматының іргесінде, Талғар ауданына қарасты аймақта АІВА-ның бокс академиясы бар. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасынан кейін қолға алынып, бой көтерді. Теңдессіз орталық, қу жаныңа қажетті жаттығу құралдарының бәрі бар. Медициналық орталық та, емдеу, сауықтыру дейсіз бе, футбол алаңы да талапқа сай. Орталық Азия елдерінің ешқайсысында жоқ мұндай академия. Біздің боксшылардың әлеуеті қаншалықты екенін Токиоға түрен салмай тұрып та белгілі болған. 2019 жылы өткен Азия чемпионатында Василий Левитті оңтүстіккореялық қарсыласы үшінші раундта нокаутқа түсірген еді. Левиттің жасы да келді, ауыр соққыны еңсере алмайтыны екі бастан белгілі. Кейбір боксшыларымыздың ескі жарақаты қайта қозды, шаршау басым барлығында. Қалай болғанда да, бокстан ұлттық құраманың бапкерлік құрамына өзгеріс керек, жаңару, жаңғыру қажет. Бүтіндей ел неге боксшылардан алтын медаль күтеді? Өйткені бокс – елімізде кең таралған, дамыған спорт түрі. Бай да, манап та төгеді тапқанынан, мемлекеттік қолдау мен қошемет те жоғары, қаржы да қыруар бөлінеді бұл спортқа.
Каратэден кумитэ санаты бойынша Софья Берульцева мен Дарқан Асаділов қола жүлдемен оралды. Қазақ тіліне судай Софья Берульцева жартылай финалда сүрінгенде солқылдап жылады. Қазақ спортының тарихына есімін алтын әріппен жазып, каратэден Олимпиада ойындарының тұңғыш жүлдегері атанғаны да зор жетістік. Бірақ өжет «қыз алтын медаль ала алмадым» дейді. 20 жасында төртжылдық доданың жүлдесін иелену де аз табыс емес. Дарқан Асаділов те тұңғыш қазақ, каратэден Олимпиада ойындарының жүлдесін алған. Елдос Сметовтің қола медалі judo күресіне жауапты мамандардың қызметімен қош айтыспауына септігін тигізді. «Елдостың атасына мың рахмет, жүлдегер атанбағанда қызметімізден кетер едік» деп бөркін аспанға атып, елдің намысын емес, жеке басының табысын ойлап жүргендер де бар.
Реформа керек
Жүлде алған сегіз саңлақтың еңбегі зор. Спортшының сөлін сығып, терін төгіп қол жеткізген жеңісі мақтауға да лайық. Бірақ Токио төріндегі тартыс біздің елдің спортына реформа қажеттігін айқындап берді. Күпіміздің ішінде күпініп, шіренгенімізбен, спортымыздың сиқы сегіз қоламен айқындалды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өрістеген көпшілікке қолжетімді қай спорт түрі бар? Бір жүзгіштің өзі медальді жұптап алатын су спортына балаңызды берсеңіз, ай сайын кемінде 20 мың теңге төлейсіз. Басқа спорт түрлері де сондай. Бізде спортты сауданың көзіне айналдырып, бармақ басты, көз қыстылық қалыңдап кеткен әлдеқашан. Әр ата-ана баласын спорт үйірмесіне ақшасын төлеп жаздырады, жарыстарға да қаражатын жұмсап қатыстырады. Бір баланы кәсіби спортшы деңгейіне көтеру қыруар қаржыны талап етеді. Оған екінің бірінің қалтасы көтермейді. Міне, осыдан келіп талантты балалар тасаланып, өжет мінезін өлтіріп тынады. Ауыл-ауылды аралап жүріп таңдаулы балаларды жинап, әрқайсысын өзінің бейімі бар спортқа баулыса, талай таланттың томағасы сыпырылады. Көкпар тартып жүрген Мұхтархан Ділдәбеков 18 жасында қолғап киіп, 2000 жылы Сидней жазғы Олимпиадасында қалай дауыл тұрғызды! Бокстан күміс медаль иеленбеп пе еді. Алтын құрсақ аналар алып тумай қоймайды. Тек тоңмойындардың тоңтеріс тірлігі тұсау болып келеді. Өзгеріс керек қазақ спортына. Токио олимпиадалық ойындарынан кейінгі түйген ойымыз осы.
Қуаныш КӨШЕК