Алтынмен арбағандар

11 қыркүйек 2020, 18:33

Көрер таңды көз ілмей атырған Гүлжан қалаға қарай құстай ұшып келеді. Кешегі ғаламтордан көргені шын ба, өтірік пе? Ойы онға, санасы санға бөлінген әйелдің аяқ-қолы дірілдеп, көлік тізгінін меңгере алар емес. Жанында бес баласы. Кішілері қам-қайғысыз ұйып жатыр, үлкен екеуі анасының мазасыз күйін бағып үнсіз, жабырқау.

– Бұл қалай болды? Олардың алаяқ болуы мүмкін емес. Шеттерінен оқыған-тоқыған зиялы кісілер. Шеттерінен орыс тілді, қаланың көзі ашық, көкірегі ояу қауымы. Олардың алаяқ болуы мүмкін емес, мүмкін емес, мүмкін емес…

Өзіне-өзі күбірлеп, бір сөзді жүз қайталап келе жатқан әйелдің дауысы кенет оқыс шығып кетсе керек, үлкен ұлы анасының жүзіне тігіліп қарасын.

– Мама, сізге не болды? Атамдардың үйінде бірнеше күн боламыз деген едіңіз. Неге асығып кеттік?

– Балам, өзім де білмеймін. Барған соң бәрі анықталады. Бір жағдай болып қалды.

– Онда машинаны ақырын айдаңызшы. Жол жаман екен. Сіз де бір түрлі боп отырсыз.
Баласының қорқынышын енді сезді ме, әлде өзін сабырға шақырды ма, Гүлжан бойын тез жинап алды. Жаңағыдай түсініксіз күбір-сыбыры да азайған. Қара жолдың қос сызығын қуалап, ұзақ үнсіздікке көшсін…

Әшекейдің әлегі

Қыстың басында ұзатылған сіңлісінің тойына алтын сырға алу үшін Гүлжан Алматыдағы зергерлік дүкендердің біріне бас сұққан. Көздің жауын алатын, бірінен-бірі әдемі, бірінен-бірі қымбат мың түрлі әшекейді көріп басы айналып қалды. Сатушы қыз бұған бір әдемі сырғаны өз бағасынан бірнеше мың теңгеге арзан берді.

– Біз өз тұтынушыларымызға жеңілдік жасап тұрамыз. Одан бөлек, бізде басқа да қаржы мүмкіндіктері бар. Өзге зергерлік дүкендер сияқты алтын сатумен ғана айналыспаймыз. Біз тұтынушыларымыздың ақшасын бірнеше еселеп қайтарып береміз, – деді өзі де, шашы да алтындай сап-сары қыз. Қолды-аяққа тұрмай, жаһұт көзді, һас тасы бар жүзіктердің бірінен кейін бірін шығарып жатыр. Әйел біткеннің жылтырақ көрсе, басы айналып, көзі қарауытып қалатын әдеті. Гүлжанның да ақылы ауыса бастағандай. Көзі ойнап тұрған сатушы қыздың ығына жығыла берді, жығыла берді…

Сол күні бұл әлгі дүкеннен сіңлісіне арнап гауһар тасы бар сырға, содан кейін һас таспен көркемдеген жүзік сатып алды. Аз ақша болмағаны анық. Бірақ Гүлжанның өзінше ұттым деп отырған есебі бар. Онысы – алған затына жасалған жеңілдік болатын. Миллион теңгеге жуық әшекейді бұл тең жартысына алды. Одан бөлек, әлгі дүкенге тағы бір адам ертіп келсе, өзіне бір әшекейді өте көп жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін, сертификат алуға бір табан жақындайтын құжатқа ие болды. «Асығы алшысынан түсті» деген осы шығар?

Сол күні де мұның таңға дейін ұйқысы қашқан. Қуаныштан кірпік қамай алмады. Ертесі той өтті. Тойдағы сыйлықтардың ең қымбаты – Гүлжан берген әшекей. Сол жерде әйел біткеннің көзі талсын! Той жайында қалды.

– Тойдан кейін бізді де сол дүкенге алып баршы… Маған дәл осындай алтын керек еді… Мен келін алатын едім… Қыз ұзатқалы жатқан едім…

Бұған да сол керек. Бір аптаны өткізбей, әлгі жерге ақшасы бар бес әйелді ертіп барсын. Арасында өз жақындары да, құдағилары да бар. Көзі ойнақтаған сары қыз бұларды қызыл күрең шаймен қарсы алды. Шай ішіп, бойлары жылынған соң, сатушы қыз қымбат әшекейлерін бірінен кейін бірі шығарсын. Гауһардан көз салынған, жаһұттан тас орнатылған алтынның алуан түрі бар екен. Әлгі бес әйелдің ешқайсысы құрқол қайтқан жоқ. Бәрі қалтасын қағып, мойындарын жарқыратып шықты. Гүлжанға әлгілердің есебінен 500 мың теңгелік «алтын сертификат» берілді. Қағаз емес, жарқырап тұрған кәдімгі сап-сары алтын дерсіз! Қатты металдан алтын жалатып жасалған, қымбат дүние.

Сатушы қыз «Бұл сертификатпен қай қаладан болса да, ақшаңызды шешіп ала аласыз» деп шығарып салған. Ол алтын сертификатын апарып сол күні-ақ 500 мың теңгесін алды. Көк қағаз қолына тиген соң, мұның сенімі күшейді. Тіпті алтынның буы ұра бастағандай…
Ертесі өзімен бірге жұмыс істейтін, университеттің бірнеше оқытушысын ертіп барсын. Бәріне айтып, түсіндіріп қойған. Күйеуге шыққаны, шықпағаны бар – бірнеше қыз-келіншекті тартқаны үшін, мұның бұл жолғы табысы алдыңғысынан екі есе көбейсін. Тағы да «алтын сертификат». Тағы да жеңілдетілген бағамен алтын сырға.

Бизнес деген осы шығар? Гүлжанның көзі тоймай, көңілі құныға бастады. Жүрген жерінде зергерлік дүкен туралы айтатын болды. Тіпті әңгімені қалай бастап, қалай аяқтайтынына дейін әлгі сатушы сары қыздан жаттап алды. Өзі де оқыған-тоқыған, білімді әйел. Үш тілге де жүйрік. Киген киімі қымбат, мінген машинасы да арзан емес. Сол үшін де мұның сөзіне жұрт риясыз сенетін сияқты.

Алтын пирамида

– Оңай байығыңыз келе ме? Онда бізге келіңіз! – деп «әлқиссасын» бастап алады. – Біздің дүкен Украинада тіркелген. Алтын сатумен айналысатын, әлемдегі әйгілі зергерлік дүкендердің бірі. Әлемнің қырық шақты елінде, бірнеше жүз қалада дүкендер желісі бар, – деп бір тоқтайды. – Украина, Ресей, Польша сияқты Еуропаның бірнеше елінде дүкендерімізбен бірге офистеріміз орналасқан. Біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алтындардың сапасына кепілдік берілген. Құжаттары толық. Одан бөлек, тұтынушыға ақша табудың мүмкіндіктері де қарастырылған. Ондай ешбір дүкенде жоқ. Жұмыс істеу тәртібі – қаржылық пирамидаға ұқсайды. Бірақ одан қорықпаңыздар! – деп өзін үйреткен сары қыз бен украиналық жігіттің әдісімен айналасын бір шолып алады. – Қазір бүкіл әлемдегі қаржылық пирамидалардың ақша табу тәртібі бірдей. Тек олардың бәрі бірдей сенімді емес. Ал біздікі сенімді. Сенімді болатыны – біз, біріншіден, зергерлік бұйымдар сатамыз. Дүкендеріміз бар. Ешқайда қашып кетпейтініміздің кепілі. Екінші – салған ақшаларыңыз күйіп кетпейді. Алтынның бағасы қалай тұрақты болса, біздің де пирамида сондай. Өз тұтынушыларымыз бен қаржы пирамидамызға ақша салған салымшыларымызға күміс, алтын сертификаттар беріледі. Ақшаларыңызды кез келген қаладағы біздің дүкеннің кассаларынан ала аласыздар», – деп жүрген жерінде жарнамасын жасап, мақтауын асырсын.
Әйел біткеннің құлағын түріп, қалтасын қаққан әлгі дүкеннің аты да қызық, «В2В Jewelry» деп аталады. Қазақстанның бірнеше қаласынан дүкендер желісі ашылған. Гүлжанның жүрген жерінде жалпақ жұртқа жар салатын сенімді бір себебі – басқа қалалардағы сол дүкендері. Қожайындары қашып кетсе де, дүкендегі алтындары қалады деп өзін жұбататын. Адам болған соң кейбіреулер сенімсіздік білдіріп жатады. Сондайда бұл «В2В Jewelry»-дің Украинадағы және басқа елдердегі, өз еліміздің бірнеше қаласында орналасқан дүкендерін көрсетіп, жылдық, айлық табысын айтып мақтанып жүрді. Көңілінен тұрақ тапқан тағы бір себеп бар. Онысы – мұнда ақша салып, ақша алып жүргендер мен қызмет етіп жүргендердің бәрі қарапайым адамдар емес. Бәрінің жағасы таза, үй-жайы, жұмысы бар, табысты, ауқатты жандар.

«В2В Jewelry»

Гүлжан да көпбалалы ана ретінде алатын әлеуметтік көмек ақшаға қарап отырған жан емес. Дегенмен ақша керек. Ал «В2В Jewelry» дүкендер желісі мұның бір тиынын екі тиын етіп қайтарып берді. Нақтырақ айтқанда, 104 пайызға дейін өсірген. Ондай батпан құйрық ешбір қаржы пирамидасында жоқ. Бір емес, бірнеше рет «алтын сертификат» алды. «Алтын сертификат» дегеніміз – тұтынушыларға сатып алған сертификаттың құны мен пирамидаға тартылған адамдардың санына байланысты жылына 520 пайызға дейін кепілдік беретін «алтын» және «күміс» сыйлық сертификаттары, тұтынушыларына соны сатып алу сияқты мүмкіндіктер ұсынылған. Гүлжанға өзі шақырған адамдарынан түсетін үлесі тағы бар. Осының бәрі көп оқыған, қаржылық сауаты бар әйелдің көзін тұмшалап тастапты. Тіпті жақындарының бәрін шақырды. Ақшасы жоқтарға өзі қарыз берді. Сөйтіп өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты, жұмыстағы әріптестері бар – жүзден артық адамды әлгі дүкеннің тұрақты тұтынушысына айналдырды. «Өзім кепілдік беремін» деп кеудесін ұратынды шығарды.
Бұл былтыр қыстың басында болған жағдай. Ол кезде Гүлжанның соңына тіркелген жүз шақты адамның бәрі «алтын сертификат» алған. Ешкімді құр қалдырған жоқ. «Алтын сертификаттарындағы» ақшасын да олар бір-бір рет алып үлгеріпті. Сөйтіп жүргенде, жар-жиһанның мазасын қашырған індет араласпай ма? Бұлардың жұмысы карантинге байланысты уақытша тоқтап қалды. Кірем деген адамға онлайн қызмет қарастырылған. Ақшаңызды онлайн форматта саласыз. Олар онлайн сертификат көрсетеді. Бірақ әлгі 104 пайызбен өсіп-өніп жатқан ақшаны алатын кезде, бірде төтенше жағдай, бірде карантин себеп болып қалады.
– Еш уайымдамаңдар, – деді бір жолы «В2В Jewelry»-дің Алматыдағы өкілі. Украин жігітінің сөзі сенімді. Ақшасын алуға асығып отырғандардың бәрін онлайн қосып, бәрінің салған «салымы» 104 пайызбен өсіп жатқанын, тіпті бұлардың ақшасы қазір шоттарына түсіп қойғанын айтып сендірген.

«Қуғынмен келген сүргінмен кетеді»

«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады». Қожайындары Украинада отырып басқарған әлгі алтын дүкеннің де күні таяпты. Шағым көп түскен. Оның үстіне, ақшасын салғандардың алды бірнеше он миллион теңгесінен айырылса, соңғыларының өзі бірнеше миллион теңгенің басына су құйған. Арыз-шағым қаптап кеткен соң, «В2В Jewelry»-ді тексеру басталады. Қорытынды бойынша, Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті зергерлік дүкеннің атын жамылған қаржы пирамидасының былығын ашты. Тінту кезінде 356 миллион теңге тәркіленген. Дүкеннің Алматыдағы өкілі және бірнеше адам тергеуге алынды. Алтынды белден қазамын деген Гүлжан сияқты қанша адам опық жеді? Бірнешеуі сол күні-ақ әлгі Украинадан келген жігіттің офисіне барып шу шығарды. Көбі шетелден келген қайдағы бір алаяқтарға алданып қалғандарына намыстанып, шындықты әлі жасырып жүр…

Гүлжанның да Алматыға құстай ұшып келе жатқан себебі сол. Ауылдағы атасы мен апасына немерелерін апарып, аунап-қунап қайтпақшы еді, ғаламтордан «алтын алаяқтары» туралы ақпаратты көзі шалып қалсын. Оқыса, өзі бір апта бұрын ғана 10 миллион теңгесін салған «В2В Jewelry»-дің былығы. Сол жерде басы айналып, көзі қарауытып бара жатқандай болған. Есін жиса, балалары қаумалап алыпты. Анадайда қайын атасы мен енесі шырылдап жүр. Қайын інісі дәрігерге қоңырау шалып жатыр. Бұл сонда ғана өзінің есінен танып қалғанын білді. Сол күні дәрігерлер бұған жүйкесін тыныштандыратын бірнеше ине салды. Сонда да 10 миллион теңгенің күйігі жанын жеп бара жатыр. Таң атқанша кірпік қамамай шыққаны содан.

Жол-жөнекей осы бизнеспен алғаш айналыса бастағанда, күйеуінің айтқан «Қуғынмен келген сүргінмен кетеді» деген сөзі құлағына сап ете қалсын. «Менікі табан ет маңдай термен келмеген ақша ғой. Қалай келді, солай кетті. Ол да дұрыс шығар?» деп ойлады. Сол сәт жанын жеп келе жатқан бір мазасыз ой сап тыйылғандай, жан-дүниесі байыз тапқандай күйге ауысты. Бәсе, ол қандай батпан құйрық дейсің?!

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген