Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев пен әнші Төреғали Төреәлінің арасына жік түсті, деп жазады Today.kz НТК арнасына сілтеме жасап.
«Төреғалисыз да менің концертім өткен. Талай-талай концерттерім өткен. Енді, ол жігіттің әкесі екеуінің істеп кеткені қиянаттау болды кішкене. Бір тиын-тебен үшін мені айырбастап кеткені үшін мен емес, менің елім кешірмейтін шығар оны», — деді Алтынбек Қоразбаев.
Сазгердің «Сен болмасаң» атты әнін кеште Қыдырәлі мен Қарақат орындады. Жоспар жүзінде Төреғали мен Мөлдір Әуелбекова шырқауы тиіс еді.
«Енді білмеймін арада не болғанын. Көке маған хабарласты да Қазақконцертке кел деді. Сол кезде Төреғалимен «Сен болмасаң» әнін айтпайтын болдыңдар деді. Төреғалимен сөйлеспегеніме біраз болды. Өйткені ол шет елде қазір… Төреғалиды көрген кезде өзінен сұрайтын боламын. Міндетті түрде», — деді әнші Мөлдір Әуелбекова.
Естеріңізге салайық, Алтынбек Қоразбаев Алматыда «Алтын күзім, армысың» атты жеке кешін өткізген еді.