Бұрыннан алып Алматының аумағы соңғы 20 жылда одан сайын кеңейе түсті. Кезінде облысқа қараған талай ауылдар мегаполистің құрамына кіргізіліп, екі бірдей жаңа аудан қалыптасты. Олар – Алатау мен Наурызбай. Алатау 2008 жылы, Наурызбай 2014 жылы құрылған. Сөйтіп қала адам танымастай болып өзгерді. Орталықта зәулім үйлер көбейді. Одан шеткері аумақтар да қалыс қалып жатқан жоқ.
Жаңадан құрылған аудандарда әлеуметтік мәселелер баршылық. Дегенмен соларды біртіндеп шешудің түрлі жолдары қарастырылған. Әсіресе, Наурызбай ауданын ауыз сумен қамтуға көбірек көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Ақсай өзеніне су тарту және су тазарту станциясы салынып жатыр. Бұл өзен Алматының ең таза су көздерінің бірі саналады. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан аталған ауданды ғана емес, облыстың Қарасай ауданындағы бірқатар ауылдарды да тіршілік нәрімен қамтамасыз ете алады. Тәулігіне 22 мың текше метр су өткізетін бұл станция 150 мыңдай тұрғынның ауыз су мәселесін шешіп беруге қауқарлы болады екен.
Жоба құны – 29,7 миллиард теңге. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, оның құрылысының 80 пайыздан астамы аяқталған. Жұмыс қараша айында бітеді делініп отыр. Межелі мерзімде аяқталса, тұрғындар желтоқсан айында таза, сапалы ауыз су ішуге мүмкіндік алмақ. Әрі аталған нысан іске қосылғаннан кейін онда 70-80 адам жұмыспен қамтылады. Станцияда судың сапасын бақылайтын зертхана да жұмыс істемек.
Бүгінде Наурызбай ауданында құбыр желісін тарту жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы «Ақжар» жобасының екінші кезеңі бойынша 14 шақырым су құбыры мен 12 шақырым кәріз құбыры салынған. 2025 жылы 17 шақырым су құбыры мен 15 шақырым кәріз құбыры төселіп жатыр. Үшінші кезең де қатар атқарылуда. Ол бойынша биыл 3 шақырым инженерлік желі қосылады.
Ал «Қарағайлы» жобасы шеңберінде 2024 жылы 1,6 шақырым су құбыры мен 800 метр кәріз құбыры жасалып бітті. 2025 жылы 2,6 шақырым су құбыры мен 1,3 шақырым кәріз желісі тартылады. Бұл жобаның екінші кезеңіне тиісті құжаттар енді дайындалып жатыр.
Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды шілде айының басында қаланың Наурызбай және Бостандық аудандарындағы су станцияларын аралап көрді. Сол кезде әкім шаһарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар жаңа жобалармен де танысты.
Мысалы, бүгінде Қарағайлы ықшамауданында да су алу және оны дайындау кешенінің құрылысы жүргізілуде. Салынып біткен соң бұл нысан Наурызбай ауданының бір бөлігін сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етпек. Ол тәулігіне 15 мың текше метр су өткізе алады.
Сонымен қатар, Алматының Асқаров көшесіндегі су құбыры желілерін жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Әрі жаңа су сорғы станциясын салу ойда бар. Бұл жобаны қолға алғандар 15 мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен тұрақты қамтамасыз етуді көздейді. Жаңа станцияның құрылысын осы айда бастау жоспарланған.
Әкім Нұр Алатау ықшамауданындағы «Резервтік көл» гидротехникалық нысанының жағдайын да көрді. 300 мың текше метр су жинақтауға қауқарлы болған осы су қоймасы қазір апатты жағдайына байланысты тоқтап тұр. Оны енді күрделі жөндеуден өткізу ойда бар. Онда су тазартатын мембраналық қондырғылар орнатып, сыйымдылығы 6 мың текше метр болатын жаңа су резервуарларын салу көзделген.
Дархан Сатыбалды алып шаһар тұрғындарын таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ету нысандарын оның алдында да қарап шыққан. Ол кезде әкім сөз басында айтылған Ақсай өзеніндегі су станциясына барып, ондағы құрылыс барысымен танысты. Нысанның межелі мерзімде бітірілуі қажеттігіне мән берді.
«Су – өмірдің көзі! Сондықтан мұндай жобалар уақытында аяқталып, барлық стандарттарға сай болуы керек», – деді қала басшысы.
Су дайындау кешені мен су қысымын арттыруға арналған сорғы станциясы Нұрлытау ықшамауданында да салынып жатыр. Жобаның мақсаты – 45 мыңнан астам адамды таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ету. Бұл – Нұр Алатау, Ерменсай, Ремизовка, Ақтөбе және тағы басқа ықшамаудандардың тұрғындары. Сатыбалды оны келесі жылғы жаздың аяғына дейін бітіруді тапсырды.
«Сумен қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Қала өсіп келеді. Сондықтан Алматының ауқымына сай қосымша қуат көздері қажет», – деді ол.
Алматыда Басты су тазарту құрылғылары деген де нысан бар. Ол 1948 жылы салынып, 2015 жылы қайта жаңғыртылған. Қазір ол мегаполис халқының шамамен 20 пайызын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Бұл – Бостандық ауданы және Медеу, Алмалы, Әуезов аудандарының кей бөліктері.
Сонымен қатар, шаһардағы бес ауданға жаңа су желісі тартылуда. Олар – Алатау, Әуезов, Медеу, Наурызбай және Түріксіб аудандары. Бұлардың алдыңғы төртеуіне екі жобадан, соңғысына бір жоба берілген. Осы жобаларды жүзеге асыруға жалпы 9 миллиард теңге бөлінді. Бір айта кетерлігі, бұл қаржы қайтарылған активтердің есебінен алынған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа инфрақұрылым тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың тазалығы мен ауасын жақсартады. Жұмысты жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Осылайша, Алматыда, соның ішінде шеткері аудандарда халықты таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алып шаһардың атқамінерлері бірер жылда ауыз сумен толық қамтыларымызға сенімді. Ал біз соның қатарында шет аумақтардың басқа да әлеуметтік мәселелері шешімін табады деп үміттенеміз.
Оразәлі Баймұрат,
Алматы
Фото: pixbay