Алматылық жігіт құны шамамен 17 миллион теңге болатын көлігімен қызмет көрсету үшін жүргізушілік жұмыс іздеп жүр.
Ол жарнама агенттіктеріне бай азаматтарды өзінің жекеменшік су жаңа Porsche Cayenne машинасымен тасу қызметін ұсынған. Оған қоса, ол тек қана көлік жүргізушісі ғана емес, оққағар қызметін де қатар алып жүруге қауқарлы екенін жеткізген. Темір тұлпарымен қоса, ол қызметі үшін айына 200 мың теңге сұрап отыр. Сонымен бірге, жолға кететін бензиннің де ақысын төлеп беру керектігін айтты.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Алматыдағы жұмыссыздар саны 5,3 пайызды құрайды. Яғни, шаһар тұрғындарының 46 700-і қазір «екі қолға бір күрек таппай» жүр.
Бұл қалалық статистика мамандарының берген есебі. Ал, нақты қанша азаматтың жұмыссыз екенін дөп басып айту қиын.