Бүгін «Горький теннис парк» кешенінде ATP Challenger сериясының теннистен ірі халықаралық турнирінің алғашқы кездесулері өтті. Almaty Challenger турниріне 25 елден келген 100-ге жуық теннисші қатысуда. Олардың ішінде әлем рейтингісінің ТОП-жүздігіне кіретін теннисшілер де бар. Ал ел намысын Александр Недовесов, Тимур Хабибуллин, Роман Хасанов және Денис Евсеев сынды үздік тенисшілер қорғайтын болады.
Диас Досқараев
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан, Алматы теннис Федерациясының өкілдері, «Горький теннис парк» жетекшілері, сонымен қатар, спортшылар мен халықаралық дәрежедегі төрешілер қатысты. Теннистен Қазақстан Федерациясының вице-президенті Диас Досқараев барлығын байрақты бәсекенің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі!
— Біз осымен үшінші рет Алматыда осындай турнирді өткізудеміз, тіпті, қаланың игі дәстүріне де айналып үлгерді. Президент Кубогынан кейінгі ең ауқымды туринирлердің бірі — ATP Challenger. Бүгінгі таңда, елімізде теннис қарқынды дамып келеді. Өткен жылғы нәтижелермен салыстыратын болсақ, турнир екі есе күшейіп, мәртебесі де біршама көтерілді. Бірақ, бұл өз кезегінде бәсекені де күшейтті, біздің спортшыларға оңай болмайды, — деді Диас Досқараев.
Жарыстың жүлде қоры 50 мың долларды құрайды. Ақшалай сыйлықтан бөлек, қатысушылар ATP рейтингтік ұпайларды жинап, деңгейлерін көтеруге мүмкіндік алады.
Қазақстан құрамасының теннисшісі Бейбіт Жукаев «Турнир мен үшін жақсы өтті. Өкінішке орай, керемет ойын үлгісін көрсете алмадым. Осындай айтулы додаға үшінші рет қатысудамын, бұл мен үшін тәжірибие. Ұйымдастыру жағынан барлығы керемет, база да жақсы. Еуропа мен Азиядан келген үздік ойыншылармен бәстесудің өзі үлкен мәртебе. Келешекте, неміс теннисшілермен бақ сынасқым келеді. Олар осы турнирдің үздіктер қатарында», — деп атап өтті.
Бейбіт Жукаев
Еске сала кетсек, теннистен «Almaty Challenger» халықаралық турнирі 16 маусымға дейін жалғасады. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімдері анықталады.