Алматы қаласы Наурызбай ауданында 23 маусымнан бастап азаматтарды қабылдайтын полицияның сервистік орталығы жұмысын бастады. Бұл орталықтар алдағы күндері әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен барлық ауданда ашылады.
Жобаның мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, тұрғындардың сұранысына жедел ден қойып, полиция жұмысының сервистік моделіне көшу. Орталықтарда көші-қон және әкімшілік мәселені шешуге, әйелдердің құқығын қорғауға, ЖКО бойынша кеңес пен құжат рәсімдеуге көмектесу сынды 55 қызмет түрі ұсынылады.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, сервистік орталықтың мақсаты — тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, полиция мен қоғам арасында сенімді қарым-қатынас орнату.
Бұл туралы Салтанат Әзірбек: «Тұтынушыға бағдарланған полиция қызметкерлерін дамыту, сондай-ақ терроризмге қарсы тәуекелдерді азайту мақсатында біз бастапқы кезеңде қылмыстық қудалаумен байланысты емес полицияның барлық функцияларын «Полицияның қызмет көрсету орталықтарына» беруді жөн деп санаймыз. «Полицияның қызмет көрсету орталықтарының» жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін. Ал сағат 20-00-ден 23-00-ге дейін учаскелік полиция инспекторларының азаматтарды қабылдауын ұйымдастыруға болады», — деді.
Қызмет көрсету орталықтары: ресепшн, күту орны, балалар бөлмесі, шағын кітапхана, өзіне-өзі қызмет көрсететін кофе-брейк аймағы, жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Ал қызмет көрсету орталықтарының тиімділігі үшін ІІО қызметінің келесі бағыттары бойынша білікті қызметкерлер жұмыс орындарында тұрақты түрде болады.
Көші-қон заңнамасы саласындағы мамандар: шетел азаматтарын тіркеу және қайта тіркеу, Қазақстаннан тыс жерге кету және келу бойынша қызметтерді көрсету, азаматтық алу, тұрақты тұру үшін құжаттамаларды дайындау және көші-қон заңнамасы саласындағы кеңестердің басқа да түрлерін көрсетеді.
Айта кетейік, жыл сайын көші-қон қызметіне 160 мыңнан астам шетел азаматы жүгінеді, күн сайын аудандық бөлімшелерге 80-ге дейін шетелдіктер келеді.
Әкімшілік заңнама саласындағы мамандар жол-көлік оқиғалары туралы өтініштерді қарайды, кеңес береді. Сондай-ақ лицензиялау-рұқсат беру жүйесі арқылы көлік құралдарын қайта жарақтандыру, әкімшілік айыппұлдарды және автокөлікке қойылған шектеулерді тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайын аталған мәселелер бойынша 80 мыңнан астам адам жүгінеді. Ал аудандық бөлімшелерге күніне орта есеппен 40-50 адам келеді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар кеңес беру, азаматтардың өтініштерін қарау, басқа қызметтермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандармен, отбасы-тұрмыстық қатынастар, қоғамдық қауіпсіздік пен жеке профилактикамен байланысты мәселелерен айналысады. Бұл мәселелер бойынша қаламызда жыл сайын 80 мың азамат келеді, аудандық бөлімшелерге күн сайын орта есеппен 30-40 адам жүгінеді.
«Полицияның қызмет көрсету орталығы күніне 170-200-ге жуық азаматты қабылдайды деп болжап отырмыз. Онда ең алдымен тергеу бөлімшелерінің мамандары кеңес беру, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын түсіндіру, қылмыстық істер бойынша құзыреті шегінде түсініктеме беру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, қызмет көрсету орталықтары әйелдердің құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау, ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға және ІІО-на қызмет етуге қабылдау туралы кеңес беру, медиатор және заң қызметтерін көрсету бойынша кеңесші, психолог маманның қызметтерін ұсынады»,- деді Салтанат Әзірбек.
Қызмет көрсету орталықтарында полиция қызметтерін сапалы көрсету үшін азаматтарды қабылдауды процессуалдық шешім қабылдауға уәкілетті құзыретті қызметкерлер (тергеушілер, жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар, психологтар және т.б.) жүзеге асырады.
Сонымен қатар дерекқорларға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Мысалы, бұрын жіберілген өтініштің қаралу барысын, яғни оны кім, қай кезеңде өңдеп жатқанын және басқа да қызықтыратын сұрақтарды білуге болады. Азаматтың не үшін және не себепті жауапқа тартылғаны туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ нақты уақыт режимінде қызметкер аудандық бөлімдерде орнатылған бейнебақылау камераларынан бейнежазбаны көре алады және жеткізілген немесе ұсталған адамның қайда орналасқанын нақтылайды. Азаматтар полиция қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша толық түсініктеме ала алады. Осы мақсатта Қызмет көрсету орталығының штаттық қызметкерлері барлық құқық қорғау органдарының, дағдарыс орталықтарының, медициналық мекемелердің және төтенше жағдайлар қызметінің кезекші бөлімдерінің байланыс деректері туралы ақпаратқа ие болады.
Қызмет көрсету орталықтары заманауи технологиялармен, басқа мемлекеттік органдармен біріктірілген барлық мәліметтер базасымен жабдықталады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта «Полицияның қызмет көрсету орталықтарын» дамытқанда тергеу, қылмыстық іздестіру, мұрағаттық анықтамаларға апостиль қою және басқа да қызметтердің функционалдығын кеңейтеді деп күтілуде.
Мақпал Махаметқызы
Суреттер: Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі