
Алматы қаласында полиция жеткізу қызметінде жұмыс істейтін курьерлердің жол қозғалысы қағидаларын жүйелі түрде өрескел бұзу фактілерін жариялады. Бейнебақылау камералары мен патрульдік полиция экипаждарының тіркеу құрылғыларына жазылған кадрларда олардың жол қауіпсіздігі талаптарын жиі елемейтіні анық көрінеді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Атап айтқанда курьерлердің тыйым салынған бағдаршам сигналына өтуі, қарсы бағыттағы жолаққа шығуы, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтпеуі, тротуармен қозғалып, авариялық жағдайлар туындатуы және жол-көлік оқиғаларына себеп болуы сияқты құқық бұзушылықтары тіркелген.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жеткізу қызметінде жұмыс істейтін жүргізушілердің бір бөлігі агрегаторлар арқылы тартылған шетел азаматтары болып табылады.
Сонымен қатар кейбір жағдайларда көлік құралдарын тіркеу, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы және міндетті сақтандыру рәсімдеу талаптарының толық сақталмайтыны анықталған. Полиция өкілдері тапсырысты жылдам орындауға деген ұмтылыс жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге себеп болмауы тиіс екенін атап өтті.
— Әрбір мұндай құқық бұзушылық — ықтимал қайғылы жағдайдың алғышарты. Біз асығыстық пен жол қозғалысы қағидаларын елемеу салдарынан жаяу жүргіншілерге, балаларға және өзге де жүргізушілерге нақты қауіп төндіретін жағдайларды тіркеп отырмыз. Қаладағы қауіпсіздік коммерциялық мүдденің құрбаны болмауы тиіс, — деді Алматы қаласы ПД профилактика және үйлестіру жұмысы басқармасының бастығы Жандос Кавлиев.
Бейнематериалдарды жариялау жеткізу қызметтері саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады. Бұған дейін полиция департаментінде ірі агрегаторлар, қадағалау органдары және бейінді қызмет өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өткізіліп, ішкі бақылауды күшейту, қызметкерлердің құжаттарын тексеру және жол қозғалысы қағидаларын сақтау талаптары нақтыланған.
Полиция жеткізу қызметінде жұмыс істеу жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Анықталған барлық құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Полиция аталған санаттағы жол қозғалысына қатысушыларға қатысты бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасып, күшейтілетінін мәлімдеді.
Фото: kolesa.kz