
Алматы қаласы үшін жылу жүйесінің тұрақты жұмысы – қыс маусымындағы қауіпсіздік пен тұрғындардың жайлылығының басты кепілі. Соңғы жылдары қалада жылу инфрақұрылымын жаңарту мен апаттық жағдайлардың алдын алу бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Осы мәселелерге байланысты «Алматы жылу жүйесінің» Бас инженері Қайрат Аманжолұлы Jas Qazaq тілшісіне толыққанды жауап берді.
Қайрат Аманжолұлының айтуынша, Алматыдағы жылу желілерінің жағдайы жыл сайын жүйелі түрде бақылауға алынып, біртіндеп жаңғыртылып жатыр.
«2025 жылдың басында жаңғырту жұмыстары басталғанға дейін жылу желілерінің жалпы тозуы 56,1 пайызды құрады. Бұл — 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға төмен көрсеткіш. Биыл 59 учаскеде ұзындығы шамамен 39 шақырымды құрайтын жылу желілері жаңғыртылды. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымында апаттардың туындау қаупін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді », — деп мәлімдеді ол.
Жүргізілген жаңғырту нәтижесінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі тағы 1,8 пайызға төмендеуі жоспарланған. Мұндай жұмыстар 2026 жылдың басында жалпы тозуды 54,3 пайызға дейін төмендетуге жол ашпақ.
Алматы тұрғындары тарапынан көпқабатты үйлердегі жылуға қатысты шағымдарға қатысты Қайрат Аманжолұлы кеңінен жауап берді. Оның айтуынша, жылу компаниясының міндеті жылу энергиясын үйдің кіреберіс ысырмасына дейін жеткізу болып табылады:
«Алматы жылу жүйесі жылуды көзден тұтынушыға дейін, нақ айтқанда баланстық айыру шекарасына дейін жеткізеді. Яғни тұрғын үйдің ішіндегі жылу жүйесін реттеу Пәтер иелері кооперативі (ПИК) немесе Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құзырында», — деді Қайрат Шағраев.
Маман тұрғын үй ішіндегі жылу сапасының төмендеуі көбіне үйішілік жүйелердің дұрыс дайындалмауына байланысты болатынын түсіндірді:
«Жылытуаралық кезеңде жүйені шаю, тікқұбырлардың бітеліп қалмауы, сондай-ақ 15 жылдан аса пайдаланылған үйлерде күрделі жөндеу жүргізілуі — маңызды факторлар. Егер үй ішіндегі барлық дайындық шаралары толық орындалса, жылумен жабдықтау сапасы да тұрақты болады», — деді ол.
Сонымен қатар Қайрат Аманжолұлы жылу параметрлерінің берілуі сыртқы ауа температурасына сәйкес жүзеге асатынын еске салды:
«Біздің міндет – жылуды нормаларға сай жеткізу. Ал оның әрі қарай дұрыс таралуы тікелей тұрғын үйді басқарушы компаниялардың жұмысына байланысты», — деп нақтылады.
Алматыда жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Тозу деңгейінің төмендеуі, жаңа учаскелердің жаңғыртылуы және апаттық жағдайлардың азаюы – соңғы жылдары атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Қала билігі мен жылу шаруашылығы ұйымдары алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, Алматы тұрғындарына тұрақты әрі сапалы жылу жеткізуді қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Фото: zakon.kz