Алматыда қайыр сұрап жүрген егде жастағы әйел мұндай күйге қалай түскенін айтты.
Қалада қайыр сұрап жүрген әйел арқа сүйейтін ешкімі жоқ екенін, амалы таусылған соң ақша сұрауға мәжбүр болғанын айтады.
“Қайтем енді… Ұлымның жылдығын өткізем деп қарызға кіріп кеттім. Сол қарызымды жапсам, отырмаймын бүйтіп. Үйде от жағам ғой, көмір 25 мың боп кетті, ал пенсиям 23 мың. Өйткені жұмыс істемегем. Күйеуім баяғыда қайтыс болған. Жалғыз қалдым. Тек көмір жанымды қинап барады, ал тамақтың керегі жоқ, бір нан жауып алсам, сол жетіп жатыр қыстан шыққанға.
Фотоға түсірме! Интернетке саласың ба? Керегі жоқ! Ұят болады! Ертең көршілерім көрсе мазақ қылады “неге шулатып қаңғып жүрсің” дейді. Қызылордадағы туыстарым көрсе ұят. “Алматыға көшіп, тозып кетіпті” деп айтады. Мешіттен көмір сұрап ем, бермеді. “Өзіміздің қарызымыз бар” дейді. Осында азын-аулақ тиын-тебен жинасам, күніне 2 мыңдай, аяз түскенше көмірге құрап алармын…”, – дейді әжей.
Желі қолданушылары бұл әжейді қайдан табуға болатынын сұрауда. Оған жұмыла көмектесетінін де айтқан қайырымды жандар да табылып жатыр.