Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы ауа сапасын жақсартуға арналған жоспарды ортаға салды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Әкім Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуде 2025-2027 жылдарға арналған бағдарлама әзірленгенін айтты. Соған сәйкес, өнеркәсіп шығарындыларын азайту, көлік секторын реттеу есебінен елеулі нәтижеге қол жеткізуге болады.
Алматыда ірі мегаполистердің үлгісі бойынша автотұрақ құнын арттыру, сондай-ақ шығарындылары төмен аймақтарды (Low-emission zone) құру жоспарлануда. Бұл мәселе қоғамдық кеңес пен мәслихаттың талқылауына ұсынылады. Қазіргі экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін автокөлік үшін мұндай аймақтарға кіру ақылы болады деп болжануда. Алайда, электромобильдер мен экологиялық таза көлік иелеріне шектеулер әсер етпейді.
Ерболат Досаев: «Маған ылғи да Нью-Йорк туралы айтады. Онда Манхэттеннің жоғары және төменгі жағында трафик азайды. Себебі төлем енгізілген. Бірақ Нью-Йорк оған ұзақ жылдар дайындалды. Ал біз 2026 жылдың соңына дейін көлік құрылымының негізі салынса, 2027 жылдан бастап шектеу енгіземіз деп отырмыз. Айталық, мәшине Алматыда тіркелген, бірақ белгілі бір аумақтарға, мәселен, Шығыс айналма жолымен ақылы түрде өтеді. Электромобиль немесе жаңа көлік иелері тегін жүреді», — деді.
Шаһар басшысы қалада мобилділікті жақсарту үшін жерасты және жерүсті жедел қоғамдық көлікті дамытудың, сондай-ақ көлік ауысып отыру тораптарын салудың маңыздылығын атап өтті.
JQ-Aqparat
Фото: tengrinews.kz