Алматыда жат діни ағымға шырмалған студенттің өмірі баяндалған қойылым көрсетіліп жатыр. «Өнер қырандары» театры сахналаған жастар тақырыбындағы «Заман-ай 2» спектаклі 24-25 қазан күндері қойылады, оны 7,5 мың студент тамашалайды деп жоспарланған. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында екі күн қатарынан, 24-25 қазан күндері 7,5 мыңға жуық студент қамтылған аудиторияға діни теріс ағым туралы қойылым көрсетіліп жатыр. Шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Өнер қырандары» театры өткізіп жатыр.
Сахналандырылған қойлым жастар арасында діни теріс ағым идеяларының таралмауына арналған. «Заман-ай 2» қойылымын көруге мегаполистегі жоғарғы оқу орындары, колледж студенттері, діни медреселер, «Нұр Мүбәрәк» діни оқу орны шәкірттері шақырылған.
«Біз екі күнде 7,5 мыңға жуық жастарға қойылымды көрсетеміз деп отырмыз. 24 қазан күні 3 қойылым, 25 қазанда 2 қойылым қойылады. «Заман-ай» қойылымы былтыр да өткен. Жұрт жақсы қабылдағандықтан биыл да ұйымдастырып отырмыз. Деструктивті жат діни ағымдардың ықпалына түсудің алдын алу — негізгі мақсатымыз», — деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың Діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Ерғали Көшекей.
Ерлан Көшекейдің айтуынша, қойылым арқылы жастар арасындағы теріс діни ағымның алдын алуға болады.
«Сахнада деструктивті жат діни ағымға шырмалған жас адамның тағдыры көрсетілген. Жат діни ағымға еріп кеткендер дәстүрімізді теріске шығарады, сурет салу — харам, ата-бабамыздың жолы дұрыс емес, музыка тыңдау — харам дейді.Осыны жастарға түсіндіру қажет», — деді ол.
«Заман-ай 2» сахналанған қойылымында шетелдік телесериалдардың бала тәрбиесіне теріс ықпалы мен әлеуметтік желілер тақырыбы да қамтылған.
Қойылымды тамашалаған Ерке есімді студент жастар арасында ондай жастардың бар екенін айтты.
«Қоғамда теріс ағымға шырмалғандар бар екені жасырын емес. Мен өзім Есік қаласында тұрамын. Мен жол-жөнекей сақал өсіріп алған жастарды көп көремін. Бірақ олармен өзім сөйлескен емеспін. Бүгінгі қойылымда сол мәселені жақсы көрсетті», — деді студент.
Жастар діни білімді интернеттен іздемеу қажет деп есептейтінін айтты.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша соттың шешімімен «экстермистік» деп танылған 21 ұйым бар.