Алматы қаласы Алмалы ауданында тұрғындардың белсенділігімен бұрынғы қаңыраған бос аула заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістікке айналуда. Мәселен, Тілендиев көшесіндегі «Жаңа буын аулалары» жобасы — қаланың урбанистикалық қағидаттарына сай жоспарланып, тұрғындардың тілегі және қатысуымен жүзеге асырылып жатқан игі бастама.
«Аула мүлдем адам шошырлық күйде еді. Біз өтініш бердік, қазір бізге тамаша аула жасап жатыр. Онда балалар алаңы, орындықтар, ата-аналар мен аналарға арналған әткеншектер, сондай-ақ жасөспірімдерге арналған воркаут-алаң болады. Бұрын бос қурай мен қоқыс жатқан жердің сиқы сұмдық еді. Қазір ол жерде автотұрақ бар, бәрін қоршаумен жауып, жаңа қоршау орнатты, артық бұталарды орып, ағаштарды қиды. Қазір әдемі парктеріміз бар. Ауламыз мүлде жаңаша кейіпке енуде. Мен осы жерде 30 жыл тұрамын, мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Ең жақсысы — өзіміз бағдарламаларды таңдап, қатысып, ауламызда көргіміз келетін жобаларды еркін таңдауға мүмкіндік бар», – дейді қала тұрғыны Елена Лысенкова.
Тілендиев көшесіндегі жобаның басты ерекшелігі — тұрғындардың өздері ұсынған идеялар мен қажеттіліктері ескеріліп, жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы қаржыландырылуы. 2023 жылы осы ауданның тұрғыны Елена Пушкова аудан әкімдігіне хабарласып, ауланы бағдарламаға енгізуді ұсынған. Бұған дейін 2015 жылы бір рет жөндеу жүргізілгенімен, ол тек үстірт жұмыстармен шектеліп, айтарлықтай нәтиже бермеген. Елена Пушкованың бастамасы тұрғындардың қолдауына ие болып, дауыс беру нәтижесінде жоба жеңімпаз атанды.
«Біздің тұрғындар — өте белсенді, ұйымшыл. Барлығымыз бұл идеяны қолдадық. Бұрын мұнда бос жатқан үлкен алаң болатын. Ол арам шөпке толып, қоқыс жиналатын. Балалар алаңы да тарлық ететін. Сондықтан өзгеріс керек деп шештік. «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысып, жеңіске жеттік. Қазір бәрі жақсы, бәрі әдемі болып келе жатыр», – дейді жобаның авторы Елена Пушкова.
Аумақ толық тазартылып, ескі-құсқы, тозған құрылымдар алынып тасталды. Аула толықтай асфальтталып, инженерлік желілер жүргізілді. Архитектуралық-жоспарлау шешімдері тұрғындардың ұсынысымен жасалды. Онда ауланың логистикасы, маңайдағы абаттандырылған аймақтар, жер бедері мен әртүрлі жастағы тұрғындардың қажеттілігі есепке алынған.
Балалар алаңы қауіпсіз жабынмен жабдықталып, түрлі ойын элементтерімен қамтылады. Мұнда көрші сектордағы балалар да ойнай алады. Жасөспірімдерге арналған воркаут алаңы салынып жатыр. Ересектер үшін 12 метрлік ағаш пергола қойылып, көлеңкелі демалыс орны жасалады.
Автотұрақ та қарастырылған – бұрын арамшөп басып жатқан, көліктер бейберекет қойылатын жер енді 30 көлікке арналған арнайы тұраққа айналмақ. Бұл жобаға аудан бюджетінен 83,8 миллион теңге бөлініпті.
Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің айтуынша, жоба тек абаттандыру емес, толыққанды қоғамдық кеңістік құруға бағытталған.
«Аумақ үлкен – 50 сотық. Бұрын тек шағын бөлігі ғана пайдаланылатын. Ескі гараждар болды, көлік те көп еді, арам шөп басып жататын. Енді 30 көлікке арналған арнайы автотұрақ болады. Белсенді аймақ, воркаут аймағы салынады. Қалқа орнатылады, тұрғындар спортпен айналысуы үшін. Оңаша отырып, сөйлескісі келетін тұрғындарға арнайы орындар болады. 5 шағын архитектуралық формадан тұратын балалар алаңы болады. Барлық жерде автосуару жүйесі тартылады, 150 бұта егіледі. Бір ай, бір жарым ай ішінде бұл жер әлі де әдемі болып кетеді», – деді Арман Шамшин.
Кешенді көгалдандыру жоспарына сәйкес, ағаштар мен бұталар үйлесімді отырғызылады. Автоматты суару жүйесі енгізіледі. «Қауіпсіз аула» тұжырымдамасы аясында жарықтандыру орнатылып, бейнебақылау камералары қойылмақ.
Бұл бастама – тұрғындардың өз аулаларын жайлы әрі қауіпсіз етуге деген шынайы талпынысының нәтижесі. Айта кету керек, Алматы әкімдігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы осындай ұсыныстарды қолдап келеді.
Жалпы тұрғындарға жайлы орта құру міндетін орындау мақсатында Алмалы ауданындағы аула, көше, саябақ пен скверлер күнде тазаланады. Арман Шамшиннің мәліметінше, бұл жұмысқа 700-ден астам жұмысшы мен 230 арнаулы техника тартылған. Аула аумақтары да қала қызметінің бақылауында. Ауданда барлығы 425 аула бар, олардың жалпы ауданы 3 миллион шаршы метр. Аула тазалығымен бес мердігер ұйым айналысады, жұмысқа 325 аула қызметкері мен 45 арнаулы техника тартылған. Сонымен қатар, 2025 жылы аула тазалауға арналған автопаркті тағы 9 арнайы техникамен толықтыру жоспарланған.
Олжас Әбдіхалық
Суреттерді түсірген автор