jasqazaq.kz

Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында

Бүгін, 11:51

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында:  «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», — деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы оңтүстік астанада қалай жүзеге асып жатыр?

Алматы сияқты алып шаһарды сумен қамтамасыз ету оңайға соқпайды. Қалаға жаңа аудандар қосылғаннан бері бұл міндет тіпті де күрделене түсті. Сондықтан сумен жабдықтау бағытында біраз жоба қолға алынып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Оның ішінде үлкенді-кішілі көшелерде су және кәріз құбырларын салу мен жаңғыртуға айрықша маңыз беріледі. Қала бойынша құбырлардың 70 пайызы тозғаны есепке алынып, жаңғырту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі.

Мәселен, биыл «Достық» шағын ауданында 800 үйге арналған 15,7 шақырым су және кәріз желісі салынып жатыр. Бүгінгі күні бір шақырым су құбыры мен 8,5 шақырым кәріз құбыры төселген. Жоспарға сай, жұмыс қазан аяғының соңында аяқталуы тиіс.

Алмалы ауданында Жамбыл-Жароков-Айманов-Қабанбай батыр көшелері аумағында ескі жылу құбырларын жаңарту жұмыстары аяқталып қалды.

Бостандық ауданындағы Мыңбаев көшесінде 3 шақырым су құбырын ауыстырып, 33 құдық орнату көзделген.

Жетісу ауданындағы Герцен көшесінде — Рысқұловтан Вильямс көшесіне  дейін 1,9 шақырымға созылған су құбыры желісі қайта төселіп жатыр. Қазіргі таңда 560 метрде топырақ қазылып, 456 метр құбыр төселді, 420 метрде кері толтыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ диаметрі 630 мм болатын 12 тармақ құбыр орнатылып, 8 темірбетон құрылғысы қойылды.  Мердігер жұмыс біткеннен кейін 1 900 шаршы метр аумаққа асфальт төсеуге міндеттелді. Айта кеткен жөн, әкім тапсырмасымен жұмыс жеделдетіліп, Жетісу ауданының тұрғындары жылыту маусымының басында суға қол жеткізуі тиіс.

Наурызбай ауданында да құбыр тарту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл 17 шақырым су құбыры мен 15 шақырым кәріз құбыры төселеді.

Наурызбай ауданы демекші, қалаға қосылғанына онша көп болмаған бұл ауданның біраз бөлігі ауыз судың зардабын тартып келді. Осыны ескеріп, екі жыл бұрын Ақсай өзеніне су тарту және су тазарту станциясының құрылысы басталған болатын.  Бұл станция кейін Наурызбай ауданын ғана емес, Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы бірнеше елді мекенді ауыз сумен қамти алады. Бүгінге дейін мұндағы құрылыстың 80 пайыздан астамы аяқталған. Жоспар бойынша, келесі жылы іске қосылуы тиіс.

Сондай-ақ әкімдік мәліметінше, кәріз жүйесі бойынша ірі жоба – Батыс коллекторын салу жұмысы аяқталуға жақын. Ұзындығы 34,9 шақырымға созылатын коллекторға 150 мыңнан астам үй қосылғанна кейін санитарлық ахуал жақсарып, су басу қаупі азаяды.

Жалпы шаһарда биыл 37 шақырым жылу желісі жаңғыртылып, 17 қазандық қайта жаңғыртылды. Бұл үйлерді жылу мен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кеткен жөн, қалада жаңғыртылып, қайта құрылып жатқан су және кәріз желісінің құрылысын әкімдік өз бақылауында ұстап отыр. Шаһар басшысы әр нысанға барып, жұмыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын талап етуде.

Су мәселесін шешуде тағы бір жағымды жаңалық бар. Жуырда су тазарту саласында маманданған америкалық World Water Works компаниясының басшылығы Алматыға арнайы келіп, әкіммен кездесті. Кездесуде қаладағы су бұру-кәріз жүйесін тазартуға арналған бірлескен жоба талқыланды.
Дархан Сатыбалды су бұру жүйесін жаңағырту күн тәртібіндегі мәселенің бірі екенін айта келе: «Бұл жоба экологиямен, қала тұрғындарының өмір сүру сапасымен және мегаполистің тұрақты дамуымен тығыз байланысты», — деп атап көрсетті.

World Water Works президенті Амареш Конаманенидің айтуынша, компания АҚШ, Канада, Азия және Таяу Шығыс елдерінде жұмысын жүргізіп отыр. Орталық Азия нарығына шығуды көздеген компания таңдауы енді Алматыға түсіпті.

Талап Тілеген

Фото: Алматы әкімдігі

Бүгін, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды