jasqazaq.kz

Алматы облысының тұрғындары «Келешек» жүйесіне қызығушылық танытуда

22 мамыр, 14:16

Осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бес жастан асқан балаларға бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді жүктеген еді. «Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйелі емес. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деген Президент ілкімді бастаманың игілігі келер ұрпақ үшін екенін ескертті.

Бірыңғай жинақтау бағдарламасы ең алдымен халықтың қаржылық сауаттылығын нығайтуға да септігін тигізеді. Одан бұрын елде жыл сайын демографиялық ахуал жақсарып, бала туу көрсеткіші де жақсарып отыр. Демек, бүгінгі өмірге келген нәресте бірнеше жылдан кейін мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түсерде «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіндегі қаржысын алуына еркін жұмсай алады.

Жалпы «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесінің артықшылығы – бастапқы капитал мемлекет қаржысы есебінен салынады. Мысалы бес жастан асып, алты жасқа толмаған әр балаға жинақтау жүйесінен арнайы есепшот ашылса, мемлекеттің есебінен 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (235 920 теңге) алғашқы капитал қаржысы құйылады. Бұдан кейін әр ата-ана өзінің қалауына қарай ай сайын, болмаса жылына бір мәрте қанша қаржы салуға мүмкіндігі келеді, ерікті жарнасын салып отырады. Одан бөлек жыл сайын мемлекеттік сыйақының және инвестициялық табыстың есебінен 5-7 пайыз көлемінде қаражат аударылып отырады. Егер әр баланың есепшотына ай сайын 3 932 теңге ең төменгі жарна құйылып отырса, 18 жасқа толғанда 3,4 млн теңге көлемінде қаражат жиналады.

Биылғы жылдың басында іске қосылған «Келешек» бағдарламасына Алматы облысының тұрғындары қызығушылық таныта бастады.

Елнұр Қуатбекқызы, Алматы облысы Іле ауданы, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

«Біз балаларымыздың келешегі үшін осы бағдарлама негізінде есепшот ашып, қаржы жинауды қолға алдық. Жолдасым мейрамханада әкімші болып жұмыс істейді, ал өзім колледжде ұстаздық етемін. Айлық еңбекақымыздың белгілі бір мөлшерін «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне аударып отырмыз. Сонда балаларымыз кейін өздері қалаған оқу орнында білім аламын десе, қажетті қаржыдан қысылмайды. Өзінің болашағына деп жиналған қаражатты жұмсайды. Жинақтау шартының ең төменгі шегі ай сайын 1 АЕК болса, біз мүмкіндігінше одан көбірек салуға тырысамыз, себебі қомақты қаражат жиналса, өзіне жақсы».

Бұл жинақтың тағы бір артықшылығы – әлеуметтік осал топтарын қолдаудың да ілкімді шарасы саналады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығына зәрі балалардың да келешегіне капитал болады. Сонымен қатар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жиналған қаржыны да осы «Келешекпен» біріктіріп, оқу ақысын төлеуге болады.

Досым Ақмолдаев, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

«Біздің төрт баламыз бар. Екі қызымыз 6 жастан асып кеткендіктен «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесінен есепшот ашып үлгермедік. Үшінші баламыз бестен асқанда аштық, қазір ай сайын ақша салып жүрміз. Өзім қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Жұбайым бағалы бұйымдар дүкенінде сатушы. Бұған дейін де қаржы жинап, баспаналы болдық. Үнемдей білген адамға, қаржылық сауаты жоғары жандарға ақша жинауға болады. Аңғарғаным, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әр баланың жоғары білім алуына серпін беретін ілкімді жоба екеніне көзіміз жетті. Кенжеміз үш жаста, беске толғанда оның да атына есепшот ашып, қаржы жинауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның тағы бір тиімділігі, баламыз 18 жасқа толғанда жоғары оқу орнына грантқа түссе, онда пәтер алуға жұмсай алады».

«Келешек» бағдарламасының мақсаты – бірнеше табыс көзінен жиналған (ата-аналардың жинағы, сақтандыру компаниясы, үкімет) қаражатты бір жинақ жүйесіне біріктіру арқылы жоғары білімге қол жеткізу. Мемлекеттен берілетін бастапқы білім беру капиталының сомасы да қомақты. 60-120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы жарна құйылады. Одан кейін ата-ана баласы 18 жасқа толғанша өзі қосымша салып отырады. Бұдан бөлек, сақтандыру компаниясының инвестициялық кірісі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан түсетін қаражат, мемлекеттік сыйақыдан есепшот ашылған әр бала үшін 5 пайыз және әлеуметтік осал тобына жататын балаларға 7 пайыз беріледі.

«Келешек» жүйесіне қатысушы ата-ана бағдарлама бойынша келісімшартын рәсімдеп, төлемін жасап жүріп өмірден озса немесе 1-2 топтағы мүгедек жағдайына ұшырап, табысынан айырылса, сақтандыру компаниясы бұл міндеттемені өз мойнына алады. Ата-анасының баласын оқыту үшін жинауды жоспарлаған соманы компания баланың таңдаған университетіне өзі төлейді.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы 1 сәуірдегі есеп бойынша Алматы облысының халқы 1 миллион 568 мың 800 адамға жеткен. Оның ішінде қала халқының үлесі — 19,4%, ал ауыл тұрғындары — 80,6%. Халықтың табиғи өсімі де қалыпты. «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіне қалалықтар да, шалғайдағы ауыл тұрғындары да қатысып, 5 жастан асқан баласының несібесін жинауына мүмкіндігі мол. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан қызығушылық бар.

Қуаныш Разақ,
Алматы облысы

Бүгін, 10:55
Түркістан: өңірде жаңа зауыт пен кәсіпорындар салынады
22 мамыр, 15:35
Түркістан: Шетелдік компаниялар өңірдің экономикалық әлеуетіне көз жеткізді
22 мамыр, 15:05
Түркістан: Жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды
22 мамыр, 14:16
Алматы облысының тұрғындары «Келешек» жүйесіне қызығушылық танытуда
22 мамыр, 14:06
Түркістан: 216 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі
21 мамыр, 15:51
 Рухани құндылық: Түркістанда оқушылар «Едіге» жырын жатқа айтты
21 мамыр, 14:46
Ордабек Жәмиев: Қоғамдағы инклюзия – мақсатты шешімдердің нәтижесі
21 мамыр, 12:32
Түркістан: Инклюзивті қоғамдағы шексіз мүмкіндік
20 мамыр, 15:05
Түркістан: Ауыл шаруашылығы - экономикалық өсімнің басты көрсеткіші