jasqazaq.kz

Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек

Бүгін, 14:58

Алматы қаласы Алатау ауданында 200 адамды бір ауысымда қабылдай алатын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқын алып келеді. Жоба халықтың тығыз орналасқан аймағында сапалы және қолжетімді алғашқы медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл — тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік инвестиция.

Алатау ауданының медициналық бірлестігі координаторы Ақмира Садықованың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік нормативтерге сәйкес, белгілі бір аймақтағы халық санына қарай медициналық мекеме түрлері белгіленеді.

— «Мәселен, егер халық саны 30 мыңнан асса – қалалық емхана, 10 мыңнан 30 мыңға дейін болса – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, ал 10 мыңға жетпесе – отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылуы қажет. Қазіргі таңда Саялы-1 және Саялы-2 шағынаудандарында 8573 адам тіркеліп, аудандық емханаларда қызмет алып отыр. Осыған байланысты, дәл осы ауданда отбасылық дәрігерлік амбулатория ашу — толығымен заңға сай әрі қажетті жоба», — деді Ақмира Садықова.

2018 жылдан бастап бой көтерген Саялы шағынауданының тұрғындары бүгінде 22 және 29-қалалық емханаларға барып, медициналық көмек алуға мәжбүр. Жеке сектор тұрғындары Шаңырақтағы 22-емханаға 2,3 шақырым жол жүрсе, көпқабатты үйлерде тұратындар 29-емханаға бару үшін 5,2 шақырым жүреді.

— «Бұл – әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін қолайсыздық тудырады. Сондықтан жаңа емхана – халық үшін үлкен жеңілдік. Енді тұрғындар өз үйлерінің жанында-ақ дәрігерге қарала алады», — дейді Ақмира Садықова.
Жобаның жалпы құны — 2,1 миллиард теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың желтоқсанында басталған. Құрылысты аяқтау және нысанды толық пайдалануға беру мерзімі — 2025 жылдың тамызы деп шегеленген.
«Отау-Құрмет» ЖШС ресми өкілі Данияр Аманбековтің айтуынша, компания осы жоба аясында бетондау, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

 

— «Жобаның жалпы құны – 2 122 099 289 теңге. Соның ішінде біздің компанияға тиесілі сома – 681 миллион теңге. Біз бетон жұмыстарының 5%-ын, ішкі әрлеудің 20%-ын, абаттандырудың 25%-ын және ішкі инженерлік желілердің 15%-ын орындаймыз», — деді Данияр Аманбеков.
Құрылыс жұмыстары бір емес, бірнеше компанияның бірлескен күшімен жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «SHEBERBUILD» ЖШС. Бұл компания қазіргі таңда котлован қазу, сыртқы инженерлік желілерді тарту мен негізгі құрылымдық жұмыстардың басым бөлігін аяқтап үлгерген. Қасбеттік әрлеу – 60%, витраждар мен терезелерді орнату – 90% деңгейінде орындалған.

Екі қабатты, жалпы ауданы 1197 шаршы метрді құрайтын бұл амбулатория жер телімінің 0,58 гектарына орналасқан.

Бұдан бөлек, аудандық медициналық бірлестік координаторы Ақмира Садықованың айтуынша, жаңа емханада стоматолог-хирург, отоларинголог, офтальмолог, УЗИ, ЭКГ кабинеттері, терапевттер мен балалар дәрігерлері қызмет көрсететін болады.

— «Емханада 24 учаскелік дәрігер, 32 медбике, 10 техникалық қызметкер және 4 әкімшілік қызметкер, жалпы саны 100-ге тарта маман жұмыс істейді деп жоспарланған. Бұл – сапалы және жылдам медициналық қызмет көрсетуге толықтай жеткілікті штат. Мамандарымыз жеткілікті. 10 дәрігерге арнайы жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», — деді ол.

 

Ақмира Садықова бұл мекеменің көпфункциялы болатынын айтады:

— «Жалпы практика дәрігерлері, педиатриялық бөлімдер, массаж және жаңа туған нәрестелерге арналған бөлмелер болады. Сонымен қатар хирургиялық, стоматологиялық, физиотерапевтік кабинеттер де қарастырылған. Бұл – тек емдеу емес, профилактикалық, яғни алдын алу бағытындағы жұмысқа да үлкен мән берілетін емхана болады», — деді ол.

Қазір құрылыс жанданып, тұрғындардың сұранысына жауап беретін толыққанды медициналық мекеме ретінде бой көтеріп жатыр. Қала әкімдігі нысанды тамыз айының аяғында қабылдап алатындығына сенімді. Алатау ауданы әкімі Талғат Малыбаев одан кейінгі бюрократиялық мәселелерді барынша тездетіп, алматылықтарға отбасылық емханадан сапалы көмек алуға мүмкіндік сыйлайтынын жеткізді. Барлық талаптарға сай болған соң, жаңа ғимарат қыркүйек айының соңына қарай халыққа пайдалануға берілмек.

Олжас Әбдіхалық

 

Бүгін, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Бүгін, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
Бүгін, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
Бүгін, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
24 маусым, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
24 маусым, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті
24 маусым, 14:07
Түркістан: Масылдыққа жол бермеудің жолы – жұмыспен қамту
24 маусым, 14:02
Түркістан: Ауыл мектептері жаңғыртылып жатыр