informburo.kz
Алматыда тұрғын санының өсуіне қарай инфрақұрылымға жүктеменің артуы, сондай-ақ табиғи тозу су-кәріз құбырларын жаңарту қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Қаланың энергетика және сумен жабдықтау басқармасы осы мәселені шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.
Jas Qazaq тілшісі Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшы орынбасары Қосай Сандыбаевпен сұхбаттасып, Алматының су жүйесі қалай жаңғыртылып жатқанын, қандай мәселелер барын және болашақта қандай өзгерістер күтілетінін сұрап білді.
— Қосай Бақтиярұлы, Алматының инфрақұрылымдық жүйесі жыл өткен сайын ескіріп, тұрғындар үшін қолайсыздық туғызуда. Осы мәселелерді шешу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Иә, дұрыс айтасыз. Алматы – халық саны жыл сайын артып келе жатқан мегаполис. Бұл су, электр және жылу инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіріп отыр. Оның үстіне, инженерлік желілердің басым бөлігі ондаған жыл бұрын салынғандықтан, табиғи тозу процесі жүріп жатыр. Қазіргі таңда біз осы мәселені шешу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Мысалы, 2023 жылдан бері Алматыда 117 км жаңа су және кәріз желілері салынды. Сонымен қатар, 46 км су құбыры мен 96 км кәріз желісі қайта жаңартылды. Бұл – жүйелі түрде жүзеге асып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.
— Биыл қандай жобалар қолға алынды?
— 2024 жылдың екінші тоқсанынан бастап, 9 ірі жоба аясында 48 км жаңа су құбыры желісін тарту жұмыстары басталды. Бұл жоба Түрксіб, Әуезов, Медеу және Бостандық аудандарындағы 15 көшені қамтиды. Біз мұнда заманауи, жоғары қысымға төтеп бере алатын материалдардан жасалған құбырларды орнатудамыз.
— Алматыдағы ескі құбырлардың жағдайы қалай? Олар қашан толық ауыстырылады?
— Қаланың кейбір аудандарында су желілерінің 50 пайыздан астамы ескірген. Кейбір құбырлар 30-40 жыл бұрын салынған, тіпті 50 жылдан асқан жүйелер де бар. Мұндай құбырлар коррозияға ұшырап, жарылуға бейім келеді. Бұл өз кезегінде су шығынына және экологиялық мәселелерге әкеледі.
Open Almaty
Мәселен, кейбір деректер бойынша, Алматыда тазартылған судың 20%-ы құбыр жүйелеріндегі ақаулар салдарынан жерге сіңіп кетеді. Сондықтан біз бұл мәселені шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз:
Бірінші бағыт: Құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыру. Ескі құбырларды жаңа, төзімді материалдарға алмастыру.
Екінші бағыт: Заманауи технологияларды енгізу. Су шығынын азайту үшін смарт-бақылау жүйелерін орнату.
Үшінші бағыт: Халық арасында ақпараттық жұмыстар жүргізу. Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру.
— Қалада электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту қалай жүріп жатыр?
— Электр жүйесінің тұрақтылығы сумен және жылумен жабдықтаудың сенімділігі үшін маңызды. 2023 жылы Алматыда 120 км-ден астам электр желісі жаңартылып, 32 трансформаторлық қосалқы станция қайта жөндеуден өтті.
Қазіргі уақытта «Алматы қаласының электр желілерін дамытудың 2030 жылға дейінгі схемасы» әзірленіп жатыр. Бұл жоба 2040 жылға дейінгі болашақты қамтып, қаланың электр инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
— Ал жылу жүйесін жаңарту жұмыстары қандай деңгейде?
— Қаладағы жылу желілерінің тозуы 57,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш азайып келеді, бірақ әлі де жоғары. 2023 жылы «Алматы жылу желілері» ЖШС ұзындығы 7,8 км болатын 11 нысанның жылу желілерін жаңартты. Алдағы жылдары бұл жұмыстар жалғасады.
Біздің басты мақсатымыз – 2030 жылға қарай жылу инфрақұрылымының 90 пайызға жаңарту. Егер осы жоспарды толық жүзеге асырсақ, қыс мезгіліндегі жылу жоғалту деңгейін минимумға жеткізіп, төтенше жағдайлардың алдын аламыз.
— Жалпы инфрақұрылымды толық жаңарту қашан аяқталуы мүмкін?
— Бұл — күрделі әрі ауқымды процесс. Су, электр және жылу желілерін толық жаңғырту 2025-2030 жылдары айқын сезіле бастайды. Осы уақытқа дейін біз негізгі магистральдік желілерді ауыстырып, жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз.
Алматыны инфрақұрылымы тұрақты, сумен жабдықтауы сенімді мегаполиске айналдыру – біздің басты міндетіміз. Сондықтан алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Олжас Әбдіхалық,
Алматы