jasqazaq.kz

Алмат Қодасбаев, кардиохирург: Денсаулықтың құнды екенін бала жастан түсіндіру керек

29 мамыр 2023, 13:18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында медицина саласындағы түйткілді мәселелерді оңынан шешіп, халық денсаулығын жақсартып, салауаттылықты нығайтуды нықтап тапсырады. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобалардың бірі «Дені сау ұлт» та осы саланы өрістеуге серпін беру мақсатында жүзеге асырылып келеді. Денсаулық саласындағы қордаланған мәселелердің оңынан шешілуіне өзіндік үлесін қосып, науқастарды емдеуде аянбай еңбек етіп жүрген белгілі кардиохируг, Алматы қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаевпен сұхбатымыз ұлт саулығы турасында өрбіді.

– Алмат Тұрысбекұлы, Алматы қаласында қан тамыры ауруларын емдейтін хирургтардың съезі туралы кеңінен айтып берсеңіз. Қай жылдан бері өткізіліп келеді, бұл жолғы жиында қандай мәселелер талқыланды?

— Қазақстан қан тамыры қоғамының құрылғанына он жылдай болып қалды. Осы жолы төртінші съезд өтті. Әрбір съезд екі жылда бір рет болуы керек еді. Коронавирус кезіндегі тыйым салу, шектеулерге байланысты тоқтап, екі съездің арасы төрт жылға созылып кетті. Бір жағынан қоғамның мерейтойына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл халықаралық деңгейдегі үлкен қоғам дейміз бе, қауымдастық дейміз бе, медицина саласы, оның ішінде қан тамыр ауруларының мәселесін көтеретін іргелі ұйым деп айтуға болады. Қан тамыры қоғамының құрылғанынан он жыл толуына байланысты ағылшын, латын әріптерімен таңбасы жасап шығарылды. Өз белгіміздің таңбасын басып, қоғамның он жылдығын атап өттік. Бұл жолғы съезде де қан тамырлары хирургиясындағы өзекті мәселелер көтерілді. Қан тамыры ауруларын робототехникадан бастап жасушалармен емдейтін клеткалық терапия мәселелері осы съезде қамтылды.
Қатысушылардың дені еліміздің азаматтары, бас-аяғы 280-ге жуық адам қатысты. Балтық жағалауы мемлекеттерінен, Польшадан, Өзбекстаннан, Ресейдің бірнеше қалаларынан келді. Онлайн режимде Жапониядан өзіміздің бауырымыз, үлкен бір клиниканың бөлім меңгерушісі қан тамырларын емдеуге қатысты маңызды ақпаратымен, инновациялық жаңалығымен бөлісті. Жасуша клеткаларын пайдалану тақырыбына жауап берді.


Қазақстандағы қан тамырлары дәрігерлерінің жетістігін және де болашақтағы өзіміздің жоспарларымызды қамти кеттік. Негізгі ұйымдастырушы — Қазақстан қан тамырлары қоғамының төрағасы, профессор Тоқан Сұлтаналиев. Сол кісінің ұйымдастырумен съезд биыл да жоғары деңгейде өтті.
Адамның денесінің қай жерінде де тамыр бар. Қан тамыры аурулары, өкінішке қарай, соңғы жылдары көбейіп барады. Қазіргі кезде варикоз, қан тамырларының кеңеюі, туа біткен қан тамырларының ауытқуы бар гемангиома, ангетезфлозия деген аурулар кең тарады.
Ми қан тамырлары уақыт талғамайды. Қазір де өршіп бара жатыр. Біз бұған күнделікті жұмыс барысында көз жеткізіп отырмыз. Аяқ астынан болған инсульттан кейін адамдарды жоғалтамыз. Жүрек қан тамыры ауруларына шалдыққан 30-35 жастағы науқастарды күнделікті көріп жүрміз. Күндіз-түні отырып жұмыс істейтін жастар көбейіп кетті. Жұмыс пен демалыс арасын ажырата алмай, көп күш-қуатын сарп етіп жұмысқа беріліп, сонымен қатар зиянды іс-әрекеттер мен қозғалмай өмір сүру қан тамырларына зиянын тигізеді. Жұмысбасты жандар зорығып, өнімділікті арттырамыз деп артық жұмыс істейді. Әсіресе, сырқатқа шалдығып, зардап шегіп жатқан жас науқастарды көрген кезде жүрегің ауырады.

– Сөзіңіз аузыңызда, расында да соңғы жылдары елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп, тым жасарып бара жатқандай. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл туралы бұрын да сұхбат берген едім. Энергетикалық сусындарды көп ішу аурудың өрши түсуіне ықпал етеді деп айтқанмын. Сырқатқа шалдыққандардың жасарып бара жатқанына бірден-бір себеп осы. Сондықтан энергетикалық сусындарға тыйым салынса, жақсы болар еді. Жастар мұндай сусынды ауру табамыз деп емес, күш-қуатымызды арттырамыз деп ішеді. Одан басқа, шылым шегуден никотиннің организмге көп түсуі аурулардың өрши түсіне әсер етеді. Дене қимылының азаюы артериялық қан қысымына алып келеді. Көп адам дер кезінде тексерілмей, ауруға ұшырап, аурухана төсегіне таңылған кезде барып ойлана бастайды. Денсаулығымыз қаншалықты құнды екенін дер кезінде түсіне білмеуімізде.

– Өзіңіз басшылық ететін кардиологиялық орталықта қандай инновациялық жаңалықтар бар? Қандай да бір сирек ота түрін жасап жүр ме кардиохирургтар?

– Биылғы съезде көтерілген үлкен мәселе — қолқаның жарылып кетуі. Осындай аурулар қазір жиі кездесіп жатыр. Былтыр біздің орталықтан алты дәрігерді Израильдің ауруханасына жібердік. Олар ауруды емдеудің жаңа тәсілдерін біліп келді. Мұндай ауруларды емдеу, ота жасау біздің орталықта жүзеге асырылып жүр. Жаңа тәсілдерді қолданып, диагностикасын жақсартудың арқасында қазір бізде науқастарды аман алып қалуға қолымыз жетіп отыр. Бұл емдеу тәсілдері күрделі, әрі көп уақыт алады. 7-8 сағат ота жасауға тура келеді. Кейбір жағдайда адамның денесіндегі қан айналымы жүйесін тоқтатып тастап, температурасын 18-20 градусқа салқындатып ота жасайтын түрлері бар. Мидың тамырларынан басқа денедегі қан айналымын тоқтатып ота жасау әдістері бар. Қазір біздің дәрігерлер осының бәрін жасап жатыр. Жылына 5-6 операция жасайтын болса, 2023 жылы осы бес айдың ішінде 9 адамға осындай күрделі ота жасалды. Наркоз бермей-ақ, өкпенің желдету аппаратын қоспай-ақ, жүрек тоқтату аппаратымен жасалатын операциялардың түрін кеңейтіп жатырмыз. Ол Таби деп аталады. Жасы үлкен 70-80 азаматқа жүрек қолқа қақпақшалары қабынған түріне ғана жасалады. Шаттағы күретамырлары арқылы жіберілген катетермен зақымдалғанын алып тастап, жаңаша қызмет істейтін жаңа қақпақша қоюға мүмкіндік туып отыр. Бұл көп шығынды талап ететін оталардың бірі. Осы жартыжылдыққа жасаған жоспарымыз да уақытылы орындалып, жүзеге асырылды. Енді қосымша қаржыландыру болса, оталарды көбірек жасаймыз. Дәрігерлеріміз Түркия, Үндістанға барып білімдерін жетілдіріп қайтты.

– Президент жыл сайынғы Жолдауында ұлттың саулығын нығайтып, медицина саласын дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар жүктейді.
Дәрігердің біліктілігін арттыру мақсатында мемлекеттің қолдауымен шетелдің клиникаларында тәжірибеден өту процесі қалай жүргізіліп жатыр?

– Әрине, шетелден тәжірибе алу маңызды. Бізде функционалдық диагностика бөлімінің дәрігері, сонымен бірге кардиологтарымыз былтыр Татарстанның оңалту орталықтарына барып білімін жетілдіріп келді. Биыл да Германия, Израильге тәжірибе алмасуға барамыз деген жоспарымыз бар. Еуропалық интервенция съезд болды. Париж қаласында біздің орталықтың үш дәрігері басқа мемлекеттің озық тәжірибелі мамандарымен бірлесе отырып, операцияларды талқылап, бағасын беріп, дөңгелек үстелде өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Бұл да біздің дәрігерлердің халықаралық деңгейде өз ойларымен бөлісіп, шыңдалуына серпін береді. Бізде сондай халықаралық деңгейдегі дәрігерлер жұмыс істейді.

– «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының басты бағыты — халықтың өмір сүру жасын ұзарту. 2025 жылға қарай халықтың өмір сүру жасын 75-ке жеткізу мәселесі айтылды. Осыған жету үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс?

– 75 дегенге жету үшін медицина саласы ғана емес, баланың шыр етіп дүние келген күнінен бастап барлық салалар жұмыла жұмыс істеуі керек. Балабақша, мектеп табалдырығында-ақ денсаулықтың баға жетпес байлық екенін балаға түсіндіру керек. Аурудың алдын алатын орталықтар, сонымен қатар күрделі оталардан кейінгі қайта қалпына келтіру, оңалтудың жүйелерін жақсарту арқылы халықтың өмір сүру ұзақтығын 75-тен жоғары жасқа жеткізуге мүмкіншілік туғызады.

– Өзіңіз Алматы қаласы мәслихатының депутатысыз. Қаланың медицина саласындағы қандай мәселелерін көтеріп жүрсіз?

– Бүкіл Қазақстан бойынша қан тамырлары жүйесіне жасалатын оталардың 30 пайызға жуығы тек осы Алматы қаласында жүзеге асырылады екен. Мұның өзі Алматы қаласының медицинасы жақсы дамыған көрсетеді. Жалпы Алматы қаласының өз даму бағдарламасы бар. Емхана көптеп салынуы керек. Сол емханаларды маманмен қамту мақсатында үшінші жыл қатарынан Алматыдағы мемлекеттік жоғары оқу орындарына тапсырыс беріліп отыр. Алматы қаласына жетіспейтін медицина саласының мамандарына, мысалы, кішкентай балаларды қарайтын дәрігер дайындауға квота бөлінеді. Осылайша 125 баланы квота арқылы оқытуға мүмкіншілік туды. Ал депутаттар тарапынан бұған бөлінетін қаржыны әрбір сессияда қолдап, мәселеленің оңынан шешілуіне септігімізді тигізіп келеміз.

Айта кететін тағы бір жәйт — сақтандыру жүйесіне көп азаматтардың атүсті қарауы. Сақтандыру саласы дамыған елдерде медицина жүйесі де жақсы жұмыс істеп жатыр. Сақтандыру — күрделі мәселе. Сақтандыруды жүйелі жүргізіп, оны қадағалайтын жүйе қалыптасса екен деп тілеймін.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

12 желтоқсан, 17:21
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында пластик қақпақтарды жинау бойынша эконауқан өтеді
12 желтоқсан, 12:32
Алматы: «Таза Қазақстан» экоакциясының жыл қорытындысы
12 желтоқсан, 12:09
Алматыда «Эко-шырша Алматы» ашық байқауы басталды
11 желтоқсан, 14:20
Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
10 желтоқсан, 23:45
Алматының тазалығын сақтау – ортақ міндет
09 желтоқсан, 13:10
Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті
04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы