Қазіргі қоғамның өркениеттілігін әлсіз топтарға деген көзқарасымен өлшеуге болады. Осы орайда, мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда толыққанды өмір сүруіне, еңбекке араласуына, білім алуына және өз кәсібін ашуына мүмкіндік беру – мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі.
Түркістан облысында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай қолдау тетіктері бар? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаc Әбдірахманұлымен сұхбаттасты.
– Алмас Әбдірахманұлы, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мен кәсіпке баулу бойынша қандай бағдарламалар іске асуда?
– Бұл бағытта Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде нақты шаралар қарастырылған.
Мүгедектігі бар азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына өтініш беріп, жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Олар үшін тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады. Мәселен, жастар практикасы, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» секілді жобалар бар.
Сондай-ақ жеке кәсіп бастауға ынталы азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріледі. Бұдан бөлек, әр мекемеде мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындарына 2–4 пайыздық квота белгіленген.
– Облыста арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы қандай деңгейде?
– Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған 29 мемлекеттік әлеуметтік орталық жұмыс істейді. Оның сегізі басқармаға, 21-і аудан және қала әкімдіктеріне қарасты.
2024 жылдың басынан бері бұл орталықтар 6 751 адамды қамтыды: 872-сі – стационарлық, 611-і – күндізгі (жартылай стационар), 5 188-і – үй жағдайында қызмет алды.
2025 жылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде лицензиялау енгізіледі. Бұл қызмет сапасын көтеріп, бірыңғай стандарттар мен тиімділікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда өңірдегі 32 ұйым лицензия алды. 1 200-ден астам әлеуметтік қызметкер арнайы оқыту курсынан өтті.
– Қызмет алушылардың дербестігін арттыру және тәуелсіз өмір салтын қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Барлық орталықтар 2023 жылғы №263 және №230 бұйрықтарға сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрін көрсетеді. Бұл – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық және экономикалық қызметтер.
Стационар және жартылай стационар орталықтарда заңгер мамандар бар. Қызмет алушылардың құқықтары толық сақталады, ешқандай шектеу жоқ.
– Қоғамда мүгедектігі бар адамдарға қатысты масылдық көзқарасты жою үшін қандай жобалар бар?
– Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру және мотивациялық жобалар жүзеге асуда. Мұндағы мақсат – масылдыққа жол бермей, адамдарды еңбекке, кәсіпке, білімге ынталандыру.
Айталық, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы ауыл тұрғындары мен жұмыссыз азаматтар кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуде.
Соның нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2024 жылмен салыстырғанда 45,7 мың адамға немесе 48,2 пайызға азайды. Бұл – жұмыспен қамтудың нақты нәтижесі.
Мысалы, азаматша Зульфия Егембердиева 2021–2023 жылдары атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген. Кейін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 5,5 млн теңге көлемінде мөлшерлемесі 2,5 пайыздық несие алды. Қазір сүт өнімдерін өндірумен айналысып, 10 ірі қара мал ұстап отыр. Бұл оның қоғамға сәтті бейімделіп, жеке кәсіпкерге айналғанын көрсетеді.
– Атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру бағытында қандай шаралар қолға алынды?
– Атаулы әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру үшін арнайы оқыту семинарлары өтті. Оған ауылдық округ әкімдері, Мансап орталықтары және аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Семинар нәтижесінде олар тестілеуден өтіп, білім деңгейі сарапталды. Бұл тәжірибе – әлеуметтік сала мамандарының біліктілігін көтеруге бағытталған маңызды қадам.
– Әңгімеңізге рахмет!
– Сіздерге де рахмет. Мүмкіндігі шектеулі емес, мүмкіндігі бар азаматтар үшін қоғамда толыққанды өмір сүруге барлық жағдайды жасау – біздің ортақ міндетіміз.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық