Алмақтың салмағы: танымал тұлғалардың салық төлеуден басқа амалы жоқ

19 ақпан, 14:25

Мемлекеттік кіріс комитеті еліміздегі 543 танымал тұлғаға ескерту жібергенін жазғанбыз. 53,3 млрд теңгеге жуық кірісін дұрыс көрсетпегені үшін. Бұған дейін блогер Әлішер Елікбаев өзіне және басқаларға миллиондаған сома салық қарызы ілінгенін айтып, наразылық білдірген-тұғын. Салық мекемесінен «қағаз» алғандардың қан қысымы көтеріліп, кейбіреулер ауруханадан бір-ақ шығыпты. Біреулер күйзелістен құрсағындағы баласының «секіріп түскенін» айтып «жылап» жатыр.

Кешеден бері әлеуметтік желіде «қызық» бір тізім тарады. Онда атағы дардай жандардың әлде тапқан табысы, әлде төлейтін салығы көрсетілген.
Ләйлә Сұлтанқызының жазбасына қарағанда, соңғысы болуы керек. Ол 160 826 552 теңге қарыздың қайдан шыққанына аң-таң. Соңғы 5-6 жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салығын төлеп келгенін айтады.

Тізімнің бел ортасында тұрған Ләйлә Сұлтанқызының берешегі салыстырмалы түрде азырақ екен. «Көш» бастаған Бейбіт Әлібеков 2 163 537 875 теңге төлеуі тиіс-мыс. Бір қызығы, бұл тізімде тек блогерлер емес, Айқын Төлепберген, Алтынай Жорабаева сияқты әншілер, Мұхтар Тайжан сияқты қоғам белсендісі, Сырымбек Тау сияқты кәсіпкер, тіпті Гүлшат Бажкенова сияқты журналист бар.

Әлбетте, бұл аты-шулы «Айканың» немесе өткенде жария етілген USAID-тен ақша алатындардың тізімі сияқты рас-өтірігі белгісіз «құжат». Бүгін журналистердің сұрағына жауап берген Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева мемлекеттік кіріс комитетіне осы жөнінде сұрау жіберілгенін айтты. МКК тізімді фейк деп, жоққа шығарған көрінеді.
Дегенмен тізімге ілінгендердің барлығы ел алдында жүрген, әлеуметтік желіде белсенді, оқырманы көп жұлдыздар. Сондықтан жүз миллиондап қана емес, миллиардтап табыс табуы әбден мүмкін.

Бұл Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтқандай, өздерінің мақтаншақтығынан салық органдарының назарына ілігу емес. «Блогерлер өздері кінәлі. Кейбір блогерлер бар ғой, ақшаны көрсетеді, өтірік көліктерін көрсетеді, мынша табам деп мақтанады. Сосын салық органдары қарап отырмайды да, тексеруге алады», – дейді Зайытов.

Алайда салық мекемесіне мәліметтің бәрін банктер жібергенін ескерген жөн. Табысты талап ету мерзімі бізде үш жыл екенін ескерсек, салықты есептегенде 2022, 2023 және 2024 жылдары түскен ақша есепке алынады. Дер кезінде төленбеген салыққа қосалқы ақы (пеня) жамалатыны және бар.
Бүгін блогерлердің салық төлеуіне қатысты ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин де пікір білдірді. «Егер тұлғаның кірісі жылына 12 ең төменгі жалақыдан асып кетсе, ол тіркеліп, салық төлеуге міндетті. Бұл – бәріне ортақ ереже», – деді ол.
Еліміздегі ең төменгі жалақы – 85 000 теңге. 12-ге көбейтсек, 1 020 000 теңге. Әлбетте, блогердің жылына бір миллионнан сәл асатындай табыс табатыны ақылға қонымсыз.

Ескеретін жәйт: тиісті тексеруден кейін мемлекетке тигізген залал көлемі нақты көрсетілсе ғана қылмыстық іс қозғалады. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов: «Егер блогердің белгілі бір деңгейде мемлекетке зиян тигізгені анықталса, оның көлемі Қылмыстық кодекстегі нормадан асып кетсе ғана қылмыстық іс қозғалады», – деді.
Сондықтан тізімге ілінген-ілінбегені бар, салық бойынша хабарлама алып жатқан танымал тұлғаларға тиісті салығын төлеп отырған адал азамат екенін дәлелдеуден басқа амал жоқ.

Наргүл Мырзахмет

Бүгін, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс
28 наурыз, 14:21
Шұбат өндірісін жолға қойған кәсіпкер келіншек
27 наурыз, 15:56
Астық экспорты қарқын алып келеді
27 наурыз, 14:36
Бескөлдің табиғи сүті: сапа және сенім
27 наурыз, 13:56
Дарбаза – Мақтарал: өңірді дамытатын мегажоба
26 наурыз, 15:11
Газ өндірісі - нақты сектордың локомотиві