Алмақтың салмағы бар немесе онлайн-несиеге қашан тыйым салынады?

27 мамыр 2022, 10:48

Қазір қаражаттан қысылған жұрт бұрынғыдай туған-туысты жағалап, қарызға ақша сұрамайтын болды. Бірден банкке келіп несие алады. Ай сайын зейнетақы қорына төлем жасап отырса, кепілсіз қаражат беруге кез келген банк дайын тұр. Тіпті кейбір банктер жеке куәлігіңіз арқылы да несиені рәсімдей береді. Одан бөлек, компьютер мен смартфон арқылы да онлайн несие алып, қаражатты сол арада есепшотына аударып жатқандар бар.

Жасыратыны жоқ, бүгінде несиесі жоқ адам кемде-кем. Бір адамның басында үш-төртеуден бар. Бір жағынан, бұл ыңғайлы болғанымен, «алмақтың да салмағы бар». Онлайн-несие алып, уақытында төлей алмай, зар илеп жүргендер қаншама. Өйткені мұндай несие бір айға ғана рәсімделеді. Төлемі кешіктірілсе, үстіндегі пайызы күннен-күнге тоқтаусыз өсе береді. «Жедел ақша» алдыңыз ба? Жедел қайтаруыңыз керек. Әйтпесе, «батпаққа батқаныңыз батқан»!

Мәселен, Алматының тұрғыны Әлия Сенбаева солай несие алам деп басы бәлеге қалған. Бірнеше ай бұрын онлайн-несие рәсімдейтін ұйымнан қаржы алады. Оны уақытында өтеген соң, тағы алады. Бастапқыда 20 мың теңге алып, 32 мың теңге етіп қайтарады. Мерзімі бір ай ішінде. Одан 30 мың теңге алып, 45 мың теңге қайтарады.

Үшінші рет барғанда Әлияға қаржы ұйымы 120 мың теңге шығарады. Бір айда қайтаратын сомасы – 180 мың теңге.

«Осылай ай сайын жылдам ақша алып жүріп, олардың «тұрақты клиентіне» айналдым. Тағы бір жолы барғанда 120 мың теңге бергеніне қуанып кетіп, оны құрбыма бердім. Айлығым 150 мың теңге. «Алматы-2» вокзалында санитарлық бөлімде жұмыс істеймін. Бірге жұмыс істейтін құрбыма ақша қажет болып, осы жерге сол ертіп келген болатын. Бірінші алған қарыздарым құрбымның өтінішімен алынғандықтан, уақытында қайтарып берді. Соңғысын бірге жұмыс істейтін құрбымыздың қуанышына керек болып алған едім. Ол той қалай өтеді, сол күні беремін деп сендірді. Кейін білдім, тойдан ол күткен ақша түспей, қарызымды қайтармады. Ал бір айға деп алған 120 мың теңге екі ай төленбей қалып еді, 220 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Жұмыс орныма, таныстарыма күнде қоңырау шалып мазаларын алып, соңында сот орындаушысы төлем картамды бұғаттап тынды. Жұмыстағы құрбыммен де күнде ұрыс. Ақыры соңында туыстардан қарыз алып, құрбым жартысын тауып беріп, әрең өтедім. Содан бері жылдам несие дегенге жоламайтын болдым», – дейді.

Ал Бейсемхан Жұмашева 2014 жылы екінші деңгейлі банктен бес жылға несие алған. Бастапқыда уақытында төлеп отырған. Бірде әлеуметтік желіден банктен алған несиенің комиссиясын қайтарып алғандар туралы ақпарат оқиды. Нақты жолын біліп, заңгердің кеңесіне жүгінеді. Осы мәселе бойынша арнайы маман зерттеу жүргізе келе, банкке комиссия үшін артық ақша төлегенін анықтап, қайтарып алу жолы барын ескертеді. Содан сотқа арыз тастап, оң шешімі шыққан. Ал банк Бейсемхан Жұмашеваға тиісті қаражатын қайтарып береді. Мұнымен қоса, банкпен жасалған келісімшарт өзгертіліп, алдағы уақытта комиссия мүлде алынып тасталған. Есесіне, бұрын ай сайын төлеп келген несиенің көлемі әжептәуір азайған.

Алматылық Жанна Орынбаева осыдан 8 жыл бұрын екінші деңгейлі банктен несиеге ноутбук алады. Ол: «Мен несие алған кезде ноутбуктың бағасы 120 мың теңгеге бағаланды. Банк менеджері «ай сайын 20 мың теңгеден төлеп отырсаңыз, 6 айда ешқандай үстеме пайызсыз өтей аласыз, бізде акция» деп сендірді. Сонымен не керек, 4 ай бойы уақытылы төлеп жүрдім. Бесінші айы келгенде жұмысымнан аяқ асты босап қалып, уақытында төлем жасай алмадым. Екі аптадай кешіктіріп банкке барсам, сіз акция талаптарын бұздыңыз, енді үстінен тағы да 120 мың теңгені төлейсіз дейді. Содан қолымды бір-ақ сілтедім де, несиені төлемей қойдым. Бастапқыда банк менеджерлері, одан кейін коллекторлар звондап мазамды алатын. Туыс-туғандарым да менің несиемнен хабардар болды. Сонда да бірнеше жыл өтемей жүріп алдым. Қанша шағым жазсам да, сот орындаушылары банк талаптары дұрыс деп 120 мың теңгені үстіне қосып төлеуімді сұрады. Төлемеске амалым қалмады. Себебі сот орындаушылары төлем карталарымды бұғаттап тастады. Ақыры екі ноутбуктың ақшасын өтедім. Одан бөлек, сот орындаушысының шығынын төледім. Содан бері екінші деңгейлі банктерге жоламайтын болдым. Одан гөрі ақша жинап алған дұрыс екен. Таң қалғаным, мен несие алған банк швейцариялық банк екен. Сондықтан оның талаптарын өзгерте алмайды екенбіз», – дейді.

Байқасақ, жұрттың көбі банктен несие аларда келісімшартты мұқият оқымайды. Бұл туралы заңгер Руфат Маратұлы былай дейді:

«Ең алдымен несие алғанда, қандай құжатқа қол қойып жатырсыз, соған ұқыпты қарау керек. Келісімшартта екі тараптың да талаптары мен міндеттері көрсетіледі. Көбінесе банк өзіне тиімді шарттарды көрсетеді. Біз болсақ, келісімшарттың пайыз, үстемақы, кепілдік сынды тұстарын оқымай, қол қоя саламыз. Бұл бір жағынан қаржы сауатының болмауынан. Банк менеджері ол шарттарды сізге түсіндіріп бермейді де. Тек қол қою керек тұстарын белгілеп береді. Кейін несиені қайтара алмасаңыз, сот орындаушысы банкпен жасасқан келісімшартты негізге ала отырып, банк көрсеткен соманы, тіпті ол бірнеше есе өскен сома болса да, төлеуге үкім шығарады. Бүгінгі күні сотта қарыз алушылардың тарапынан түскен арызға сай, көрсетілетін қызмет үшін алынатын комиссияның заңсыз екендігі анықталып отыр. Заңсыз қосылған үстемені 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін несие алған банк тұтынушылары ғана қайтара алады. Кейін Ұлттық банк комиссияны «Қарызға қызмет көрсетуге байланысты ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу үшін» алынатын үстеме деп заңдастырған болатын. Дегенмен несиені толық төлеп біткен жандарға зая кеткен ақшаны банк қайтарып беруге міндетті. Ескеретін жайт, соңғы төлемнен кейін 3 жыл уақыт өтпеуі және қолыңыздағы несие туралы келісімшарт сақталуы тиіс».
Расында, маманның айтқанындай, несие талаптарына жіті назар аудармаймыз. Осыдан келіп әуре-сарсаңға түсеміз. Қазірге дейін осындай шағыммен қаншама тұрғын заңгердің көмегіне жүгінген.

Психолог Тамара Әлібаева: «Несиеге бір байланған адамның, оның құрсауынан шығуы қиын», – дейді. Оның айтуынша, несиеге тәуелділіктің бір себебі – табыстың аздығы.

Ол: «Несие алып, оны мерзімінде өтей алмай кейін күйзеліске түсіп, тіпті суицид жасауға талпынған адамдармен сөйлестім. Көбісі – материалдық жағдайының нашарлығынан амалсыз несие алып, онысын уақытында өтей алмағандар. Пәтер жалдайтын, тұрақты жұмысы жоқ адамның басында 1-2 несие бар. Кейбірі қаржы аса қажет болмаса да несие алып, оны орынсыз жұмсап, кейін қайтармай опық жейді. Мойнында қарызы бар адам оны өтеп бітпейінше, байыз таппайды. Тапқан табысының бір бөлігін несие өтеуге жұмсайды. Қарыз алушы бұрынғы дағдыларынан да бас тартады. Көп нәрседен өзін шектей бастайды. Мұндай адамдарда стрестік көңіл-күй пайда болады. Ол бірте-бірте ұлғайып, депрессияға түсуі де мүмкін. Ал кейбір адамдарға несие алу күнделікті дағдыға айналып кетеді. Мұндай адамдар өз болашағына салғырт қарайтындар», – дейді.

Осындай несиеге белшеден батып, мемлекет төлесін деп күтіп жүргендер де көп.
Экономист Аида Жарқынбекова несиені кешіру экономикаға тиімді емес дейді. «Айталық, экономикалық «заңдылықтарды» белден басып, банктер кредитті кешірді делік. Ол үшін мемлекет Ұлттық қордан, не бюджеттен қаржы бөліп, кредиті барлардың қарызын кредиті жоқтардың есебінен жапты дейік. Жоғарыдағы әлеуметтік мәселесі бар топтағы адамдардың мәселесі сонымен шешіліп кете ме? Ол тағы да несие алып, 3-4 жылдан кейін оны жауып беруді мемлекеттен талап етпей ме? Кредитті кешіру мәселені уақытша шешуі мүмкін, бірақ түбегейлі шешпейді. Жылдар бойы қордаланған түйткілдер қала береді», – дейді ол.

Ал жекеменшік коллекторлық ұйымда жұмыс істейтін Сәбира Байғайыпқызы: «Көп адам коллектордың жұмысын түсінбейді, бізбен сөйлесуден қашады. Коллектор несиенің сотқа өтпеуін реттейді. Біз борышкерге несиесін бөліп төлеуге мүмкіндік береміз. Өкінішке қарай, халықта коллекторлық ұйымға деген сенім жоқ. Біз барынша түсіндіруге тырысамыз. Келісімшартта көрсетілген үшінші тұлғаларға да хабарласып ескертеміз. Несиені алады, қажетіне жаратады. Ал өтеу керек кезде телефонның тұтқасын көтермей, тіпті жауап бермейтіндер бар. Халықтың несиеге батуының бір себебі – жауапкершіліктің жоқтығынан. Әр адам қарызын уақытылы төлеп отырса, қиын жағдайға тап болмас еді», – дейді.

Онлайн-несие алудың тағы бір кілтипанын айтпасқа болмайды. Ол қазір алаяқтардың басты табыс көзіне айналған ба дейсің. Өткенде Мәжіліс депутаты Дания Еспаева осыған байланысты мәселе көтерді.

Оның айтуынша, 6 мамырда БАҚ-та бөтен ЖСН арқылы несие алуға өтініш берген алаяқ туралы ақпарат жарияланған. Әр өңірде 100-ге жуық адамды сазға отырғызыпты. Құқық бұзушы интернет-банкинг арқылы несие алған. Мұндай жағдай соңғы кезде тіпті жиіледі. Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы 5 жылда киберқылмыс 10 есеге өскен. Қазірдің өзінде 20 мыңнан астам жағдай тіркелген. Өз еркіңмен несие алсаң, ол сенің өз шешімің. Адал еңбекпен тапқан табысың алаяқтың қалтасында кетсе, онда әңгіме басқа.

Сондықтан депутаттың онлайн-несиеге тыйым салу туралы ұсынысын біз де қолдаймыз.

Мақпал Ноғайбаева

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?