Алимент төлемей жүрген әкелер абақтыға қамалады. Семейлік сот орындаушылар борышкерлерге ескерту жасады. Себебі, бүгінгі күні перзенті алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген әкелер көп.
Бұған дейін алимент төлемегендер тек әкімшілік жауапқа тартылып, бірнеше тәулікке қамауға алынып, көлік жүргізу куәлігінен қағылып, шетелге шығу құқығынан айырылып келген еді. ҚазАқпарат хабарлағандай, енді баласы алдындағы борышын төлеуден жалтарып жүрген әкелерге қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалады. Жыл басынан бері 10 әке сот шешімімен қылмыстық жауапқа тартылған. Ал 30 әкенің ісі қазір соттың қарауында. Жеке сот орындаушы Азанбек Бектасовтың айтуынша, әлі 168 әке төлемей қашып жүр. Жалпы қарыз мөлшері 129 млн теңгеден астам. Енді олар әкімшілік жауапкершілік емес, қылмыстық жауапқа тартылады.