jasqazaq.kz

Әлібек Жұрхабаев: Мықты байланыс – суицидке апаратын жолды кесетін басты кедергі

12 шiлде, 20:07

Дін өкілі балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид туралы

Суицид – бұл жай ғана медициналық немесе психологиялық мәселе емес, ең алдымен рухани дағдарыстың көрінісі. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиілеп барады. Ата-ана, ұстаз, қоғам үнсіз, селсоқ қалған тұста, баланың жаны жауап іздейді. Осы орайда дін мен руханият қандай жол көрсете алады? Біз бұл сауалдарға жауап алу үшін ҚМДБ Түркістан облысы Түркістан қаласы «Ықылас» мешітінің ұстазы, дінтанушы Әлібек Жақсылықұлы Жұрхабаевпен сұхбаттасқан едік. Маман суицидтің шариғаттағы үкімі мен рухани тұрғыдағы салмағын ғана емес, жасөспірімдерге, ата-аналарға және қоғамға нақты үміт пен тірек болатын жолдарды көрсетті.

— Әлібек Жақсылықұлы, ислам діні өмір мен өлім мәселесіне қалай қарайды? Жасөспірімдер арасында суицид деректері көбейіп отырған қазіргі қоғамға дін қандай жауап ұсына алады?

— Ислам діні үшін өмір – Алланың берген ең ұлы аманаты. Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңе қол жұмсамаңдар! Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» (Ниса сүресі, 29-аят) деп нақты ескертілген. Бұл – Жаратушы тарапынан берілген өмірді қиып тастау үлкен күнә екенінің айғағы. Алайда біз баланы «күнә жасадың» деп кінәлап, қатаң қарау арқылы емес, рухани тұрғыда демеп, жүрегіне жол табу арқылы құтқара аламыз. Суицид – жан айқайының ең соңғы көрінісі, яғни ол оған дейін ешкім оның мұңын естімеген деген сөз.

— Дін өкілі ретінде мұндай оқиғаларға қандай баға берер едіңіз? Бұл – қоғам үшін қандай дабыл?

-Шынында да, бұл – өте қатты дабыл. Қазір жастардың рухани иммунитеті әлсіреген. Жан мен жүрекке тыныштық керек. Ал оны дінсіз табу қиын. Себебі дін адамға тек тыйым емес, түсінік, үміт, төзім, тәубе, тірек береді. Біз мешіттерде жастармен кездескенде ең алдымен олардың ойын тыңдаймыз. Көпшілігі: «мені ешкім түсінбейді», «жақындарым тек талап етеді» деп күйінеді. Мұндайда біз Алланың мейірімі мен кешірімі туралы, өмірдің мағынасы мен сынағы туралы сөз қозғаймыз. Жастарға жүрекпен жақындау керек.

— Сонда суицидке барған адамды дін қалай бағалайды? Қоғамда кейде «ол азапқа қалады» деген түсінік бар…

— Иә, бұл жайлы айтқанда абай болу керек. Шариғат бойынша, адам өз өмірін қиюға құқылы емес. Алайда дініміз сондай да бір қатаң емес. Мұндай қадамға барған адам күйзелісте, әлсіз, тығырыққа тірелген сәтте болғаны белгілі. Сондықтан бұл жерде мейірім мен үмітті көбірек айту қажет.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Алла Тағала – рақымдылардың ең рахымдысы» деген. Егер біз баланы діннің шапағаты арқылы құшағымызға тарта алсақ, ең үлкен жеңіс сол болмақ. Біз, дін қызметкерлері, жазалау емес, жұбату міндетін ұстануымыз керек.

Қазіргі ата-аналарға, ұстаздарға, тіпті имамдарға қандай кеңес бересіз?

— Баламен үнемі сөйлесіп отырыңыздар. Оны тек ереже мен тәртіппен емес, махаббатпен тәрбиелеу қажет. Дінімізде: «Бала – жаннаттың жұпар иісі» делінеді. Ол сіздің емес, Алланың аманаты.

Имамдар тек намаз үйретіп қана қоймай, жастардың жан дүниесін тыңдай білетін тұлға болуы керек. Ұстаздар «тек сабақ емес, өмір сабағын» үйретуі қажет. Ал ата-аналар баламен тек мектеп айналасындағы мәселелер емес, «жаның қалай?» деп сөйлесе білсе, бәрі өзгереді.

Сіз тек дін қызметкері ғана емес, сонымен қатар ұстазсыз. Мешіттегі дәрістер барысында жастармен жиі тілдесесіз. Сол тәжірибеңізге сүйене отырып, қазіргі жас буынға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Иә, біз мешітте шәкірттермен аптасына бірнеше рет кездесу өткіземіз. Сол кезде байқайтыным – жастарға ең алдымен шын көңілмен тыңдайтын ересек адам жетіспейді. Олардың жан дүниесінде сұрақ көп, ал жауап табар жері аз. Көбісі әлеуметтік желідегі жалған бейнелерге қарап, солармен өзінің өмірін салыстырады. Содан кейін «мен бір бейшара», «ешкімге керегім жоқ» деген сияқты ойға ұрынады. Біз оларға: «Сен – Алланың ерекше жаратылысысың, сенің құндылығың лайктармен емес, жаныңмен өлшенеді» дегенді жиі айтып отырамыз. Жастармен сөйлескенде оларды түзетуден бұрын, тыңдауды, түсінуді, қабылдауды үйренуіміз керек.

Жастарға діни сауат ашу неліктен маңызды? Бұл суицидпен күресте қалай көмектесе алады?

— Діни сауат деген – тек шариғатты жаттау емес. Бұл – өмірді түсінудің кілті. Біз мешітте қарапайым әңгімелер арқылы баланың жүрегіне иманның дәнін себуге тырысамыз. Мысалы, Алла Тағаланың 99 есімімен таныстыру, әрқайсысының мағынасы арқылы Оған деген сенімді нығайту – бұл үлкен тәрбиелік құрал.

Суицидке бару – үміттің жоғалғанын білдіреді. Ал діни сауат — үмітті қайта жағатын шырақ. Егер бала Алланың мейірімін таныса, қиындықтың мәңгі емес екенін білсе, ол күресе алады. Сол себепті жастарға діни ілімді заманауи тәсілмен жеткізу – өте өзекті міндет.

Көп ата-ана діннен алыстап қалғанын мойындайды. Олар баласына рухани тәрбие бере алмаймыз деп уайымдайды. Оларға не айтасыз?

— Біріншіден, ұялмаңыздар. Рухани тәрбие беру үшін молда болу міндет емес. Шын жүректен айтылған бір жылы сөздің өзі – үлкен тәрбиенің бастауы. Баламен бірге дұға үйреніп, қысқа сүрелерді жаттап, кешкісін өмір туралы сөйлесіп отыру – осының бәрі баланың жүрегін жібітеді. Ата-аналар баласына тек материалдық жақтан ғана емес, жан дүниесін байытатын сөздермен де жақын болуға тырысса, олардың арасындағы байланыс мықты болады. Ал мықты байланыс – суицидке апаратын жолды кесетін басты кедергі.

Жастарға тікелей не айтасыз? Бүгін мұны оқып отырған бір оқушыға не тілер едіңіз?

— Қадірлі жас бауырым, өмір – сынақ. Қиындық деген мәңгі емес. Ал сенің жаның өте қымбат. Алла сені жайдан-жай жаратқан жоқ. Сенің бар болуың – біреудің қуанышы, біреудің үміті. Ешқашан жалғыз емессің. Жаның қиналса, ішің алай-дүлей болса – үнсіз қалма. Айт. Ізде. Сөйлес. Алла әр жанға жеңілдік береді. Тек сабыр ет, шыдай біл, себебі әр түннің артынан таң атады.

 

Өмір – Алланың берген аманаты. Оны бағалау – тек дінге сенушінің ғана емес, әр адамның міндеті. Әлібек Жақсылықұлының сөзінен ұққанымыз үміт пен мейірім болмаса, ешбір ереже әсер етпейді. Жасөспірімнің жүрегіне иманмен, махаббатпен, мейіріммен жету – бұл бүгінгі қоғамның үлкен жауапкершілігі. Егер біз бір баланың жан айқайына құлақ түре алсақ, бұл шын мәніндегі рухани жеңіс. Себебі әрбір сақталып қалған өмір – бір үміттің сөнбегені.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,

Түркістан қаласы

Суреттерді ұсынған автор

12 шiлде, 20:07
Әлібек Жұрхабаев: Мықты байланыс – суицидке апаратын жолды кесетін басты кедергі
12 шiлде, 19:42
Алға қарай батыл қадам басқан жан
10 шiлде, 19:27
Түркістан: Мақсат - жаңа өндіріс орындарын іске қосу
09 шiлде, 17:14
Түркістан: Қазығұрттағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қадағаланды
08 шiлде, 19:11
Рухани құндылық: Түркістанда домбыраны дәріптеген іс-шаралар өтті
08 шiлде, 17:31
Жыл соңына дейін Бостандық ауданында екі жаңа мектеп ашылып, 10 мектеп пен 5 балабақша жаңартылады
08 шiлде, 14:36
Түркістан: Тоқыма-мата өндірістік базасын салу жөнінде келіссөз жүргізілді
08 шiлде, 14:27
Түркістанда «Ақылды қала» жобасы жүзеге асып жатыр
08 шiлде, 14:14
Түркістан: «Оңтүстік Төртқұдық» уран өңдеу зауыты іске қосылды