18 маусымға қараған түні футболдан әлем чемпионатында Дондағы Ростовта Бразилия мен Швейцария құрамалары жасыл алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған дейін бес мәрте әлем чемпионы атанған бразилиялықтар — биыл да алтын жүлдеден үміткерлердің бірі. Аденор Тите жаттықтыратын команданың бас жұлдызы, әрине, Неймар екендігі анық. Сондай-ақ Габриэль Жезус, Виллиан, Филиппе Коутиньо, Паулиньо, Каземиро, Марсело (команда капитаны), Миранда, Тиаго Силва, Данило, қақпашы Алисон ешкімнен кем емес. Бразилиялықтар 2002 жылдан бері жеңіс шыңына көтеріле алмай келеді. Әсіресе, өз елінде өткен доданың жартылай финалында Германиядан 1:7 есебімен (өз тарихындағы ең ірі есеп) ойсырай жеңілуі жанкүйерлердің есінен кетпесі анық. Дегенмен бразилиялықтардың қазіргі құрамы мықтырақ, ойнау мәнері де жақсы, сондықтан олардың жүлдеге қол созатыны хақ. Кеше Лионель Мессидің пенальтиден мүлт кетіп, аргентиналықтардың небәрі 320 мың халқы бар, чемпионатқа тұңғыш қатысып отырған Исландия елінің футболшыларымен тең ойнауы бразилиялықтарға сабақ бола ма, оны ойын көрсетеді. Оның үстіне Швейцария Еуропа еліндегі мықтылардың бірі болып есептеледі. Бұл жолы алаңға Ян Зоммер, Штефан Лихтштайнер, Фабиан Шер, Мануэль Аканджи, Рикардо Родригес, Валон Бехрами, Гранит Джака, Джердан Шакири, Блерим Джемайли, Стивен Цубер, Харис Сеферович шығады деп күтілуде. Бұл команда капитаны Лихтштайнердің Швейцария құрамындағы 100-інші ойыны болмақ. Владимир Петкович баптайтын швейцариялықтар соңғы үш әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалына дейін жетті. Биыл сол көрсеткішін жақсартуға күш салатыны анық. Қос команда бұған дейін дүниежүзілік додада бір-ақ рет кездесіп, 1954 жылы 2:2 есебімен тең тарқасқан. Бұл ойын Оңтүстік Америка мен Еуропа футболының қайсысы мықты деген ежелгі тайталастың тағы бір көрінісі болмақ. Айта кетейік, мексикалық төреші Сесар Рамос Паласуэлес қазылық ететін ойынды «Qazaqstan» ұлттық арнасы Астана уақытымен сағат 00.00-ден бастап көрсетеді. Е тобында сондай-ақ Коста-Рика мен Сербия құрамалары да ойнайды.