Cәрсенбі күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Одан бір күн бұрын билік партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы болған еді. Фракция отырысында «Nur Otan» партиясының «Қазақстан -2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы үкіметтің есебі тыңдалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы басқосуда әлемдік экономиканың пандемия салдарынан 4,4 пайызға құлдырағанын, ал кейбір дамыған елдерде бұл көрсеткіштің 10 пайызға жеткенін атап өтті. Еліміз осындай жайсыз ахуал мен құбылысқа қарамастан, жұмысты тиімді ұйымдастыру Ұлттық қордағы мол қаражаттың арқасында күрделі қиындықтарды еңсере білді.
Партия Төрағасы саяси ұйым жұмысын қайта жандандыру бағытында ауқымды да жүйелі жұмыс атқарылғанына тоқталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Біз алғаш рет праймериз өткіздік. Соның нәтижесінде аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеулерден өткен 77 кандидат Саяси кеңестің шешімімен Съезге ұсынылып отыр. Бүгін праймериз тәртібіне сәйкес, қалған 49 кандидатты орталық квота бойынша партиялық тізімге қосу жөнінде шешім қабылдаймыз. Халықтың қатысуымен 216 өңірлік сайлауалды бағдарлама жан-жақты талқыланып, қабылданды. Онда жұртшылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді», – деді.
Елбасы праймеризге қатысушылардың үштен бір бөлігі және партиялық тізімге енген әрбір бесінші адамның жастар өкілі екенін айрықша атап өтті. Партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер құрайды. Бұған қоса, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бизнес өкілдері, жұмысшылар мен қызметкерлер де бар. Тағы бір дерек. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жеткен. Нұрсұлтан Назарбаев осылайша, «Nur Otan» партиясының жұмысын жүйелі түрде қайта жандандыру аяқталғанын жария етті.
Бюро мен Саяси кеңес отырыстарының нәтижесінде 126 үміткерден құралған тізім «Nur Otan» партиясының ХХ съезіне ұсынылды.
Елбасы партия съезінде «Nur Otan» партиясының елді біріктіру, халық пен билік арасына дәнекер болу үшін құрылғанын айтты. Партияның барлық кезеңде іргелі 3 қағиданы басшылыққа алды және алдағы уақытта да соған арқа сүйейді. Елбасы мұның біріншісі жауапкершілік екенін атап өтіп: «Біз шынайы істер партиясымыз. Демек жауапты саяси күш деген сөз, яғни айтты – орындады. Қиын сәттерде «Nur Otan» барлық уақытта халықпен бірге болды. Бүгінде партия елдегі шынайы билікпен байланыстырылады. Бұл бізге зор жауапкершілік жүктейді. «Nur Otan» партиясынан кандидат болу, партиялық тізімнің бөлшегіне айналу – бүгін және болашақта мемлекеттің жауапкершілігін бөлісу» деді. Екінші қағида – командалық бірлік. Партияға мүшелік – бұл басымдық емес, қоғам алдындағы міндет, Отанымыздың игілігі үшін күнделікті жұмыс. Үшінші қағида – орталық идеалдар мен мақсаттарды ұстану.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті елдегі саяси партиялар алдында тұрған міндеттерге де тоқтала кетті: «Бүгінде «Nur Otan» өз уәдесінде тұра алатын, елдегі мықты көшбасшыларды топтастырған саяси ұйым екенін бәрі көріп отыр. Басқа партиялар да болады, қазір де бар. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Қоғам солай, уақыт солай. Бірақ сол партиялардың барлығы нақты ұсыныс беріп, елге жақсылық жасаса екен дейміз. Тек сынап, көшеге шығып айқайлағаннан не шығады? Қанша айқайласа да, көшеге шықса да көпбалалы аналар, жағдайы жоқ кісілер түбінде кімге келеді? Үкіметке келеді. Бәрін шешетін мемлекет, Үкімет. Сондықтан дау-дамайға салмай, айқай-шусыз партияға кіріп, одан соң депутаттыққа өтіп, сол жерде мәселесін көтеріп, шешу керек. Осы жолмен жүрейік», – деді.
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасап, мемлекет пен үкімет алдында тұрған кесек-кесек міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысының, әсіресе, экономика мен аймақтардың тұрақты дамуына қатысты пікірі назар аударарлық. Президент жаһан экономикасы ұзақ тоқырауға ұшырағанын айта келе, дегенмен мұндай дағдарыстың экономиканы жаңа үлгіде қалыптастыру үшін жүйелі реформалар жасауға мүмкіндік береді деген пікірде. Мемлекет басшысы әлемдегі барлық экономист ғалымдар мен парасатты саясаткерлердің адамзат тарихындағы теңдессіз жаһандық дағдарыс жағдайында экономикалық процестерді басқаруда мемлекеттің рөлі барынша артып отыр деген тұжырымға келгенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң әрі теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жекеменшік секторды қолдау, халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау есебінен экономиканың өсімін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды. Бұл ретте шығындарды бақылауды қатаң назарда ұстау керек.
Үкімет экономиканы әртараптандыру (диверсификация) саясатын жүргізу арқылы шикізаттық емес салаларды дамытуға күш салмақшы. Осы мақсатпен бұл саладағы экспорт көлемін жылына 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жылдық тікелей шетелдік инвестиция көлемі 30 млрд долларға жетуі тиіс.
Ауыл шаруашылығында да ірі жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдеумен айналысатын 7 ірі экожүйе құрылмақшы. Сондай-ақ суармалы 600 мың гектарлық алқапты пайдалану жоспарда тұр.
Талап Тілеген