Айфон келмеген, инстаграмды білмеген, 4G-дің шапағатын көрмеген шақ менің студенттік кезіме дөп келді. Қазіргідей онлайн емес, оффлайн отырыстарымыз, қатарластарымызбен қауқылдасуымыз көп еді. Сондай кеңескен жиынның бірінде Америкаға барып, жұмыс істеу тақырыбы қызу талқыға түсті.
«Былтыр біреу мұхит асып, ала жаздай жұмыс істеп, елге келіп көлік алды, үй салатын ақшасын тапты» деген әңгімені естігенде менің де делебем қозды. Қызыққаным соншалық, келесі күні ол жаққа студенттерді жолдайтын агенттіктердің біріне бас сұғып, талаптарымен танысып, тәуекел дедім. Ауылға хабарласып, бағдарламаға төлеуге қажет мың долларды алдырдым. О баста Америка дегенде үрке қараған, уайымдаған үйдің үлкендерін үйтіп-бүйтіп көндірдім. Іле-шала тілдік курсқа жазылдым. Дайындығым сырт көзге сұмдық. Сөйтіп, бір айдың көлемінде «АҚШ елшілігіне барып сұхбаттасудан өту керек» дегені төбеме жай түсірген жаңалық болды. Мен тіркелген, бәрі жақсы болады деп уәдені үйіп-төгіп ақшамды қалтасына басып алған агенттік директоры мен секілді 80 жастың мың долларын қалтасына басып тайып тұрыпты. «Мәссаған, енді қайттім» деп опындым да қалдым. Әрі ойлап, бері ойлап басқасына тіркеліп, қарыз алсам да кетем деген ойға бекідім. Сөйттім де. Өйткені сол кездегі арманымды қимадым. Бірақ өзім қиналдым. Әйтсе де, басы қатты болғанмен, аяғы тәтті болды. Америкада алты айдай жұмыс істеп, талай қызықты бастан өткеріп, елге аман-есен оралдым. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.
Айтайын дегенім, маған дейін де, менен кейін де, әсіресе Алматыда студенттердің еш нәрсені аңдамай, алды-артын ойланбай, арманы үшін барын санап беретін қасиетін білетін әккі қулардың әрекетіне құрық бойламай тұр.
Күні кеше сондай мекеменің бірінің әрекеті әшкере болды. Жыл басында жүзге жуық студенттің ақшасын жиып алған Columbus exchange агенттігі не мұхит асырмай, не ақшаны кері қайтармай, жастарды әуре-сарсаңға салып қойған. АҚШ-қа кетпегендері түсінікті. Әлемді жайлаған пандемия шекараны жауып, ешкімді тырп еткізбей тастады. Бірақ ата-анасы тірнектеп жинаған, я баласы үшін деп қарызға алып берген орташа 600 мың теңге қомақты қаржысын қайтармауы қаншалықты заңды?
Осындай оймен Абай мен Қонаев көшелерінің қиылысына жанайқайын жеткізуге жиналған жастардың ортасына біз де бардық. Жанына бірінің әкесі, екіншісінің шешесі ерген. Қайтсін, қапыда қаржысынан қағылған балаларының қапа көңілі, олардың да жандарына батады. Үшінші курста оқитын Шыңғысхан Насыр іс бұлайша насырға шабады деген ой үш ұйықтаса, түсіне кірмегенін айтады. 600 мың теңгесін ойланбай Columbus exchange агенттігіне санап берген. Енді не Америка, не ақшасы жоқ. Карантин жаһанды жайлаған кезеңде де оларға «бәрі дұрыс» болады деп сендірген екен. «Карантин кезінде біз көп сұрақ қойдық. «Америкаға бара аламыз ба, бара алмаймыз ба, жұмысымыз не болады» деген сыңайда. Бізге «барасыңдар, сеніңдер, мен өзім жауап берем, бір ай болсын кеш барасыңдар, бәрі жақсы болады» деп сендірді. Мысалы, мен 23 мамырда Америкаға ұшуым керек еді», – дейді ол.
Жиналғандардың айтуынша, Шыңғысхан секілді кешікпей кетем деген сеніміне селкеу түскен студенттер жүзге жуықтайды. Бұлар секілді еліміздің бірнеше қаласында ондаған жас құйған ақшасын кері қайтара алмай жыларман күйде жүр. Наразылық үдеп, шағым көбейгесін агенттік жауапкершіліктен құтылу үшін 600 мың теңгенің жүз елу мыңын ғана қайтармақ болыпты. Қалғаны қайтарылмайтын шығындарға кетті деп әңгімені жылы жаппақ болған. Бірақ бұл уәжбен студенттердің келіскісі жоқ. Бізге сұхбат берген Дамира Исаттың айтуынша, ол 600 мың теңгені жинау үшін былтыр сабақтан кейін қосымша жұмыстарға жалданған. Ұйқы мен күлкісін қиып, маңдай термен санап берген тиын-тебенін енді агенттікте қандай сылтау болмасын қалдырғысы жоқ: «Агенттіктің менеджері Нұржан Бөкетов деген кісі. Бізге о бастан нұсқау беріп, құжаттарымызды қабылдаған. Ақша алғанға дейін сондай мәдениетті көрінген. Енді келіп бізге дөрекі сөйлеп, мінез көрсетуді шығарды. Тіпті дұрыс жауап бермейді. Бір адам келіп жағдайды дұрыс түсіндірмеді».
Студенттер ашынатындай-ақ. Осыған дейін сан мәрте есігін қағып, қабылдауында болғанмен, сүлесоқ жауаппен бастары салбырап кері қайтқан. Амал таусылғандықтан, адвокат та жалдаған. Жиналғандар кеңсеге тілшілермен бірге кірді. Дөрекі сөйледі деген Бөкетов бұл жолы да жылы қабақ танытпады. Тіптен «мына студенттерді танымаймын» деп ат-тонын ала қашып, құтылғанша асық болды. Тек түсін жастардың бірі түстегенде ғана танитынын мойындады. Дегенмен тілшілермен тілдесуге құлық танытпады. Кекесіні езуіне тығылған қызметкер «студенттерге жағдайды журналистерсіз түсіндірем» деп есікті іштен кілттеді. Бірақ, сайып келгенде, оларға ешнәрсе түсіндірмей қайтадан құр шығарып салған. Қолдарында келісімшарттары бар. Бірақ осындай пандемия салдарынан туындаған форс-мажорға байланысты кімнің ұпайы түгел болатыны туралы бір әңгіме жоқ. Түптің түбінде сорлайтын сол баяғы студенттер. Алайда қолды бір сілтеуге әлі ерте. Қазірдің өзінде агенттік атына арыз жазған жастардың саны он беске жетті. Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бізге жағдай жіті бақылауға алынғанын жеткізді: «Аталған дерек сот алды реестрде ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда арнайы тергеу тобы құрылды. Өндіріс аясында міндетті түрде оқиғаның толық мән-жайы және басқа да факторлар анықталатын болады».
Полиция департаменті «кінәлілер міндетті түрде жазасын арқалайды» дейді. Ал үстінен арыз түскен агенттік инстаграмда басқа студенттерді еш қымсынбай, бағдарламаға қатысуға шақыруын жалғастырып жатыр. Осыған қарағанда, олар мұндай тұйықтан шығудың жолын о бастан ойластырғанға ұқсайды. Арты қуыс болғанмен, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындармау үшін заң аясында қуыс-қалтарысты бүге-шігесіне дейін зерттегендей. Америкаға студенттерді жұмысқа орналастырамын деп, артынша «лақтырып» кеткен агенттіктер туралы жазса, мысал жетіп артылады. Өз басым да олардың қақпанына түсіп, аузым күйгенін жоғарыда жаздым. «Неге?» деген сұраққа жауап іздедім. Негізінен, мұндай агенттіктер күмән тудырмау үшін бірінші кезекте интернеттегі жарнамаға қатты көңіл бөледі. Шүбәсіз иландыру мақсатында бәленбай жылдық тарихын, олардың қызметін пайдаланып, қыруар ақша тапты деген жастарды жарқыратып жарнамалайды. Оның ақиқатын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Екінші қателік, агенттікпен келісімшартқа отырғанда бірнеше парақты аяғына дейін мұқият оқымау. «Былай болса, не болады» деген сыңайда сұрақтар қоймау. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сақтыққа келіп тіреледі. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдар алдында «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керектігі қаперіңізде болсын!
Асқарбек Қазанғап