Алаяқтық жасап, ала жіпті аттау қылмыстың кең таралған түріне айналды. Теріс ниеттілер жетімнің көз жасынан да қорықпайды. Еліміздің Бас прокуратурасы таяуда алаяқтардың жолын кескенін хабарлады. Алматы облысында жетімдердің баспанасын жекелеп алған алаяқтар әрекеті әшекерленді. Олар соңғы үш жыл бойы баспананы жалға беріп, табыс тауып отырған. Алматы қаласында да осындай жағдай тіркелді. Алаяқ Поляховтарға тиесілі үйді жалға беріп, 4 мың долларды қалтасына басқан. Енді олардың ісін сот қарайды. Жалпы, биыл қылмыс саны 3,5 пайызға азайып, 256 мыңды құрады.
Әр адам ертеңгі күнге үкілі үмітпен қарайды. Алдынан жақсылық күтеді. Осы ойдың жетегімен жүрсек, былтырға қарағанда, алаяқтық әрекет саны еліміз бойынша біршама азайған. Оның бір ғана мысалы: Оңтүстік Қазақстан облысы республикада үшінші орында болатын. Күнгейдің прокурорлары соңғы 5 жылда тұрақты түрде өсіп келе жатқан бұл санаттағы қылмыс биыл төмендеді деп сүйіншілеп отыр. Биыл жыл басынан бері Павлодар облысында да алаяқтық оқиғалары 40 пайызға азайған. Ашығын айтсақ, еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов осы салаға басшылық жасағалы бері кері жетектеген кемшілік жойылып, қылмыс саны қысқарып, көзбояушылық ақпарға тосқауыл қойылды.
Алаяқ қапысыз жүрген халықтың баспанасы алдап-арбаумен иемденіп алуда алдына жан салмайды. Енді бірі – «жер әперемін» деп сан соқтырады. Онсыз да қалт-құлт өмір сүріп жүргендердің тірнектеп жиған-тергенін сыпырып әкеткенде, беті бүлк етпейді. Олардан адамгершілік, ар-ұят іздеп әуре болудың қажеті шамалы. Бетпақдала құмында жоғалған инені іздеумен пара-пар. Керек десеңіз, ірі шенеуніктің «туысы» да бола қояды. Жер комитетінде де «істеген» болып шығады. Алдыңа келгенде алдап арбаудың небір қитұрқы әрекетін жайып салып, тіпті форма кигені де әшкереленіп жатты.
Сонда бұл не өзі? Сиқыр ма? Халық жаппай неге алданады? Неге олардың жолы болғыш? Сан-сауалдар осылай алдыңды орайды. Ең біріншіден, пәтер сатып алу, сату құжаты туралы сауатымыз жоқтың қасы. Алаяқтың қолындағы жалған құжатқа сене қаламыз. Оның түбін тексеріп жатуды артық санаймыз. Құжаттың түп нұсқасын бере салып, артынан өкініп жататынымыз жасырын емес. Екіншіден, алаяқтар «әртіс». Кез келген мамандық иесінің образына ене алады. Сендіріп сөйлейді. Сондықтан, ол «қызмет ететін» мекемеге, банкке, т.б. телефон шалып, мәлімет жинауға асықпаймыз. Тіпті сатылатын пәтердің неліктен тым арзан екені ойландырмайды. Іштей «арзан алатын болдым! Пәленбай мың теңге өзімде қалады!» деп мәз боламыз. Соңында сан соғып, соттан-сотқа сүйретіліп жүргеніміз. Бүгінде құжаттың көшірмесін берудің өзі қауіпті болып тұр. Олар сол көшірмені түрлі-түсті принтер арқылы оңай жасап алатын көрінеді. Жалған нотариус «аша қалып», мөр басып беру дегеніңіз, олар үшін түк те емес. Жаңалық болмай қалды. Енді алаяқтар жетімдерге де ауыз салып келеді. Жетімдерді жылатып, олардың атындағы үйді, пәтерді жалған құжатпен рәсімдеп алады да, екінші, үшінші біреулерге сатып жіберіп, көл-көсір пайдаға кенеліп жатқандары қаншама. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл сөз бар. Алаяқтар жетімдерден жырып жегенді өз мақсатына айналдырып алғалы қашан? Енді Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметке назар аударсақ. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазпошта» АҚ-ның Төле би аудандық бөлімшесінің бұрынғы бастығы Османова балалар үйі тәрбиеленушілерінің есепшотынан ақша ұрлағаны үшін сотталып кетті. Ал Алматы облысы Үштөбе балалар үйінің әлеуметтік педагогы З.Орманова мекеме тәрбиеленушілеріне тиесілі 1,5 млн теңгені жымқырып үлгерген. Шығыс Қазақстан облысында да жетімді жылатқан оқиға тіркелді. Қамқоршы Н.Крикунованың кесірінен кәмелетке толмаған бала өзінің 1 млн теңгеге жуық жинағынан айырылып қалды. Алматы облысында өз қызын тәрбиелеуден бас тартқан әкенің балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген қызына асыраушысынан (анасынан) айырылғаны үшін тағайындалған 500 мың теңгеден астам жәрдемақыны ұятты ысырып қойып, заңсыз алып келгені анықталды.
Елімізде 30 мыңнан астам жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олардың үштен бірі балалар үйінде тәрбиеленуде екенін ескерсек, отыз мыңнан астам жетім тағдыры ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Алматы облысында алаяқтар, тіпті еркінсіп кетті десек те болады. Олар жаппай жетім балалардың баспанасын алаяқтық жолмен тартып алып жатыр. Жетім балалардың бесеуін бебеулетіп жылатқан алаяқтар бүгінде заң алдында жауап беруде. Төрт жылдай сандалған балалар үйінде тәрбиеленуші апалы-сіңлілі Нетруненколар өз үйіне кіре алмай, сыртынан көз салып қана жүрген еді. Бүгінде олар психолог, заңгер Александр Шевченконың қамқорлығы арқасында жеңіске жетіп отыр. «Өз үйімізге кіре алмай қалдық. Үйді биік дуалмен қоршап тастапты. Көз жасымызды төгіп, амал жоқтықтан пәтер жалдап тұрып жаттық. Жалған құжатпен рәсімдеп алғандар сотта өз кінәсін мойындады. Өкініштісі, үйді қиратып, тіпті есік-терезесіне дейін алып кеткен…» деп еске алады Нетруненколар. Алаяқтар жетімдердің үйі заңмен қорғалғанына қарамастан, құжатты басқа адамға рәсімдеп жіберген. Ал Кристина Паршинаның үйінен ештеңе қалмаған. Сотталатындарын білген алаяқтар үйді қиратып кетіпті. Алматыдағы «Айналайын» балалар үйінің директоры да айтары жоқ, алаяқ болып шықты. Ол тәрбиеленуші Веретникованың атындағы үйді үшінші біреуге жалған құжаттармен сатып, енді еңкілдеп жылап отырған сыңайлы… Балалар үйіндегі жетімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде де «мүйіз» шығып тұр. Қызметтен кеткен мемлекеттік қызметкерлерге жетімдер есебінен кезексіз пәтер беріліпті. Прокуратураның араласуымен 247 бала кезекке қойылды. Араны ашылған алаяқтар Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленушілерге берілетін жәрдемақының 2,5 миллион теңгесін жымқырып, жым-жылас еткен! Жаркенттегі мектеп-интернаттың директоры да жетім балаларға бюджеттен бөлінетін ақшаға ауызды аямай салған . Өзінің жеке иелігіндегі кәсібіне жарты миллион теңге жұмсап, интернатқа кір жуатын машиналар сатып алу барысында 123820 теңгені талан-таражға салды.
Отандастарымыз ертеңгі күнді қуанышпен, жақсылықпен қарсы алғанды қалайды. Прокурорлар осылайша бастаған істі аяғына дейін жеткізіп отырса, алаяқтар өзіне тиесілі жазасын алатыны хақ.
Мұхтар ШЕРІМ