Әкімдер шаршап жүр екен

06 желтоқсан 2019, 11:55

Қонақжайлық – қазақтың ең асыл қасиеті. Келген қонағына көл-көсір дастархан жайып, жылы-жұмсағын мейманының аузына тосу – ежелден қалған салт. Алайда дәстүрді де бұра тартса, шектен шықса, оның қадірі мен қасиеті қашады. Кілтипан дәстүрде емес, соны сылтауратып «асыра сілтейтіндерде». Біздің айтпағымыз мынау еді: Батыс Қазақстан облысындағы ауыл әкімдерінің бірі жұмыстан кетіпті. «Одан тұрған не бар, кім жұмыстан кетпей жатыр» дейтін шығарсыздар. Мәселе әкімнің орнын босатуында емес. Кішкентай шенеуніктің өзінен жоғары аудан мен облыстан келетін үлкен дөкейлерді қонақ қылудан шаршауында. Анығын айтқанда, ауыл әкімін өмірдің өзі шаршатқан.
Жосықсыз қонақжайлықтан азарда-безер болған шенеуніктердің жанайқайын олардың әйелдері жергілікті «Ақжайық – адалдық алаңы» деп аталатын ұйымның басшысы Әлия Салиеваға жеткізіпті. Әлия ханымның Астана телеарнасына берген сұхбатында «Округ әкімдерінен әлде ақша жинайды, әлде тамақ сұрайды. Яғни қой сұрайды, соғым талап етеді. Әкімдер: «Біз өзіміз кәсіпкерлерден көмектесіп жібер», – дейміз. Олардан бір сұраймыз, екі сұраймыз. Үшінші, төртінші рет өзіміз қалтамыздағы айлық жалақыны жұмсаймыз», – дейді. Ал әйелдері: «Біз мамыр айынан күзге дейін жолдасымыздың айлық жалақысын көрмейміз. Сондай жағдайға жеттік», – депті.
Бұл таңданатын жаңалық емес. Барлық өңірге ортақ жағдай. Ауылдағы кішкентай шенеуніктер жоғарыдан келген дөкейлерді, комиссия мүшелерін асты-үстіне түсіп күтіп, қонақ қылады. Қазы-қарта, жал-жаясын асып, иығына шапанын жауып, қалтасына бір аттың ақшасын салып, шығарып салады. Мұны ешкім үйреткен жоқ. Қазақы қонақжайлықтың асқынған түрі. Яғни мансап үшін майшелпек болған меймандостықтың шектен шыққан шегі.
Бірнеше жыл бұрын Керекудің Баянауылына жолымыз түсті. Жұмыс бабымен. «Журналистер келді» деп, әкімдіктегілер шапқылап жүр. Шаруамызды айттық. Ары қарай өз жұмысымызға кірісіп кеттік. Түске қарай әлгі әкімдік қызметкерлері абыр-сабыр бола бастады. Сөйтсек, олар бізге арнап дастархан жайғалы әбігер болып жатыпты. Біз «Көңілдеріңізге рахмет! Іссапарға бөлінген ақшамыз бар. Соған тамақтанамыз. Тиын жинамаңыздар. Дастархан жаймаңыздар», – деп, иненің көзінен өтердей лыпылдап жүрген әкімнің көмекшісін шақырып алып, оңаша айттық. Әлгінің көзінің ағы мен қарасы араласып кетті. «Ойбай, ондай бола ма?! Бізге келген қонақтар құстың сүті мен жылқының өтінен басқаның бәрін сұрайтын еді. Сіздер қандай жақсы меймансыздар», – деп қолымды қайта-қайта қыса берді. Сөйтсек, бұған дейін келген сыйлы меймандардың бәрі «Ана жақтан келдік. Мына жақтан келдік. Ана министрдің, мына әкімнің адамымын», – деп, әбден қажытыпты. Әсіресе, жазғы демалыс маусымы мазасыз болатын көрінеді. Астана жақтағы дөкейлер бала-шағасын Жасыбайға демалуға жіберіп «Күтіп алыңдар!» деп қоңырау шалады екен. Бұлар жұмыстың бәрін доғарып тастап, әлгі дөкейдің әйелі мен бала-шағасын Сабындыкөлдің сабынына шомылдырып, Жасыбайдың айдынына жуындырып, Торыайғырдың құмына қыздырып қайтарады. Ондай қоңыраумен келетіндер бір-екеу бола ма? Алажаздай айлық-шайлығын соларға шашып, шаршайтын көрінеді. Жайық өңіріндегі әкімнің жұмыстан кетуі де осындай шектен шыққан қонақжайлықтың кесірі.

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?