Шымкент қаласының шағын аудандары мен тұрғын алаптарының инфрақұрылымын толық қамту бойынша ішкі орам көшелерінде жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Солардың бірі, Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданы.
Ақжайық шағын ауданының Көкиірім көшесінде 20-ға жуық үй орналасқан. Ішкі орам көшенің ұзындығы 500 метр, ені 5 метрді құрайды. Қазіргі уақытта асфальтбетон қабатының бірінші қабаты толықтай төселіп бітті.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданы бойынша тағы 22 көшеге асфальт төселетінін жеткізді.
Биыл 350 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның 67 шақырымы жол құрылысы мен қайта құру жұмыстарына тиесілі. Оған қаладағы 2 жолайрық, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдары және А2 айналма жолының құрылысы кіреді.
Сонымен бірге, тамыздың соңына дейін қаладағы барлық жолдарға қатысты орташа және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Қалған жол құрылысына байланысты жұмыстар келесі жылға өтпелі нысандар. Ол жоғарыда айтылған айналма жолдар мен жолайрық құрылысы.
Алдағы уақытта 178 аялдама қою жоспарда бар. Қалада 444 аялдама жетіспейді. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін аялдамасы бар көшелер санын 80 пайыздан асыруымыз керек. 65 аялдамаға демонтаж жасалып, басқа орындарға қойылады. Сонымен бірге, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында жолайрықтың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асады. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғалары, ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.
Айта кетерлігі, биыл тамыздан бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз қызмет жүйесіне көшетінін мәлімдеді. Қаладағы тұрақты бағытта қатынайтын 78 маршрутпен күнделікті мыңға жуық автобус жолаушылар тасымалдайды. Ал осы қоғамдық көліктерде екі мыңдай кондуктор қызмет атқарады. Енді жолақы төлемі кондукторсыз жүзеге асырылады.
Тоқтар Жақаш