Ақынды қорлап, батырға көшті

08 қараша 2019, 12:05

Шығыста тағы да шу шықты. Бұл жолғысы сол бір ескірмеген ескерткіштердің жыры. Кезінде хәкім Абайдың кеуде мүсіні қоқыстан табылып жұрттың ашуына тисе, осы жолы Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың сұрықсыз мүсіні көптің сынына ілікті.

Семей қаласындағы «Жеңіс саябағы» аллеясына Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың мүсіні қойылды. Қойылғаны сол еді, дүйім жұрт мүсінді әлеуметтік желіде қызу талқыға салды. Көпшілік Отан үшін от кешкен Мәншүкті ұсқынсыз қылып жасаған шеберлер мен мүсінді саябаққа орнатқан әкімдікті сын садағына алған. Қалалық әкімдіктегілер болса, мүсінді тапсырыспен жасатқандықтарын растап отыр.
Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаевқа хабарластық. Ол: «Биыл жазда қала ішіндегі қураған ағаштардан шағын мүсіндер жасау жұмысы басталған еді. Бұған дейін аю, домбыра секілді мүсін жасалып, Абай алаңына қойылған-тұғын. Әуел баста бұған семейліктердің пікірі оң болды. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін Алтай қаласынан келген шебер Юлия мен Иван Куртуновтарға «Жеңіс» саябағындағы шіріген ағаштан мүсін жасау туралы ұсыныс жасадық», – дейді.
Оның айтуынша, саябақтағы жауынгер қыздың мүсіні сәтсіз жасалғандықтан, қазіргі уақытта алынып тасталыпты. Әкімдік өкілі: «Ағаш мүсінді жасауға қалалық бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмаған. Енді осы бағыттағы жұмыс қатаң бақылауда болады», – деді.
Былтыр күзде хәкім Абай мүсінінің Өскемен қаласындағы қоқыста жатқан фотосуреті әлеуметтік желіге тарап, мұқым елді дүр сілкіндірген еді. Ұлы ақынның мүсініне кезінде Шемонаиха ауданының әкімдігі тапсырыс берген-тұғын. Алайда мүсінші өз жұмысын аяқтағаннан кейін шенеуніктер ақша төлеуден бас тартыпты. Осылайша, мүсін ешкімге керексіз болып қалған.
Мүсіншінің ұлы Владимир: «Бұл ескерткішке 2014 жылы Шемонаиха ауданының әкімдігі тапсырыс берді. Әуел баста олар әкеме 500 мың теңге береміз деп уәде еткен, бірақ мүсін жасалып біткен соң бағаны түсіре бастады. Содан барып, мүлде алмайтындықтарын айтып, ешқандай тапсырыс жасамағанын алға тартты», – дейді.
Өкінішке қарай, келісім жазбаша емес, ауызша жасалыпты. Әлеуметтік желі қолданушылар ақынды қорлағандарға қатты ашуланған-ды. Абайдың портретін жасаған Владимир Самойлов: «Үйге жөндеу жұмыстарын жасап жатқандықтан, ескерткішті қақпаның сыртына шығарып қойдым. Жолай өтіп бара жатқан ешкім де мүсінге мән берген жоқ. Тек оның қасына қоқыс шығарылғаннан кейін ғана үлкен шу болды. «Абайдың мүсіні қоқыста жатыр» деген сөз бүкіл елге жайылып кетті», – деп ақталған.
Көп ұзамай жергілікті билік мүсінді сатып алу жайлы шешім қабылдады. Әкімдіктің базасына көшірілген Абайдың мүсінін Владимир Самойлов өзі бояп шыққан. Мүсін қалыпқа келгеннен кейін облыс орталығындағы мектептердің бірінде орнатылыпты.
Абай мүсініне қиянат одан бұрын да болған. Естеріңізде болса, Өскеменде 2014 жылы Абай Құнанбайұлы мен оның досы, орыс ғалымы Евгений Михаэлистің ескерткіші тұғырда бар болғаны бір тәулікке жетер-жетпес уақыт қана тұрды. Оның суретін әлеуметтік желіде жариялаған қолданушылар ескерткіштің көркемдік мазмұнын қатты сынап, монументтегілер Абай мен Михаэлиске емес, «қортық адамдарға» ұқсайды деп жазды. Кейбіреулер қолына кітап ұстап тұрған Михаэлисті «cелфи жасап тұрған» адамға ұқсатты. Қоғамда осы дау-шар басылмай жатып, қазақтың тағы бір ардақтысын қорлау басталып кеткендей.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ,
Шығыс Қазақстан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген