Биыл Ақтөбе облысында Есет Көкіұлының 350 жылдығы тойланып жатыр.
Жоңғар-қалмақ шайқасында Әбілқайырдың қолбасшысы болып, жерін жаудан қорғаған Есет батырдың ерлігі әлі күнге дейін ел аузында жүр. Осыдан біраз жыл бұрын Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылында Есет баһадүрдің кесенесі бой көтерсе, енді 350 жылдығында еңселі ескерткіші тұрғызылды. Сондай-ақ батыр ауылында жаңа амбулатория мен мәдениет үйі ашылды.
4 мыңнан астам тұрғыны бар Бестамақ ауылындағы амбулатория ескі ғимаратта орналасқан еді. Оның өзі уақытша жалға алынған. Қалаға жақын жердегі болшағы зор ауылда жаңа амбулатория салынып, халық игілігіне тапсырылды. Әлеуметтік маңызды нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылды. Қажетті медициналық қондырғылармен жабдықталып, дәрігерлер саны артты. Мұнда күндізгі стацианар мен тіс емдейтін кабинетке дейін бар.
Мәрия Үмбетова, ауыл тұрғыны:
— Қалаға жүгіретін едік, қазір жақсы, қуаныштымыз. Бестамақ ауылын гүлдендіріп жатыр. Бізге енді педиатор керек.
Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Биыл ауылдық мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында арнайы мемлекеттік -жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы басталып, жүзеге асып жатыр. Дәрігерлік амбулатория – 10, 4 ФАП , алтауы – медициналық пункт.
Ауылдағы мәдениет үйі де 20 жылдан бері жұмыс істемеді. Биыл «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкер ескі ғимаратты жаңғыртып берді. Енді ауылдағы барлық мерекелік шаралар осы жерде өтеді. Бестамақ ауылы маңындағы күре жолдың бойына Есет Көкіұлының еңселі ескерткіші қойылды. Жергілікті халық жетірудың аға биі болған Есеттің батырлығымен қатар, жомарттығын да жыр қылып айтады. Шайқастарда жауына тайсалмай қарсы шығып, қол бастаған батыр туралы түрлі аңыздар бар. Елі мақтан еткен ердің ескерткішін тұрғызуға жергілікті кәсіпкерлер қаржы бөлген.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
— Биылғы жылдың біздің еліміз үшін ерекше жыл екенін сіздер білесіздер. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» деп атады. Қазіргі таңда Қазақстанның экономикада, саясатта үлкен жетістіктері бар. Біз өзіміздің сана-сезімімізді болашақ ұрпақ үшін соған сәйкес жасауымыз керек.
Батырдың 350 жылдығына жан-жақтан мыңдаған қонақ келді. Этноауылда ас беріліп, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жұртшылық батырдың ерлігі туралы театрландырылған қойылымды тамашалады.