Ақтауда қызымен бірге балконнан секірген әйел полицейлерден жәбір көргенін мәлімдеді. Ауруханада жатқан 40 жастағы Зарина Байдосованың айтуынша, Шымкенттен барған тәртіп сақшылары бұларды кепілге алып, қорқытып, ұрып-соққан, деп жазады Today.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Тіпті қызын зорламақ болған көрінеді. Содан соң құлағанда жұмсақтау болсын деп қызымен бірге жастық ұстап үшінші қабаттан секіріпті. Жамбасы сынып, миы шайқалған ол бірден полицейлердің үстінен шағым жазды. Ал оңтүстіктің ішкі істер департаменті өз қызметкерлерін жақтап, балконнан секірген әйелді күдікті деп отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ұрлық жасаған Байдосова полицейлерден емес, заңнан қорқып қашқан.
Зарина Байдосова қызымен бір палатада жатыр. Екеуінің де жамбасы сынып, миы шайқалған. Дәрігерлер анасы мен қызы екі айсыз аяққа тұрмайды деп отыр. Десе де, Заринаның өзі балконнан секіргеніне бір сәт те өкінбейді. Себебі, жалдамалы пәтерге әкелген полицейлер қызы екеуіне білгенін істепті. Заринаның өзін ұрып-соқса, қызын зорлауға пиғыл танытыпты.
«Полицейлердің өзі үшеу болған. Оларға кейінірек тағы үш жігіт кеп қосылды. «Қазір ішімдік пен тіске басар бірдеңе әкеліп, тойлаймыз» деп, бізге қарап ыржыңдады. Олардың көзқарасынан қызымды зорлағысы келгенін түсіндім. Сөйтіп, екеуіміз қашуға бел будық», — деді Зарина Байдосова.
Ал күнгейлік полицейлер бұл жағдайды мүлдем басқаша түсіндірді. Тәртіп сақшыларының айтуынша мамыр айында Зарина Байдосова жалдаған пәтерін үптеп кетіпті. Ұрлық бабымен іс қозғаған полицейлер Заринаның Ақтауда жүр деген ақпарын естіп, майор мен аға лейтенантты артынан жіберген екен.
«Үйін жалдап тұрған бір уақыт және де үйінде тұрған кезде үйіндегі дүние мүлкін сауда қылып жіберген. Санап қараған кезде үлкен мөлшерде залал келтірген. Екі миллион теңгеге жуық. Іссапарға шығу мақсаты ол күдікті азаматшаны Шымкент қаласына алып келіп, арыз бойынша түсініктеме алу керек еді», — деді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Естеріңізге салайық, Ақтауда әйел қызымен бірге үшінші қабаттан секіріп кеткен еді.