Әлеуметтік желілерде Ақтау маңындағы Ақшұқыр ауылында арыстанның серуендеп жүргені түсірілген видео тарады.
«Жігіттер, арыстан жүр, абай болыңдар. Қызық, әрине. Бірақ абай болыңдар», — дейді видео авторы.
Маңғыстау облысының полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға 25 маусымда болған.
«Шамамен сағат 05:30-да 102 кезекші пультіне Ақшұқыр ауылында арыстанның жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Дереу шақыртуға Департамент басшылығы, полиция департаментінің ӨМБ табиғатты қорғау полициясы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шықты», — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметіндегілер.
Кейін арыстанды ұстапты. Ол аман-сау. Қазіргі уақытта оның қайдан пайда болғаны анықталып жатыр.
tengrinews.kz