
АҚШ-тың Чикаго қаласындағы федералды прокурорлар Medicare және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты ауқымды алаяқтық істер бойынша бірнеше шетел азаматтарына айып тақты. Бұл туралы CWBChicago басылымы жазды.
Тергеу дерегінше, күдіктілер медициналық құрал-жабдықтар мен диагностикалық тексерулер көрсетілмесе де, жалған құжаттар арқылы мемлекеттік және жеке сақтандыру компанияларынан 1 млрд доллардан астам қаржы алған.
Прокурорлардың мәліметінше, Әнуар Әбдірахманов деген қазақстандық азамат Кентукки штатында тіркелген Priority One Medical Equipment компаниясын бақылауына алып, 2024 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында глюкоза мониторлары мен катетерлер жеткізу бойынша шамамен 666 млн доллар көлемінде жалған өтінімдер жолдаған.
Айыптау құжаттарына сәйкес, Әнуар Әбдірахманов АҚШ-қа 2023 жылдың мамыр айында маусымдық жұмыс визасымен кіріп, визаның мерзімі 2023 жылдың қыркүйегінде аяқталса да қалып қойған. 2024 жылдың сәуірінде ол компанияның бұрынғы иесі сатқаннан кейін Priority One-ның мүшесі әрі менеджері болған.
Тергеу барысында Medicare жүйесіне Priority One компаниясына қатысты шамамен 250 шағым түскені анықталған. Тұтынушылар өздеріне ешқандай медициналық құрал жеткізілмегенін айтқан. Иллинойс штатындағы алты адам Priority One атынан рәсімделген диабеттік құрылғыларды сұратпағанын және тіпті қант диабетімен ауырмайтынын мәлімдеген.
2024 жылдың шілдесінде жүргізілген бақылау кезінде компанияның кеңсесі жабық әрі бос тұрғаны байқалған. Онда жұмыс істеген қызметкерлердің айтуынша, олардың міндеті тек хаттарды жинап, Telegram мессенджері арқылы бұрын-соңды жүзбе-жүз көрмеген жетекшіге жолдау болған.
Medicare 2024 жылдың шілдесінде Priority One-ға төлемдерді тоқтатса да, қосымша Medigap сақтандыру компаниялары кемінде 450 мың доллар көлемінде төлем жасаған. Қаржылық деректерге сәйкес, Әнуар Әбдірахманов бұл қаражаттың бір бөлігін Гонконгтағы есепшоттарға аударып, басқа шетелдік шоттарға да қаржы жіберуге әрекеттенген.

Тағы осыған ұқсас жағдай бойынша Чикаго маңында тұратын Қазақстан азаматы Тайыр Смағұл да ақша жылыстату мақсатында сөз байласқан деп айыпталуда. Прокурорлардың айтуынша, ол Коннектикут штатында тіркелген Medical Home Care Inc. компаниясын бақылап, Medicare және Medigap жүйелеріне медициналық қажеттілігі жоқ немесе мүлде жеткізілмеген катетерлер үшін жалған есепшоттар ұсынған.
Айыптау деректеріне сай, Medical Home Care 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың маусымы аралығында катетерлерге қатысты шамамен 470 мың өтінім жолдап, жалпы сомасы $953 млн-ға жуық жалған талап қойған. Осы кезеңде Medicare жүйесіне компанияға байланысты 27 мыңнан астам шағым түскен.
Тергеушілер сөйлескен 19 тұтынушының барлығы өздеріне көрсетілген қызметтерді алмағанын айтқан. Ал кейбір дәрігерлер олардың аты-жөні құжаттарда заңсыз пайдаланылғанын, аталған азаматтар өз пациенттері емес екенін жеткізген.
Қаржылық есептерге сәйкес, Medigap сақтандыру компаниялары 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Medical Home Care-ге кемінде 854 мың доллар көлемінде төлем жасаған. Тергеу нұсқасы бойынша, Тайыр Смағұл бұл қаражатты қолма-қол шешіп алып, кейін компанияның есепшоттарын жауып, ақшаны жеке шотына аударған.
Қазіргі таңда екі іс бойынша да сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Айып тағылған азаматтар өз кінәсін әлі мойындаған жоқ.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: CWBChicago