jasqazaq.kz

АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?

Бүгін, 11:54

АҚШ пен Венесуэла арасында бітпес дау, сөз қағыстыру бұрыннан бар. Оңтүстік Америкадағы елдің бұрынғы президенті Уго Чавес те (1999-2013 жылдары басқарған) Құрама Штаттардың сол кездегі президенті Жорж Бушқа күнде дерлік лағынет айтып отырушы еді. Бірақ бұл мемлекеттердің арасы ол өлген соң да жақсы болған жоқ. Енді тіпті соғыс болатындай жаңа арнаға түсіп барады.
Тынық мұхиттың шығысы мен Кариб теңізіндегі есірткінің заңсыз тасымалымен айналысады делінген кемелер осы күздің басында атқылана бастады. Содан бергі екі айға жуық уақытта (1 қыркүйек пен 25 қазан аралығында) аталған аймақтағы су көліктеріне 10 рет соққы берілген. Соның салдарынан жалпы 43 адам қаза тапқан. АҚШ тарапы Венесуэланың «Трен де Арагуа» қарақшылық тобы мен Колумбияның «Ұлттық азат ету әскері» тобын нысанаға алғанын айтуда.
Осылайша, қазір АҚШ пен Венесуэла арасы ушығып тұр. Бұл тұрғыда әр тараптың өз уәжі бар. Вашингтон Кариб теңізіндегі Оңтүстік Америка жағалауына жақын маңда жүрген есірткі тасымалдаушылармен күресіп жатқанын айтады. Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп жақында тіпті АҚШ-қа елірткіш зат әкелетіндерді қырып-жоюға уәде берді.

Ол Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында есірткі тасымалдаушыларға қатысты «өлтіру» деген сөзді екі рет қолданған. Яғни сөзбе-сөз келтірсек, Трамп былай деді: «Біздің елге есірткі таситындарды өлтіре береміз. Түсінікті ме? Біз оларды өлтіреміз».

Вашингтон, әсіресе, Венесуэланы АҚШ-қа есірткі тасымалдаушы негізгі ел деп санайды. Тіпті президент Николас Мадуроны осы істің басшысы ретінде көреді. АҚШ Федералдық тергеу бюросының директоры Каш Патель Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде: «Мадуро жемқор ғана емес, ол нарколаңкес-диктатор ретінде айыпталған. Америка оның қан төгумен табылған қаржысын сақтау орнына ешқашан айналмайды», – деп жазды.
Әрине, ресми Каракас бұл айыптауды түгел теріске шығарып отыр. Мадуро бұны өзіне қарсы арандату ретінде қабылдайды. Венесуэла президентінің ойынша, Вашингтон осы әрекеті арқылы оны тақтан тайдыруға, аймақта соғыс отын тұтандыруға мүдделі.
«АҚШ халқы бұны біледі. Олар (АҚШ билігі – ред.) жаңадан мәңгі соғыс ойлап тапты, – деді Николас Мадуро. – Олар ешқашан соғыс ашпауға уәде берген еді. Ал енді соны ойлап тапты… Венесуэлада кока жапырағы дайындалмайды. Біз кокаин өндірмейміз. Есірткінің қалған 5 пайыз тасымалын түгел жоямыз. Ол бізге Колумбиядан әкелініп жатыр».
АҚШ билігі Венесуэла президентін тақтан тайдырғысы келетінін жасырған емес. Бұл – негізі, бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Вашингтон 2013 жылдан бері ел басқарып келе жатқан Мадуроны заңды президент деп мойындамайды. Венесуэла оппозициясы өкілдерінің ойынша, 2024 жылғы президент сайлауының нәтижесі бұрмаланған. АҚШ тіпті Николас Мадуроны тұтқындауға септігін тигізетін ақпарат үшін 50 миллион доллар сыйақы берілетінін мәлімдеді. Бірақ Венесуэла басшысының төңірегінен оны осынша ақшаға сатып кететін адам әзірге табылмай тұр. Сарапшылар Мадуроның жақындары арасынан оны ұстап беретін адам 500 миллион долларға да табылмайды-ау дегенді айтады.


Бұл текетірестен мұнайдың да иісі сезіледі. Көптеген сарапшылар соған меңзеп отыр. Олар бұл араздықтың түп тамыры тереңде жатқанын айтады. Вашингтон аталған елдегі энергетика саласына, нарыққа және геосаясатқа ықпал етуге мүдделі. Әсіресе, бұл жерде мұнайдың маңызы зор. Қазір Венесуэлада 303 миллиард баррельден астам мұнай қоры бар. Әрине, ондай байлықты Мадуро Трамптың қолына оңайлықпен ұстата салмайды.
Сондықтан ендігі жерде соғысудан басқаға амал қалмайтын сияқты. Дональд Трамп әскери операция жүргізуге Конгрестен бата сұрамайтынын мәлімдеді. Ол соққылар құрлыққа қарай өтіп, Венесуэланың ішкі жағына жетуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, Федералдық тергеу бюросына аталған елде құпия операция жүргізуге рұқсат берілген.
Каракастағылар да қол қусырып отырған жоқ. Николас Мадуро халық жасағының 4,5 миллион мүшесін әскерге шақырды. Теңіз флоты және әуе қорғанысының қатысуымен ауқымды әскери оқу-жаттығу өткізілмек. Тіпті ол елде қару асынған миоллиондардың жаппай шеруін өткіземін деп сес көрсетті. Осылайша, Мадуро соғыс бола қалса, оған да тас-түйін дайын екенін байқатты.
Оразәлі Баймұрат

Сурет: ғаламтор

 

30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
29 қазан, 15:26
Самат Қазақбаев: Масылдықты жоюға бағытталған шаралар Еңбек инспекциясының қатаң бақылауында
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
28 қазан, 13:58
Мақсат Халық: Қаржы сауаты қыруар шығыннан қорғайды
28 қазан, 12:33
Ерболат Ибрайханов: Әр ауылға таза су жеткізу – стратегиялық міндет
24 қазан, 14:44
Manish Chand: Kazakhstan’s foreign policy aims to build balanced relations and strengthen partnerships with nations large and small
24 қазан, 14:04
Бітімгерлер – бейбітшілік елшісі
24 қазан, 13:43
Маниш Чанд: Қазақстанның сыртқы саясаты үлкенді-кішілі мемлекеттермен теңгерімді байланыс орнатуға және серіктестікті нығайтуға бағытталған
23 қазан, 16:20
Нақты іске бағыттайтын бастамалар