Ақерке Әлібек: Шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – міндетіміз

29 мамыр, 14:59

Киелі Түркістан өңірі – шетелдік туристер үшін тартымды аймақ. Содан ба, сырттан келетін қонақтардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Е-Qonaq мәліметінше, биылғы І тоқсанда Түркістан облысын 4485 шетелдік турист аралап қайтқан. Былтырғыдан 5 есе көп. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш – 980, ал 2022 жылы 358 болған.

Алыстан ат арытып жеткен туристер өздерін жайлы сезініп, қандай да бір қиындық-кедергіге тап болмауы үшін оларға қонақжайлылық таныту аз. Сондықтан туристермен тікелей жұмыс істейтін арнайы полиция қызметін құру мәселесі осыдан бес-алты жыл бұрын зерделенген еді. Еске түсірсек, 2018 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында сол кездегі ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов елімізде туристік полиция құруды ұсынған болатын. Полиция генерал-майоры: «Жағымсыз пікірлерге қарағанда, жақсы пікірлер көп. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Алматыдағы Азия ойындарында полицияның шетел азаматтарына тиісті дәрежеде қызмет көрсеткенін бәрі біледі. Қазір біз туризм саласын қолдау бағытында мәдениет және спорт министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бірқатар мәселелерді айттық. Соның бірі – туристермен тікелей жұмыс істейтін туристік полиция құру», – деп еді. Осы жобаның жемісті жүзеге асуына мұрындық болған Мұрат Қабденов бүгінде Түркістан облысының Полиция департаментінің басшысы қызметінде.

Сөйтіп елімізде 2019 жылы туристік полиция құрылып, жұмысын бастады. Бұл өз кезегінде елімізге шетелдіктер мен инвесторларды тарту, шетел азаматтары елде болу кезінде жайлылық пен қауіпсіздік сезінулері үшін қызмет ететін жаңа бөлімше — туристік полициямен қамтамасыз етілді. Арнайы киім, қажетті техника, құрал-жабдықтармен жарақталған туристік полицияға шетелден келген қонақтардың қауіпсіздігін қорғау міндеті жүктелді. Қазіргі таңда шетел азаматтары көп келетін өңірлерде туристік полициялар жұмыс істеп тұр. Сондай қаланың бірі, рухани астана — Түркістан қаласында да бұл қызмет түрі бар. Бүгінде бұл салада жиырмадан астам туристік полицей қызмет атқарады. Біз Түркістан ҚПБ ППБ туристерге қызмет көрсету взводының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Ақерке Кенжебайқызы Әлібекпен әңгімелескен едік.

— Ақерке, туристік полцияның негізгі қызметіне тоқталып өтіңізші. Қандай қызмет атқарасыздар?

— Облыс орталығы – рухани астанамыз Түркістан қаласында алғаш рет 2019 жылдан бері туристік полиция жұмыс істеп келеді. Оған дейін бұл қызмет түрі болған жоқ. Мемлекет басшысының ішкі істер саласына реформа жасау туралы тапсырмасынан туындаған бастама қолдау тауып, бүгінде табысты жұмыс атқаруда. Менің ойымша, бұл қызметті құру қажеттіліктен пайда болды. Өйткені елімізге қаншама туристер келіп кетеді. Олардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз-елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының қауіпсіздігін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы, шетелдіктер елде болған кезеңде олардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін 10 өңірде, атап айтқанда, Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында, мәдениет объектілері, қалалардың көрікті жерлері мен курорттық аймақтар орналасқан жерлерде туристік полиция жұмыс істейді. Негізгі функциялары мен міндеттері — өз құзыреті шегінде туристік объектілердің аумағын патрульдеу және туристерге түрлі жағдайларда көмек көрсету; туристік объект аумағындағы азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін, құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау; әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, қылмыстардың жолын кесу және қылмыскерлерді «ізін суытпай» ұстау бойынша қажетті шаралар қабылдау; көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдік азаматтарды туристік объектінің орналасқан жері бойынша полиция органына жеткізу.

— Жыл басынан бері туристер арасында тәртіп бұзған фактілер тіркелді ме? Ондай жағдайда туристерге жаза қолданылады ма?

— Түркістан қаласы — рухани астана, киелі шаһар болғаннан кейін, мұнда күн сайын келушілер саны артпаса, ешқашан кемімейді. Оның үстіне Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы мәртебесіне ие болған Түркістанға келушілер мен саяхатшылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Туристік астана атану бұл саланың жұмысын дамыта түсуді қажет ететіні, жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні мәлім. Осы орайда өңірде туризм саласы тарихи-танымдық, экологиялық және емдеу-сауықтыру бағыттарында дамып жатыр. Қалада күнделікті іс-шаралар толастаған емес. Әрине, мұның басым көпшілігі қалаға келетін туристерге арналады. Сондықтан, шаһарға келуші туристер қандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, оларға алдымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, профилактикалық түсіндірме жұмыстары мен заңды шарасы қолданылады. Бірақ осы уақытқа дейін қаламызға келген туристердің қатысуымен ешқандай құқық бұзушылық орын алмаған. Негізінен, шетелден келетін туристер де өзге елде өздерін қалай ұстау қажеттігін, жеке қауіпсіздігін жақсы біледі деп ойлаймыз.

— Осы салада қызмет етіп жүргеніңізге біраз болды ма?

— Түркістан қалалық Полиция басқармасында 2023 жылдан бері туристерге қызмет көрсету инспекторы болып қызмет атқарып келемін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін болса да, жұмысым өзіме ұнайды. Азаматтарға, шетелдіктерге қолымыздан келгенше көмектесеміз. Туристердің жүріп-тұруын, сонымен қатар, ұрлық пен құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында туристік аймақтарда арнайы «SOS» батырмалары мен бейнебақылау камералары орнатылған. Егер шетелдіктер адасып қалып немесе бұйымдарын жоғалтып алып жатса, осы батырманы басу арқылы туристік полицейлерді көмекке шақыра алады. Жуырда Қытай мемлекетінің азаматы өзінің өзімен бірге келген ңұсқаушысынан адасып кеткенін айтып, кесене аумағында орналасқан «SOS» батырмасын басу арқылы полициядан көмек сұраған болатын. Шетел азаматының шақыртуына дер кезінде барып, азаматқа тиісінше көмек көрсетіліп, жақындарына тапсырдық. Бізде мұндай оқиғалар жиі кездесіп тұрады.

— Туристік полицейлерге шет тілін білу маңызды, сіз қанша тіл меңгердіңіз?

— Әрине, туристік полицейлерге шет тілін білу өте маңызды. Өйткені қаламызда жергілікті тұрғындардан бөлек, әр түрлі елден келетін туристер көп. Қалаға келген туристерге сапалы қызмет көрсету үшін полицейлер де бірнеше тілді меңгеру керек. Түркістандық туристік полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби және қызметтік қасиеттері жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген мамандар. Сондай-ақ, туристерге туындаған мәселелерін шешу үшін өзге құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтамыз етуде қызмет жасауға дайын. Біздің мамандар қазақ тілін, сондай-ақ орыс, қытай, ағылшын, түрік тілдерін еркін меңгерген. Мен түрік тілінде еркін сөйлеймін. Одан бөлек, ағылшын тілін де жоғарғы деңгейде меңгергенмін. Айта кетейін, қазіргі таңда туристік полиция қызметінің штат саны 25 қызметкерді құрайды. Бұл Түркістан қаласына келуші қонақтар мен шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде деп ойлаймын.

— Түркістан қаласына келетін туристер негізінен қай елдерден көп келеді?

-Түркістан облысы – тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай. Облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Түркістан қаласы сырын ішіне бүккен, тарихы қалың, әлі де құпиясы ашылмаған ежелгі қала. Түркістан қаласындағы басты туристік нысан — Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бұл көптеген туристер үшін қызық. Оны өз көзімен көру үшін алыстан ат арылтып келетіндер көп. Кесененің іші тұнған тарих. Ахмет Яссауиден бөлек, қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген. Дерек бойынша, халықаралық мәртебеге ие орында 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны мәлім. Жалпы өткен ғасырдардың көзі болған ғажайып кесенені көруге келушілер, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауиды зиярат етушілер өте көп. Жыл басынан бері тек Түркістан қаласына 260 мыңға жуық турист келген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінен де келгендер.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан ҚАНЫБЕК,

Түркістан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген