Түзде жортқан киіктердің мүйізін сатып баюды ұйғарған табиғат қаскөйлері қорықшыларға шабуыл жасау оқиғасы Қарағанды облысында болды. «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлері далада оққа ұшқан киіктердің терісін табысымен, қар үстіндегі көлік ізін қуалайды.
Ақыры, екі көлікті тоқтатады. Қылмыстарын мойындаудың орнына табиғат жанашырларына сес көрсеткендер тексеру кезінде, оларға шабуыл жасайды. Қорық мамандары қансырап жатып, құзырлы орындардан көмек сұрайды. Ал инспекторларды өлімші етіп соққыға жыққан үш азамат оқиға орнынан із суытады. Екі азамат ауруханаға жеткізілгенімен, бірі – Ерлан Нұрғалиев бірнеше сағаттан соң көз жұмған. Осындай жағдайға жеткізетін не сонда?
Құзырлы орын өкілдері киіктерді қорғауға қатысты шара күшейтілгенмен, жабайы аңшылардан айла артылмай тұрғанын айтады. Себебі жануарлардың мүйізі өте қымбат. Соның салдарынан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануардың жағдайын ойлайтындар аз болып тұр. Мылтық асынып дала кезгендердің жүрдек көліктерін қуып жетудің өзі қиямет. Ал қорықшыларды қор етіп жүрген ескі әрі жүрісі баяу көліктер. Әрі олардың айтқаны заң екендігін түсінетін жағдай да қалыптаспаған.
Ерлан Нұрғалиевтің өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Ал екінші инспектор қазір дәрігерлердің бақылауында. Далада өлексесі қалған бес киікті атқан адамдар соқталдай азаматтың түбіне жетті. Ол елдің игілігін, байлығын сақтау жолында қапыда қаза тапты. Қаскүнемдердің қолынан көз жұмған асыл азаматты жоқтаушылар, көңіл айтушылар әлеуметтік желіде сан түрлі пікір жазып жатыр. Солардың бірі – танымал блогер Өркен Кенжебек былай дейді: «Қарағанды облысында киікті қорғаймын деп кісі қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиев кезінде ауылда участкелік инспектор болып жұмыс істепті. Тәртіпке қатал болыпты марқұм. 13 қаңтарда Ерлан Нұрғалиев пен Пётр Ницык киіктерді жөн-жосықсыз атып жатқан браконьерлердің ізіне түсіп береді. Бақайшағына дейін қаруланған жауыз пәлелер атысады кәдімгідей. Сөйтіп, Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза табады. Денис Тен қайтыс болғанда, қабырғамыз сынардай қайғырып едік. Неге? Ал Ерлан Нұрғалиевті қайтыс болған соң танып жатырмыз. Себебі «кішкентай адам». Былтыр Қорғалжын қорығына журналистер барғанда, фотоға осылай түсіріп алғанына да рахмет. Бірақ мемлекеттің ішкі тұрақтылығы осындай адамдардың еңбегінен тұнады. Тұрады. Қалай атасаңыздар да, өз еркіңіз. Бұларды соққыға жыққан адамдар ертең-ақ шартты жазасын алып, қайтадан киік пен адам атып жүре беруі мүмкін. Ал бұлар мардымсыз айлыққа күндіз-түні қу жанын шүберекке түйіп, желдің өтінде, жердің сызында киік қарауылдап жүргені. Медаль да алмайды, марапат та бұйырмайды. Осындай жанқиярлықтың арқасында шығар, біздегі киік басының 215 мыңға жеткені…». Бейбіт Сарыбай былай дейді: «Бұрнағы заманда адамдар аңшылыққа аштықтан, мұқтаждықтан шығатын. Қазіргі кезде тоқтықтан, еріккендіктен, зеріккендіктен шығатын болды. Бұрын аңшылық кедей-кепшіктің тірлігі еді. Бұрынғының мергендері бір өзі бір елді асыраған. Сөйте тұра, аңның киелісін атпаған. Бүгінгілер адам ата бастады…
Адамның көзіне ет өседі. Оны сылып тастаудың арнайы, нақты бағасы бар. Адамның көзін шел басады. Оның ашылуының құны нақтыланбаған…
Мылтықты қолданудағы басты мақсат – отаныңды жаудан қорғау еді. Бүгінде отандасыңды ататын қаруға айналды.
Сайын далада екі адам кезікті. Оның бірі – табиғатты қорғау үшін амалсыздан бала-шағасынан жырақ кетіп, түн қатып, түс қашып жүрсе, екіншісі – еріккеннен, зеріккеннен ермек қуып келіп еді. Екеуі де мылтық кезенді. Біріншісі – табиғатты қорғау үшін, екіншісі – өзінің қара басын қорғау үшін. Тағдыр дегеніңіздің де кейде өстіп тарылмайтын жерде тарылатыны бар. Табиғатты қорғамақ болған ізгі ниеттінің мылтығы атылмай, қара ниеттінің оғы дәл тиді.
Біріншісін Алла алдынан жарылқасын. Мына заманда құрбандыққа бара алатын адамдардың бар екенін дәлелдеп бере алған ағамыздың жаны жәннәтта болғай…».
Желілерде пікір білдіргендер Ерланның тірлігі нағыз ерлік екендігін айтады. Өкінетініміз Өркен айтқандай, Бейбіт жазғандай, қатардағы қызметтегі қарапайым азаматтар қамқорлыққа, қолдауға зәру. Олардың отбасын асырауға жетерлік жалақысы мен мінген көлігінің қанша, қандай екендігі бәрімізге жұмбақ. Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин осы қантөгіске орай: «Полиция департаменті осы ауыр қылмысты жасаған күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізуде. Сонымен қатар ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері жергілікті полицияға көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанды. Қысқа мерзімде бұл қылмыстың беті ашылатындығына сенімдімін. Яғни күдіктілер анықталып, қамауға алынады», – деді.
Бет қатталып жатқанда: Кеше ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қорықшыларға қатысты түсініктеме беріп, қылмыскерлердің анықталғанын хабарлады.
Жолдасбек Дуанабай