Биыл қазақ ән өнеріне өзінің жауһар туындыларымен айрықша үлес қосқан Арқаның ақтаңгері – Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл. Осы айтулы мерекеге орай тойға қамданған Ақмола облысындағы Айыртау ақсақалдарының пікірі екіге жарылып тұр. Ел ішіндегі рабайсыз әңгімені біз де естігенбіз. Кейін ақсақалдар Көкшетау қаласындағы республикалық Jas qazaq газетінің қосынына телефон шалып, келіп кетуімізді, газет арқылы пікір білдіруімізді өтінді. Мәселенің мәніне тереңірек бойлайық деп, әдейі ат арытып барып қайттық.
Алдымен Ақан сері ауылына. 150 жылдық тойы қарсаңындағы қарбаласты көзіміз көрген. Осы тойдың барысында салынған жаңа ауылдың жасампаз, салтанатты бейнесі әлі есімізде. Шынын айтқанда, көптен бері ат ізін салмап едік, ауыл ажарына ептеп кіреуке түсе бастаған екен.
Айыртау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров «Осы ауылдың іргесіндегі Ақан серінің қоладан құйылған ескерткішін көшіріп, Саумалкөл селосының кіреберісіне қою керек», – дейді. Оның уәжі, күре жолдан бес шақырымдай қашық жатқан Ақан серінің ауылына ешкім ат ізін салып жатқан жоқ дегені.
– Аудан орталығына кіреберістегі ескі МАИ бекетінің орнына тұғырын биіктетіп, алыстан көзтартатындай етіп әлгі ескерткішті алып келіп орнатсақ, ұтымды болады – дейді ол. Келетін қонақтардың барлығы осы жолды басып өтеді ғой.
Осы пікірге қарсы топтың өкілі, яки Ақан серінің 150 жылдық тойын тойлаған кезде, осы ауданда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, тойдың өтуіне ерен еңбегін сіңірген ел ағасы – Болат Көшімбаев Ақан сері ауылының қалай салынғанын баяндап берді.
–Бұл тойға аттай 10 жыл бойы дайындалдық. Ол кезде біздің ауданда уран кені өндірілетін. Орталығы Степногорск қаласында. Тау-кен басқармасының басшыларын, Мәскеуден осы саланың министрі Ковалевты шақыртып, қыруар жұмыс атқарғанбыз. Кеңес заманында далада шашылып жатқан ақша жоқ, ойға алған шаруамыз үлкен қиындықпен атқарылған. Кеңащыға 22 коттеджді сол ұйым салып берді, ал қалған 42 коттеджді ауданның барлық кеңшарлары жұмыла көтерді. Ол кезде коттедж дегеніңіз – кісінің түсіне енбейтін ғажайып баспана болатын. Қияндағы Кеңащы түгіл аудан орталығында, аудан орталығыңыз не, облыс орталығы Көкшетауда да ырымға бір коттедж жоқ еді.
Болат Ахметжанұлы айтқан коттедждер әлі тұр. Бастапқы бейнеден сәл-пәл ауытқыған. Шатыры мен қабырғаларында уақыттың табы аңғарылады. Басқасы бүтін. Ал ауыл қотанындағы зәулім мектеп үйі, сауда үйі, балалар бақшасы, бассейн – бәрі қаңырап бос тұр.
– Әуелі 1993 жылы осы ауылға асфальт жамылғымен қапталған жол тарттық, – дейді Болат Ахметжанұлы, – ал коттедждерді қараңызшы, бір-біріне ұқсамайтын архитектураның сол кездегі ең үздік үлгілерін пайдалана отырып салынған және барлығы бір жылу орталығына қосылған. Әрбір үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Ал ескерткіш өз алдына бір жыр. Жел жетпес жүйрік пырағы – Құлагердің үстінде, қолында бауырына қымтай қысқан домбырасы, соңында қасқырды қынадай қырған Басарала төбеті, ертоқым үстіндегі тұғырда көк аспанның патшасы – Қараторғайы. Бәрін біртұтас етіп қоладан құйғыздық.
Тұтас композиция сол қалпында сақталған. Оған жалғас ашық аспан астындағы сахна. Сахнаның алдында көрермендер отыратын кең зал. Тек көрермен залының кейбір тақтайы ескірген екен, басқасы дін аман.
Дәл осы жерде біздің қауашаққа мынадай ой келген. Оңтүстік жұрты жыл сайын қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық ән байқауын өткізіп жүр. Ал ашық аспан астындағы Ақан сері ескерткішінің тап түбіндегі далалық сахнада Ақан әндерін орындаудан неге республикалық байқау өткізбеске?!. Тіпті ештеңе дайындаудың да қажеті жоқ. Күміс көмей тәмам әнші Ақан сері ескерткішіне тағзым етер еді. Іргедегі Құлагердің құдығынан дәм татар еді, содан соң жасыл желекке малынған, қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген дала сахнасында әуелете ән шырқар еді. Күні кеше Ақан серінің таудың тұма бұлағындай мөп-мөлдір ғашықтық жырларын тыңдаған мына дала тебіреніп кетпес пе?..
Болат Ахметжанұлы «Кешегі кеңес заманында қазақ өнерін, өнер иелерін кім керек қылды дейсіз? Ақан серінің жамбасы тиген жерді де кейін анықтадық қой. Анықтаған соң, басына зәулім күмбез тұрғыздық. Сол иманды ісім үшін талай рет үстімнен арыз жазылды. Бірақ тауым шағылған жоқ, қайта ойға алған ісім оңынан тұрып, бойыма күш құйыла берді. Тәмам жұрт тәнті болды. Өзбекәлі Жәнібековтің де іздеп келетіні де осы тұс. Әдейі барып Ақан сері бейітіне мінәжат етті. Күмбездің кірпіштерін аялы алақанымен сипап тұрып, терең ойға батқан. Содан соң Арқаның ақиығы – Ақан серіге осындай бейіт тұрғызған Айыртау жұртына ақ алғысын білдіріп еді», – деді.
Осы іске ел жұмыла қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар қатарынан сол кезде аудандық партия комитетінде қызмет істеген Кенжеғали Мұқатаев, Қадыржан Әубәкіров, Болат Рахимов, Елемес Қалиев тәрізді азаматтарды айта кетуге болады. Құрылыс өз алдына, идеологиялық жұмыстарға көп көңіл бөлінді. Ақан сері тойы ел еңсесін көтерген республикадағы алғашқы тойлардың бірі болғандығы анық.
Осы тойдың барысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев, Өзбекстанның сол кездегі басшысы Ислам Кәрімов келіп тамашалаған, жоғары баға берген. Енді сол ауыл жабылудың аз-ақ алдында тұр. Ескерткішті елден көшіреміз деп жүргендердің өктем үн қатуына бір себеп – осы. Бірақ ауыл тұрғындары, негізінен Ақан серінің ағайын, туыс-тума, жұрағаттары бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы.
– Мен осы Ақан сері ауылының тумасымын, – дейді Құрман Нұрсейітов. – Заманында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқардым. Ақан атамыздың өнерін ел қадірледі, құрылысшының қалағынан жаңа ғана шыққан ажарлы ауыл салып берді. 200 оқушыға арналған екі қабатты мектеп. Спортзалы қандай?!. Сол кезде аудан орталығының өзінде болмаған еңселі, сәулетті мәдениет үйі, дүкен, монша, ауылдың барша ғимаратын жылумен қамтитын алып қазандық. Жаңа ауылда жұмыс та өрістеді. Мың жарымға жуық қара мал бақтық, 1500 гектар жерге дәнді дақыл ектік. Кейін өтпелі кезеңнің өкпек желі жаңа ауылдың түндігін желпілдетіп, уық-керегесін қаусатып кетті. 1995-1998 жылдары электр жарығы үзілді. Жылу жүйесінің қазандығына отын таба алмадық. Нақ сол кезде ғимараттар иесіз қалды. Аудан басшысы, бүгін ескерткішті көшіру жөнінде бастама көтеріп жүрген Армия Әбілқайыров болатын. Талай рет барып табалдырығын тоздырдық. Бірақ мәселе шешілмеді. Кейін ауыл қотанындағы ғимараттар тонала бастады.
Қазіргі уақытта бұл ауылда бар болғаны 20 отбасы түтін түтетіп, ешқайда көшпей отыр, қалған зәулім коттедждер бос. Дәл қазір кіремін дейтін адам болса, ешбір жөндеусіз есігін ашып, төріне озатын 10 коттедж тұр. Өзге коттедждерді де жөндеп алуға әбден болады. Ендеше, аудан басшылары Ақан сері ауылының болашағын ойлап, ескерткішін де көшірмей, есін де шығармайын десе, оңтүстіктен солтүстікке көшіп-қонған ағайынға дайын баспана емес пе?..
Мектеп осыдан жеті жыл бұрын жиырма миллион теңгеге жөнделген екен. Қазір баланың аздығынан жабық тұр. Оны да шешуге болар еді. Іргедегі, бар болғаны үш шақырым жердегі Комаровка селосында білім ошағы жоқ. Ондағы жетпіс бала екі пәтерлі үйде білім алады. Әуел баста тұрғын үй есебінде салынған ғимаратта спортзалы да жоқ. Осы ауылдың балаларын Ақан сері ауылындағы зәулім мектепте оқытса, білім ошағы қайта жанданып кетпей ме? Әрі ауылдың сақталып қалуына сеп болар еді.
Негізі Ақан сері ауылы Көкшетау – Қостанай бағытындағы күре жолдың бойында, төрт-бес шақырым жерде ғана тұр. Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған маңызды міндеттерді жүзеге асыратын-ақ жер, тұнып тұрған тарих. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Көкшетау-Кеңащы, арыдағы Сырымбет тауының етегіндегі Уәли ханның қонысы – Айғаныш ханшаның усадьбесі бағытында туризмді дамытатын маршрут ашуға әбден болар еді. Сәл әріректе көне Ботай қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың жамбасы жерге тиген киелі жер «менмұндалайды». Әттең осыны қолға алып, жүзеге асыруға ниет болмай тұр ғой.
Ел айтады «Дайын тұрған, салулы кешенді бұзғаннан не ұтамыз, Саумалкөлге Ақан серінің ескерткіші керек болса, өздері жаңадан салып алмай ма?».
– Сексенге жасым келгенде естиін дегенім осы ма еді, – деген Есләмбек Кеңесбаев, – Біз осы елде Ақан серінің аруағын сыйлағасын ғана отырмыз, әйтпесе, жайлы жер іздеп баяғыда-ақ көшіп кетпес пе едік. Көзіміз тірі тұрғанда бабамыздың ескерткішін қозғауға жол бермейміз! – деп тас-түйін отыр.
Осындай пікірге селдіреп қалса да, болашаққа сенімі мықты ауыл тұрғындарының бәрі қосылып отыр. Бір кезде еңсесі түссе де, қазір қабырғаларымен кеңесіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың арқасында қайтадан тамырларында қан жүгіре бастаған. Ауылдағы жастар қолдарынан келгенше кәсіпкерлікпен айналысуда. Жеке кәсіпкер «Оразалинов» «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 35 сауын сиыр алып, мал басын өз төлі есебінен көбейтуді жоспарлауда, «Шыңғыс» шаруа қожалығы 20 бас мал алу үшін бизнес жоспарын дайындауда. Алақандай ауылдың тірегі болып отырған «Нұрсам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2304 гектар жерге дәнді дақыл егуде. Демек Сері ауылының біржола сетінеп кетуіне себеп жоқ. Жоғарыда біз айтқандай, оңтүстіктен үдере көшкен қалың ел топырағы құнарлы, қалың орманның ішінде отырған, іргесінде көлі мөлдіреп жатқан осы қонысқа ат басын тірейтін болса, қайтадан түтінінің түзу ұшатынына елдің иманы кәміл.
Жасы сексеннен асқан ақсақал Ермек Балбергенов «Ақан серінің ескерткішін Саумалкөл селосының кіреберісіне қою оншалықты көкейге қонбайды. Қойса, орталыққа қоймай ма? Айдынын асырып, аруағын биіктетіп. Әйтпесе, елге кіреберісте жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алатын аудан әкімінің жанындағы көмекшісі тәрізді болып тұруы біртүрлі емес пе екен?!» – дейді.
Сөз соңында ауыл мұңын елге жеткізуші журналист және осы сапарды көзбен көріп, жүріп өткен азамат ретінде біз де Ақан серінің мүсінін бұзудың ретсіз екендігін айтуға тиіспіз. Өйткені қарсы жақ ауылдың болашағы жоқ деген сөзді желеу етуде. Осы болашағы жоқ дегеннің балтасы талай ауылдың босағасын тас-талқан етіп қиратқан жоқ па. Сол сұрапыл көріністен сабақ алсақ, қанекей?!. Ал, Ақан сері ауылының болашағы неге жоқ болсын, бар. Болғанда қандай! Күні ертең-ақ күнгейден көшкен жұрт теріскейдегі серінің ауылына табан тіресе, бұл ауылдың аспанында Ақан әні әуелеп, Арқа жұрты ажарлана түседі…
Бәйкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы