Биыл табиғат кәріне мініп-ақ тұр. Жыл басында қаңтардың қақаған аязы ауылды ауыз судан қақса, енді қызыл су қызыл кеңірдектен алып жатыр. Алатауды бөктерлеп қонған Талғар, Жамбыл, Қарасай ауданының тұрғындары көктемгі қарғын судан зардап шегуде. Бұл – жылдағы жыр. Қарасай ауданының тұрғындары былтыр, алдыңғы жылдың көктемінде және жаз айларында тасқын судың астында қалып қойған еді. Айтып келетін апатқа айналғалы қашан?
Әйтпесе, Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылы қарғын су түгілі, тасқынның астында қалатын ауыл емес. Сайдың аузында немесе өзен бойында тұрған жоқ. Қонған орны биік. Солай бола тұра, бір аптадан бері ауыл азаматтары сумен алысып әлек. Тұрғындардың айтуынша, 23 ақпаннан бері ауылдың төменгі жағындағы жаңадан салынған көшелерге су жиналып, сол жердегі екі көшені тұншықтырып жатыр. Тұрғындар улап-шулап, әкімге хабар берген. «Су астында қалғалы жатырмыз. Көмектесіңдер!» деп жанұшырыпты. Бірақ «Көрсетілген көмекті көзіміз көрген жоқ» – дейді үйіне кіре алмай жүрген жұрт.
27 ақпанға қараған түні Тұздыбастаудағы халық орнынан тік тұрды. Төтенше қызметтің мамандары келіп, сел алған бірнеше көшенің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірген. Ресми ақпарат көздері «1 мың адам көшірілді» деп хабар таратты. Бірақ оны Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова жоққа шығарып отыр. Тілшілерге берген сұхбатында, аудан әкімі 29 үйдің қора-жайын су алғанын айтты. Төрт үйдің ішіне қызыл су кіріп, адамдары үйден шығарылған. Ол «Бұл ауыл ішіндегі жаңадан ашылған шағын аудан. Сондықтан, мұндағы тұрғындардың көбі әлі күнге дейін үй құжатын рәсімдеп үлгермеген. Бірақ қызыл судан зардап шеккендердің бәріне көмектесеміз», – деді. Біз өзен болып ағып жатқан мол судың қайдан келіп жатқанын, көшелерге неге арық қазылмағанын сұрадық. Оған әкім «Үлкен Алматы каналының бір бөлігі осы Тұздыбастау ауылын кесіп өтеді. Мына тасқын сол каналға сыймай, ауылға кірген. Әр көшенің басында арық болғанда, әрине, бұлай болмайтын еді», – деген жауап берді.
Реті келіп тұрған соң, біз де Райхан ханымнан көкейде жүрген бір-екі сауалдың жауабын білгіміз келді. Еске түсірсек, екі жылдан бері Тұздыбастау ауылының көшелері сатылып, тұрғындар үлкен жолға шыға алмай қалған болатын. Көшесі сатылып кеткен жұрт әкімге барып, бірнеше рет телеарналарды да шақырды.
Бірақ көк қағазға айырбасталған көше сол күйінде қалды. Оны алған тұрғындар көшенің басын буып, үй салып, қора-жайын қымтап алған. Талғар ауданының әкімі бізге сатылған көшенің мәселесі әлі де май шаммен қаралады деген жұбату сөзін айтты.
– Енді кеш емес пе? Жұрт үй салып орнығып алды ғой, – дедік.
– Бұл мәселе әлі тексеріледі. Мен ол көшелерді ашуға пәрмен бергенмін. Мына жағдайдан шығып алайық, содан кейін айналысамыз», – деді Райхан Садықова.
Селден зардап шеккен ауыл тұрғындарының жай-күйімен танысуға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та келіп кетті. Өңір басшысы «Тасқыннан зардап шеккендердің бәріне көмектесеміз. Арнайы комиссия құрылатын болады. Ешкім назардан тыс қалмайды» – деп жұрт алдында уәде берді. Көңілі пәс ауыл тұрғындары әкімнің бір ауыз жылы сөзіне кәдімгідей тоғайып қалғандай.
Үйін сел алған тұрғынның бірі – Анар Дәркембаева. Жалғызбасты ана. Үйі көшенің басында орналасыпты. Сырты бүтін демесең, іші – телегей-теңіз.
А.Дәркембаева «Апат бір күнде болып отырған жоқ. Біз 23 ақпаннан бері ауылдық әкімдікке хабарлап, «Тасқынның алдын алыңыздар» – деп зарлаумен болдық. Бірақ ешкім құлақ түрген жоқ. Екі күн бұрын төтенше жағдай қызметінің мамандары келген. Олар жағдайымызды көріп «Біз ешнәрсе істей алмаймыз» – деді. Бізден кейінгі көшенің тұрғындарына да барыпты. Оларға «10 мың теңгеден беріңдер. Сонда ғана суды арнайы машинамен сорғызып береміз» – депті. Біз екі күннен бері көршілермен бірге су соратын арнайы машинаны жалдап, 60 машина су шығардық. Әкімдіктен, төтенше жағдай қызметінен бір адам келіп көмектескен жоқ. Әкімдіктің көлігі «Маған бұйрық болмаса, жұмыс істемеймін» – деп тұрып алды. Үйім мүлде жарамсыз. Жертөлемді түгелдей су басып жатыр. Ондағы заттар да ілікке алғысыз күйде», – дейді.
Анар ханымның көршісі Сержан Сапарбаевтың үйі де су астында қалған. Қарғын су үйдің ішін түгел алып кетіпті. Лай араласқан қызыл су үйдің кіреберісінен бастап, төргі бөлмелерге дейін жайылған.
С.Сапарбаев «Төрт-бес күннен бері «бізді су алып жатыр» деп жан-жаққа шағымдандық. Ешкім тыңдамады. Осының алдын алса, каналдың суы тасымай тұрып көмек бергенде, бұлай бүлінбес еді. Үйді сатып алғанмын. Құжаты да толық. Бар ақшамызды осы үйге салдық. Екі отбасы тұрамыз. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, үйімді өз көзімен көріп кетті. «Бүлінген дүниенің бәрін қалпына келтіріп береміз» – деп уәде берді. Облыстық әкімдіктен көмек болмаса, өзіміздің қолымыздан ешнәрсе келмейді», – деп мұңын шақты.
Көктемгі селден зардап шегіп отырғандар тұздыбастаулықтар ғана емес, Қаскелең ауданы мен Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының тұрғындары да қар суының астында қалған. Ол жақтарда да шығын шаш-етектен. Таудан аққан тасқын су ауылды аралап, үй-үйді, қора-қопсыны түгел шарлап жатыр. От пен суды тілсіз жау дейміз. Бірақ жыл сайын айтып келетін апаттың алдын алса, дәл бұлай болмас еді. Арық пен тоған, үлкен каналдар уақытында тазаланса, мұз жарылып, суағар салынса, қызыл су түгілі, алапат тасқынға да ауыздық салу қиын емес.
Жарас КЕМЕЛЖАН