Әйтеуір… «келмесе» екен!

13 наурыз 2020, 13:09

Әлемді кесел кезіп жүр. Коронавирус кеселі. Тәжтажал туралы ақпар күн өткен сайын үрейді ұшырып барады. Тіпті Дональд Трамптың өзі селқос қала алмады. 13 наурыздан бастап Еуропа елдерінен АҚШ-қа адам баласы аттап баспайтыны жөнінде мәлімдеме жасады. Тек Ұлыбритания және елге қайтқан америкалық азаматтарға ғана кіруге рұқсат. Оның өзінде қажетті тест тапсырғаннан кейін. Соңғы дерекке сенсек, АҚШ-та кесел жұқтырғандар саны мыңнан асыпты.
Қытайда, керісінше, кеселдің беті қайтқан сияқты. Бұған осы елдің мемлекет басшысы Си Цзинпиннің жақында коронавирус ошағы Ухан қаласына барғаны дәлел болса керек. Сондай-ақ бұл елде вирус жұқтырғандар саны азаюда.
COVID-19 енді Еуропаға жетті. Әсіресе, Италия, Франция, Испания және Германияда жағдай мүшкіл көрінеді. Еурокомиссия коронавируске қарсы күреске 230 млн еуро бөлінгенін жария етті.
Осы вирус алғаш таралған Қытай қайда, Еуропа қайда? Еуропаға қарағанда ең жақын көршінің бірі біздің ел емес пе? Сонда бұл кесел бізді айналып өтіп Еуропада көз ілеспес шапшаңдықпен таралып жатқаны қалай… деп ойлап та үлгермедік. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин 8 наурыз мейрамы өте салысымен «біртүрлі» мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, біздің елге коронавирус 11-16 наурыз аралығында «келуі» мүмкін екен. «Әйтеуір, келетін болыпты»! Жер-жаһанды дірілдеткен тәжтажал емес, құдды көптен күткен құдалар келе жатқандай. Бекшин мырзаның айтуынша, оның өзі жай ғана болжам. Ғалымдардың математикалық модельдеуі-мыс. Оқымыстылар арнайы формулаға сүйеніп, осындай болжамды дүниеге әкелген. «Ойпырмай, бізден көш ілгері еуропалықтар сондай формуланы ойлап табуға басы жетпеген бе» дейсің еріксіз. Өзінің артық кеткенін сезді ме, дереу «келмеуі де мүмкін» деп кейін шегінді. Ауа райын болжағыштардың «жаңбыр не жауады, не жаумайды» дегені сияқты… Оның үстіне кеселге қатысты «келеді-келмейді» деудің өзі тосын. Кейбір ақпарат құралдары ойланбастан «коронавирус келеді» деп жерден жеті қоян тапқандай басып жіберді. Сөз қолданудың дұрыс-бұрыстығына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Әрине, ол басқа әңгіме.
Сол күні кешқұрым денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов «елімізде бірде-бір адам коронавируспен ауырған жоқ» деп Фейсбукте пост жариялады. Әттең, бәрі де кеш еді. «Айтылған сөз – атылған оқ». Біздің адамдар шетінен жатыпатар ғой. Басқа жағын қатырмаса да, сөздің түбін түсіреді. Егер де күлкі коронавирустан сақтайтын болса, кеселмен күресте бізге тең келер ел болмас еді.
Әйтсе де, күлетін жағдай емес. Коронавирустың елімізде тіркелмегені жөнінде биік мінберден айтылып жүр. Сақтану жағы да ұмыт қалмады. Тәжтажал тіркелген елден келгендердің оқшауланғанын білеміз. Қарсылық танытқандарына, жатқызған орынға көңілі толмайтындардың байбаламына да қарамады. Бұл жағынан құзырлы орындардың табандылық танытқаны көңілге медеу. Бәлкім, жақын отырсақ та, көрші елдегі кеселдің таралмауы қауіпсіздік шараларының дер кезінде қолға алынуынан шығар. Өйткені Дональд Трамп Еуропа елдеріне дәл осы жағынан кінә тағып жатқан жоқ па? Шетелден келген басқаларды былай қойғанда, Уханнан қайтарылған студенттер де, тіпті аты-шулы кемеден қайтқандар да дін-аман. Осы орайда мәскеулік профессор Павел Воробьевтің мына сөзі еске түседі. «Кеме екі аптадай Иокогама маңында карантинде тұрды. 600-і коронавирус жұқтырса да, жасы 80-нен асқан екі адам ғана қайтыс болды. Егер вирус шынымен қауіпті болса, кемедегілер тегіс қырылар еді. Осы эпидемияның кімге, не үшін керек болғанын кейін біле жатармыз», – дейді ол.
Әйтсе де, қауіпсіздік шараларының артығы жоқ. Соның бірі – жан-жағыңды қымтап, тұмшалану. Экономикаға шығын келгеніне қарамастан, бұл бағытта бізде оң қадамдар жасалды. Кешеден бері қауіпсіздік шаралары тіпті күшейтілді.
Дұрыс. «Келсе де, келмесе де» дайын болайық.

Гүлнар Ахметова

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген