jasqazaq.kz

Айқын Қоңыров: Жемқорлық тыйылмай, сапа түзелмейді

02 қараша 2017, 12:07

 Сәрсенбі күнгі Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Айқын Қоңыров инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сұрақ қойды. Депутаттың айтуына қарағанда министрліктің  «ҚазАвтоЖол»ҰК-на бөлгелі отырған 50 миллиард теңгесі бекершілік. Себебі бұл компания жемқорлыққа әбден батқан. Сонымен қатар жолдың да сапасы сын көтермейді. Депутат сұрағына министр жауап берген еді. Оның жауабына қарасақ бәрі жақсы. Отырыстан кейін біз депутатқа жолығып, жол салу саласындағы жемқорлық мәселесіне қатысты пікірін білген едік.

 Жас қазақ: Сіз Мәжіліс отырысында ұлттық компанияның сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқандығын және жолдардың сапасыз салынатындығын алға тарттыңыз. Инвестициялар және даму министрі сол арада сізге жауап берді. Жауабы көңіліңізден шықты ма?

Айқын Қоңыров:Біріншіден, министр бізде жолдың жағдайы өте жақсы деп бекер айтты-ау деймін. Қазақстанда бүгінгі күнге дейін барлық талапқа жауап беретін бір-ақ жол бар. Ол – қазіргі кезде қолданысқа берілген Астана-Шучинск автобаны. Алайда оның өзін қауіпсіз деп айту қиын.Себебі бұл жолда көлік апаты өте көп болады. Жуықта ғана Қазақстан жол сапасы бойынша рейтингте ең соңғы орындарда, тіпті Африка елдерінің деңгейінде екендігі жөнінде ақпарат тарады. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖолға» қатысты даулы жайттар, миллиардтарды жымқырғандығы жөнінде ақпараттар мен тәртіп бұзушылықтарды ескеріп, шешімді қайта қарау керек деп ойлаймын.

Жас қазақ:Осы мәселенің барлығын біле отырып үкіметне себептен 50 миллиард теңге бөлмекші деп ойласыз?

Айқын Қоңыров: Мемлекет көлік инфрақұрылымын дамыту жайын өте дұрыс ойлап отыр. Алайда бұған кейбір жауапты мекемелердің немқұрайлықпен қарауы «Нұрлы жол» бағдарламасының дамуына үлкен кедергі болады. Меніңше, сапаға жауапты мекемелер бақылау жағын дұрыс жүзеге асырмайды. Ұлттық компаниялардың қызметінде ашықтықтың жоқтығы сыбайлас жемқорлықпен күреске тосқауыл болуда. Ұлттық компаниялардағы айлықтың деңгейі, әкімшілік-шаруашылық шығынға бөлінетін қаржы көпшілік біле бермейтін құпия ақпараттың бірі. Сондықтан квазимемлекеттік сектордағылардың халықпен шынайы қарым-қатынас жасайтын және өзінің табысы мен шығынын ашық айтатын уақыт келді.

Жас қазақ: Заң шығарушы мекемелерге депутат ретінде қандай ұсыныс айта аласыз?

Айқын Қоңыров: Ең бастысы – компанияның ашықтығы, тазалығы. Егер қоғамдық бақылау болмаса, онда жыл сайын сол мәселелер қайталанып отырады. Ондай жағдайда үлкен сыбайластық жемқорлық, ұрлық жойылмайды. Қанша жерден шенеунікті жауапкершілікке тартқанымен қажетті деңгейдегі қоғамдық бақылау болмаса, мәселе шешіле қоймайды. Егер жол Оңтүстік Қазақстан облысында салынып жатса, сол жердің мәслихаты, кеңестері, жергілікті тұрғындар сапалы болуын талап етіп, мониторинг жасауы қажет. Соған сәйкес ақшаның қайда кетіп жатқаны, тендердің қолында жұмысшысы мен техникасы бар компанияға емес, белгісіз бір кәсіпорынға неге берілгендігі жөнінде есеп жасалу қажет.

Жас қазақ: Министр өз жауабында жолдың сапасына байланысты соңғы жылдары кемшілік жоқ деді.

Айқын Қоңыров: Меніңше, министр соңғы екі жылда салынып жатқан жолдар жөнінде айтқан болар. Бірақ Астана-Бурабай тас жолы бойынша да көптеген мәселе бар. Мәселен, жолдың беткі қабатының сапасы, жолдан мал айдап өту деген сияқты. Сондай-ақ ол жол басынан жоспарланғанда қате жобаланған. Сондықтан жаңадан салынып жатқан асфальт бойынша да ешқандай мәселе жоқ деп айту дұрыс емес.

Жас қазақ: Жалпы осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттерден қашан құтыламыз?

Айқын Қоңыров: Ең бастысы – қоғамдық бақылау. Сосын кез-келген деңгейдегі ұлттық компаниялардың қызметінде ашықтық болмаса, бізде олар жүзеге асырып отырған бағдарлама мен жұмыс қашанда сәтсіздікке ұшырайды. Өйткені коммерциялық құпия дегенді желеу етіп, олар коррупцияға жол ашады. Жемқорлық бар жерде кез-келген бағдарламаны, яғни жол салу, ауыл шаруашылығы, индустрияны дамыту болсын сапалы жүзеге асыру мүмкін емес. Сол үшін тағы да қоғамдық бақылау керек деп ойлаймын. Сондай-ақ республикалық деңгейде болса, парламенттік бақылау болу қажет.

Жас қазақ: Бақылаушы мекемелер бар емес пе?

Айқын Қоңыров:Олардың арасында да жемқорлық бар. Бір мемлекеттік қызметкер екінші бір мемлекеттік қызметкермен келісімге келе алады. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» мәселесі бойынша тексерушілер де пара алғандығы айтылды емес пе? Сондықтан қоғамдық бақылау болмаса, есеп беруші тексерушіге пара беріп, келісімге келуі қиын емес.

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай,

Астана

22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы