Шымкент қаласы білім басқармасының «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жарты ғасырдан астам тарихы бар. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Украинадан Шымкент қаласына саңырау балалар мектебі көшірілді. 1945 жылы соғыс аяқталған соң, көптеген мұғалімдер мен мектеп бітірушілер өз елдеріне оралды. Шымкент қаласында саңыраулар қауымдастығы мен қалалық білім беру бөлімі саңырау балалар мектебін ашу үшін көптеген жұмыстар жүргізді. Өйткені білім алмаған саңырау балалар көп еді. 1952 жылы 10 ақпанда Шымкент қаласындағы Свобода көшесінде орналасқан №5 үйде саңырау балалар мектебі ашылды. Содан бері түрлі құрылыс сатыларынан, кезеңдерінен өткен мектеп-интернат 1969 жылы барлық жағдайы жасалынған ғимаратқа көшірілді. 56 жылдық тарихы бар білім ордасының бүгінгі бет-бейнесі, тыныс-тіршілігі туралы мектеп директоры Айгүл Жамалбековамен сұхбаттасқан едік.
– Айгүл Көмекбайқызы, бұл мектеп-интернатты қай уақыттан бері басқарасыз?
– Мен 1990 жылдан бері білім саласында еңбек етіп келемін. Өзім Төлеби ауданының тумасымын. Леңгір қаласында дүниеге келгенмін. Леңгір қаласындағы №4 Қаныш Сәтбаев атындағы мектепті үздік бітіргенмін. Одан кейін Мұхтар Әуезов университетінде бастауыш сынып мұғалімі, Орталық Азия университетінде дефектология, Ташенов университетінде педагогика және психология (магистр) мамандықтары бойынша білім алдым. Қосымша экономикалық мамандығым бар. Жалпы педагогикалық еңбек өтілім сол Леңгірдегі тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиешіліктен басталған. Одан кейін Леңгірдегі құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында он жылдай жұмыс істедім. бар. Бұл менің тәжірибемдегі үшінші интернат. Леңгірде сурдопедагог болып жүргенімде конкурс арқылы осы жерге келгеніме 3 жыл болды. Педагогикалық еңбек өтілімнің бәрі осындай ерекше балалармен жұмысқа арналды. Сондықтан бұл балалардың жан дүниесі маған жақын.
Мен 2022 жылы осы мектепке келгеніме дейін де ішінара күрделі жөндеулер болған. Мен туралы «Қазақстан халқына» қоры ашылып, қайырымдылық жұмыстарын қолға алған кезде келген екенмін. Дәл сол жылы мектеп-интернатымыздың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы қарастырды. Бір жыл бойы құжаттар ретке келтірілді. 2023 жылы бір жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 2024 жылы кіріп, қайтадан жайғастық. Аллаға шүкір, барлығын заманауи үлгіде әдемілеп жасап берді. Төрт қабырғасынан басқасының барлығын жаңадан алып, жабдықтап берді. 1969 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимаратымыз жап-жаңа көйлек кигендей жарқырап сала берді Жергілікті бюджеттен бір миллиард екі жүз миллион теңгедей қаржы бөлінді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша тендерді астаналық фирма «Қазеврострой» ЖШС ұтты.
– Мектеп бір жыл бойы жөндеуден өтіп жатқанда оқушылардың сабағы қалай өтті?
– Ол кезде балалар қашықтықтан онлайн оқыды. Себебі біздің балалар ерекше балалар болғандықтан, оларды жалпы мектепке апарып орналастыру да үлкен қиындық туғызды. Дәл интернатымыздағы жағдайды жасай алатындай мекеме табылмады.
– Сіздерде нешінші сынып аралығындағы балалар оқиды?
– Бала мектеп-интернатқа қабылданғаннан кейін психологиялық-медициналық педагогикалық қорытындысы бойынша жеке түзету, дамыту бойынша мектеп-интернатының дефектолог, психологы жұмыс істейді. Балада дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту пәнінде сурдопедагогтар әр баламен индивидуалды жұмыс істейді. Сонымен қатар, дефектолог-педагогтар, яғни пән мұғалімдері әр баланың есту қабілетінің дамуына және өзін толыққанды қоғамның мүшесі ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды. 10 сыныпқа дейін осында білім алады. Күннің екінші жартысында оқушыларымыз 12 түрлі үйірмеге қатысып (жүзу, шахмат, шашка, күрес, жеңіл атлетика, футбол, стол теннисі, көркем сурет, қолөнер, т.б ) шыңдалады. 10 сыныпты бітірген оқушылар Шымкент қаласындағы №4-ші және №5 арнайы кәсіптік колледждеріне оқуға түсіп ,ары қарай кәсіптік білім алып, программист, тігінші, т.б мамандық алып шығады.
Біздің мектепті бітіргеннен кейін де бұларға әрі қарай оқу қарастырылған. 10 сыныпта «Кәсіпке баулу» бағдарламасын да оқытамыз. Жалпы колледжге жібермей-ақ, өзімізде жалпы базалық білімді беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Лаура Ботабаевамен тығыз байланыстамыз. Еліміз бойынша дәл осындай 99 интернат бар. Сол интернаттардың барлығында болашақта 10-11 сыныпты бітіріп, жалпы білім беру бағдарламасын оқыту мәселесі көтеріліп жатыр. Мысалы, колледжден кейін мүмкіндігі бары университетке түсіп, жоғарғы білім алып шығады. Бізде университет бітірген ұл-қыздарымыз жетерлік. Мәселен, биыл ғана конкурспен Диқан Дархан деген жігітті жұмысқа қабылдадым. Өзі біздің мектептің түлегі, құлағы естімейді. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, кәсіби білімді де, жоғарғы білімді де алып, өзі оқыған мектепте еңбекке араласып отыр.
– Өткен оқу жылын қанша оқушымен қорытындыладыңыздар?
– Қазіргі таңда мектеп-интернатта 174 – оқушы, 55 – мұғалім, оның ішінде 12 – сурдопедагог маман, 48 – тәрбиеші қызмет атқарады. 174 оқушының 50-і үйінен қатынап оқиды. Қалғандары интернатымызда жатып оқиды. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жуынатын, кір жуатын бөлмелер, асханамыз да бар. Бізде бәрі тегін, балаға киімге де дейін тегін беріледі.
— Сіздің кабинетіңізде оқушыларыңыздың түрлі медаль, кубок, марапаттарын көріп отырмын. Олар байқауларға жиі қатыса ма?
– Мектебіміздегі үйірмелердің де нәтижесі болып жатыр. Мысалы біздің оқушыларымыз Қазақстан бойынша шағын футболдан бірінші орында. Одан кейін балаларымыздың құлағы естімегенімен, жеңіл атлетикадан мықты. Қырғызстанға дейін жарысқа қатысып қайтты. Құдай бір жағынан қысқанмен, басқа жағынан нығметті үйіп-төгіп берген. Жүзу үйірмесінен де біздің шәкірттеріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сосын біздің балалардың арасында сөйлей алмағанымен, ым-ишара әнін керемет орындайтындар бар. Нотаға эмоциясын қосып, қолымен айтып, бет әлпетінің эмоциясымен жеткізетін өнердің бір түрі. BI Group компаниясы 20 жылдан бері түрлі бағыттағы ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» байқауын ұйымдастырып келеді. Біздің мектеп жалпы мектептер сияқты олимпиадаларға қатыса алмайды. Біздің олимпиадамыз – сол «Жұлдызай». Бұл байқауға шәкірттеріміз ерекше дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен қатысады. Қалалық, облыстық «Жұлдызай» байқауынан іріктелгендер Астананың үлкен сахнасында жұлдыздармен бірге ән айтады. Біздің балалар үшін емтихан – сол.
10 Ә сынып оқушысы Ғани Ташкенбай – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік ойындарында шахматтан ІІ орын иегері. 9 А сынып оқушысы Арысланбек Нарзуллаев – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік шағын фотбол ойындарының жеңімпазы. Қалбибі Усканова – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік жеңіл атлетикадан ІІ орын иегері.
Бішкек қаласында өтетін Ұлттық Дельфий ойындары –халықаралық деңгейдегі конкурс. Бұл додада да біздің оқушыларымыз бағын сынауда. Бішкек қаласында өткен Ұлттық Дельфий комитетінің халықаралық мәдени жобасы «Арнайы хореография» номинациясы бойынша ІІІ орын Мафтуна Халназарованың қанжығасында. Жетекшісі – Райхан Сеңгірбаева. Павлодар қаласында өткен спорттың жүзу номинациясы бойынша 5 алтын медалін жеңіп алған «Жыл үздігі -2025» төсбелгі иегері 6 Б сынып оқушысы Самандар Кахраманов. Бұл шәкірттеріміз – біздің мақтаныштарымыз!
– Керемет, Айгүл Көмекбайқызы, мүмкіндігі шектеулі болса да, жарыстан жарыс қоймай қатысып жүрген шәкірттеріңіздің жетістігі сүйіндіреді. Енді мына сұрақты қойғым келіп отыр. Бұрындары осындай ерекше баласы бар адамдар баласын қоғамнан алшақ, жасырып ұстауға тырысатын. Сол тенденция әлі де бар ма?
– Иә, бұрнағы кездерде қазақтар ерекше баласын жасырып бағатын, қоғамнан алыс ұстайтын менталитет болғанын жоққа шығара алмаймын. Былайша айтқанда, баласы үшін ұялатын. Отыз жылдан бері осы салада келе жатқан соң, небір оқиғалардың куәсі болдым. Бұрындары балдарын әкеп тастап, сұрамайтындар да болатын. Оқу жылы аяқталып, каникул басталғанда баласын үйіне апарып беретінбіз. Қазіргі таңда керісінше ата-аналар баласын ертерек әкелуге тырысады. Елімізде ата-аналардың сауаты да, жауапкершілігі де жоғары. Баласына ертерек көмек беруге, жарыққа шығаруға тырысады. Баласының сөйлегенін, байқауларға, іс-шараларға қатысқанын қалап тұрады. Енді 170 баланың бәрі жарыққа шықпайтыны белгілі ғой. Арасынан қабілет, икемі бары суырылып шығады. Сондайда басқа ата-аналар ренішін білдіріп жатады. Қазір ата-аналардың көзі ашық, көкірегі ояу.
– «Баласын үйіне апарып беретінбіз» деп айтып қалдыңыз. Сонда ондай ата-анаға шара қолданылмай ма?
– 1990 жылдары енді тәуелсіздік алған уақытта мұндай интернаттар, ашығын айтқанда, қараусыз қалған еді ғой. Арасында баласын әкетпек түгілі мүлде хат-хабар алмайтын ата-аналар болатын. Сабақ басталған кезде баласын әкелмейтіндері кездесетін. Ал сосын ол балаларды жан жақтан жабылып іздейтінбіз. Ал бұл интернатта дәл қазір ондай ата-аналар бар деп айта алмаймын. Себебі қазір ата-анаға заң жүзінде жоғары жауапкершілік жүктелген. Талап жоғары. Біздің ата-аналарымыз балаларын уақытылы әкетіп, әкелуге тырысады.
– «Қазақстан халқына» қоры күрделі жөндеу барысында кабинеттерді жабдықтап берген болар?
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру қайырымдылық жобасымен» мектеп-интернатымызға дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту кабинеттеріне қажетті көрнекі құралдармен қамтамасыз етті. 12 оқу кабинеті жабдықталды. Ұлдарға арналған көркем еңбек және технология пәні оқу кабинеттерін құрал саймандарымен, яғни, ағаш және металл өңдеуге арналған станоктар мен электр құрал-саймандармен қамтамасыз етілген. Жаңа лазерлі құрылғы станоктарымен де жабдықталды. Қыз балалар үшін тігін машиналары және тігіншілікке қажетті құрал-жабдықтар, жиһаздармен толықтай қамтылған. Оған қоса дефектологтың кабинеті де жабдықталды.
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға арналған негізгі орта білім берудің үлгілік оқу жоспары бойынша ерекшелігі түзету компонеттері, оның ішінде ым-ишараттық сөйлеу тілі, ауызекі және тұрмыстық сөйлеу тілі, дыбыстардың айтылын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту пәндері бар.
Жалпы сыныптардың бәріне смарт парталар қойдық. Бізге оқушыларымыз қосымша диагнозбен де келіп жатады. Тек қана естімеушілігі емес, екінші диагнозымен де келеді. Әр баланың бойына қарай деңгейіне қарай реттелетін парталар бар ғой. Былтыр күрделі жөндеу кезінде бір миллиард екі жүз миллион теңге бөлінді деп айттым ғой. Содан конкурс кезінде алпыс миллион теңге үнемделді. Сол алпыс миллионға кабинеттердегі жәй тақталарды интерактивті панельдермен ауыстырып, интернетке жалғанды. Одан соң интернаттағы бүкіл кереуеттерді, төсек-жабдықтарын жаңаладық.
Асхана да толықтай жаңартылды. Сметалық құжат бойынша екі ойын алаңшасы қарастырылған болса, «Қазеврострой» мекемесі бізге үшінші футбол алаңшасын қосымша жасап берді. Сосын жалпы суғару жүйесін жасап берді. Сметада пандус қарастырылмаған еді. Сол пандусты талапқа сай етіп жасап берді. Жалпы біздің қоғамда осы ерекше жандарға деген көзқарас дұрысталып келеді. Қазір олардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, қазір кез келген жерде пандустар бар. Қазір кез келген жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Банкке кірсе де, арнайы терезе қарастырылған. Бір сөзбен, мүмкіндігі шектеулілерге ешқандай шектеу жоқ.
Мектеп-интернатымызға барлық жағдайды жасап берген Президентіміз Қ. Тоқаев пен «Қазақстан халқына» қорына айтар алғысымыз шексіз.
– Сабақ барысы туралы айтыңызшы. Мұндай оқушылармен сабақ қалай өтеді?
– Әр балада дыбыс күшейткіш аппараты, мұғалімдерде микрофон болады. Әр топта 8 баладан дөңгеленіп отырады. Бұл оқушылардың бәрі бірдей мүлдем естімейді деген жоқ. Қалдық есту қабілеті бар кейбірі естиді. Мүлдем естімейтіндері ернінен оқиды. Енді бізде ым-ишара тілін жалпы қолдану рұқсат етілмейді. Бұл ишара тілін жалпы өздерімен бір байланысты орнату үшін ғана төртінші сыныптан бастап аптасына бір рет өтеді. Ал сабақ кезінде біз олармен жалпы мектептегідей сөйлеп, тақтаға жазып көрсетіп үйретеміз. Олар бірінші көзбен көреді. Себебі ештеңе естімейтін балаға бірінші механикалық түрде көрсетесің. Әр дыбысты қоюдың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Мұғалім оқушыларға дыбысты айтып үйренеді. Одан кейін буын шығарады. Екі дыбысты қосудың өзі оларға үлкен еңбек талап етеді. Буындарды қосып сөз шығарады, сөздерді қосып сөйлем шығарады. Сондықтан да сурдо педагогтардың еңбегі ерен. Мысалы, оларға дыбыс қойғанда да өзінің әлемі бар. Дыбысты қоюдың өзі үлкен бір жұмысты, жауапкершілікті, еңбекті талап етеді. Олар жалпы мектепті бітірген кезде әріпті оқып, жазып үйреніп шығады. Өз ойын айта алатын жағдайға жетеді.
«Е-ымдау» деген сөздік жасалды. 2023-2024 оқу жылында біздің мектептен апробациядан өтті. Кемшіліктері мен ұсыныстарымызды айттық. Болашақта ым-ишара тілі кәдімгі мемлекеттік тіл ретінде статусын алады. Содан кейін мүмкін біздің саланың оқу бағдарламасы да өзгеретін шығар.
– Осы салада 30 жылдан бері тер төгіп жүрген маман ретінде айтыңызшы, есту қабілеті бұзылған балалардың статискасы азайды ма? Көбейді ме?
– Негізі көбейген сияқты. Енді дәл статистиканы білмеймін. Өткен жылы желтоқсан айында бізге Астанадан «Қазақстан» телеарнасынан журналистер келген-тұғын. Сонда журналистер «Ерекше балалар ең көп шоғырланған Шымкент пен Түркістан облысында» деп айтты. Интернатта дәл қазір жүз жетпіс бала болса, бұрын республикалық статусы бар кезде 220-ға дейін жеткен екен. Республика көлемінде ашылған ең бірінші мектеп-интернат.
– Сонда мұндай интернат республика бойынша Шымкентте ғана бар ма?
– Жо-жоқ, қазір бар ғой. Әр облыста бар. Қазір Түркістанда, Леңгірде бар. Олардың білім стандарты нашар еститін балаларға арналған. Бұл жер естімейтін балаларға арналған. Нашар еститін балалар мен естімейтін балалардың оқу стандарты әр алуан. Типтік оқу жоспары да екі түрлі.
– Бұл балалардың өз әлемі бар деп жатырсыз ғой. Жалпы, мұндай диагноз неден болады екен? Өзіңіз ізденіп көрдіңіз бе?
– Бізге келген әр баланың ауру картасы жазылады. Естімеушілік бұл тұқымқуалаушылықтан болады. Жүре келе пайда болғандары да бар. Әке-шешесі естімейтіндердің балалары да мүлдем естімейтін болып туылады. Жүре пайда болғаны кішкентай кезінде екпеден немесе тұмау, менингит ауруларының асқынысы салдарынан болуы мүмкін. Бірақ олардан туған бала көбінде сөйлейді, естиді. Мысалы, 2024 жылы Нұрсая Елікбаева дейтін тәлімгер қызды жұмысқа қабылдадым. Өте алғыр қыз. Мектепті жақсы оқыған, Таразда университетті қызыл дипломмен бітіріп келген. Бірақ әке-шешесі естімейді. Осы жердің түлектері екен. Сөйтіп әке-шешесінің оқыған жерінде жұмыс істесем деп келіпті. Ым-ишара тілін керемет біледі. Балалармен тез тіл табысып кетті. Мамандығы –логопедия. Бізде сурдопедагог болып жұмыс істеп жатыр.
– Оқушыларыңыз қандай оқулықтармен оқиды?
– Біз де сол «Атамұра» баспасының кітаптарымен оқытамыз. Біздің мектепте арнайы оқулық жоқ. Әрине, бағдарламаны барынша жеңілдетеміз. Оқушылар жалпы мектеп оқушылары сияқты ақпараттық бәрін қабылдамайды.
– Арнайы оқулық жазу мәселесін күн тәртібіне қойып, жоғары жаққа көтердіңіздер ме?
– Бұл мәселе қазір көтеріліп жатыр. Жалпы мектептер мен арнайы мектептердің білім бағдарламасы, бұйрықтары, ережелердің бәрі қайта қаралып жатыр. Министрліктен Лаура Асқарбекқызы осы салада жұмыс істейтін мамандармен жұмыс топтарын құрып жатыр. Ал нақты қашан өзгеріс болатынын айта алмайтын. Барлығы да уақыттың еншісінде.
– Сіздерде кадр тапшылығы жоқ па?
– 70 пайыздай маман тапшылығы бар. Себебі біздің мамандарымыздың басым бөлігі жалпы мектепте жұмыс істейтін математик, қазақ тілі, орыс тілі мамандары, кәдімгі дефектологтар. Кейін екінші мамандық ретінде оқып алып немесе қайта даярлау курстарынан өткендерді жұмысқа қабылдап жатырмыз. Ал нағыз дефектологтар жетіспейді. Ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша арнайы қайта даярлау курсынан өткен тәрбиешілерді жұмысқа қабылдап жатырмыз.
Сосын енді бұл жерге кіргеннен кейін ол маман қаласа да, қаламаса да, ым-ишара тілін жаттап алады. Себебі күнделікті балалармен сөйлескеннен кейін оны жаттауға тура келеді. Өмір өзі жаттатып қояды. Биыл ым-ишара тілін оқыту бойынша курсқа 25 маманымызды оқыттық.
– Мұғалімдеріңіздің біліктілігін көтеру кезінде қиындықтар жоқ па?
-Біздің мектептің мұғалімдеріне категория көтеру кезде қиындық туындайды. Себебі жалпы мектептің мұғалімдері оқушыларының жетістіктерімен категориясын көтереді. Ал біздің балаларға арналған балалардың жетістіктерін көрсететін конкурстар санаулы ғана. Сондықтан ерекше балаларды оқытатын мұғалімдердің біліктілігін көтеруде айырмашылық құжат жүзінде бекітілсе екен деймін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы
Суреттерді ұсынған автор