Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады

29 шiлде, 14:58

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанда Заң мен Тәртіп әрқашан үстемдік құруы тиіс» екенін әрдайым ел есіне салып келеді. Соның аясында құқық қорғау органдары басшылығына «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстануды міндеттеді. Ішкі істер органында жедел әрекет ету арнайы жасағы бар. Аса күрделі операцияларға араласатын, оқыс оқиғамен бетпе-бет келетін мамандардың қатарына екінің бірі қабылдана бермейді. Қатаң іріктеу, түрлі сынақтан сүрінбегендер ғана сапқа қосылады. Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа қарасты арнайы мақсаттағы бөліністің инспектор  психологы (келіссөз жүргізуші), полиция капитаны Әйгерім Исаевамен сұхбаттасып, арнайы жасақ қызметкерлерінің әлеміне үңіліп көрді.

– Әйгерім Әбубәкірқызы, заңды сақтау — әділетті қоғам қалыптастыруың алғышарты. Ал қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда орасан үлес қосатын ұжым – жедел әрекет ету арнайы жасағы. Осы қызметтің мақсат, міндеті турасында тереңірек тарқатып айтсаңыз.

– Еліміздің ішкі істер органдарының ішінде экстремалға толы, физиологиялық даярлықтың жоғары деңгейін талап ететін қызметтің бірі – жедел әрекет ету арнайы жасағы, яғни арнайы мақсаттағы бөлініс. Себебі бұл бөліністің жалпы қызметі барлық қызметкерлердің кез келген қысылтаяң жағдайларда өзінің шапшаңдығымен, батырлығымен, жауынгерлік рухымен және оқыс жағдайға тап болғанда туындайтын күйзеліске мойымайтындығымен ерекшеленеді. Өзінің күш-қуатын, әлеуетін кез келген жағдайда көрсете алатын, ұтымды пайдаланатын қызметкерлерді талап ететін бөлініс. Жедел әрекет ететін арнайы жасаққа жаңадан қабылданған қызметкер болсын, немесе ішкі істер органының нақ осы бөлінісіне қарайтын үміткерлер психологтың қабылдауында болып, психодиагностикалық сынақ кешенін де тапсырады. Айталық, қызметкерге қаруды рәсімдеп бекітпес бұрын, бірнеше сатылы әдістен сынақ кешенін тапсыртамыз.

Ол әдістің бірінші сатысында жас қызметкердің агрессиялық деңгейі бағаланады. Бұл сынақ тест түрінде, болмаса проективті тәсілмен де өткізіледі. Бұл әдіс бойынша оған әлемде жоқ беймәлім жануардың суретін салдырамын. Оның салған суретіне қарап бойындағы агрессиясының деңгейі, адамдармен қарым-қатынасы, ұстамдылығы, ашуын қаншалықты ақылға жеңдіре алатынын, конфликтіге қаншалықты әуестігі, компромиске бара ала ма деген секілді қасиеттерін анықтай аламын. Сонымен қатар оның конфликтке тап болғанда қалай шешуге әрекет ететінін анықтайтын тест те тапсыртамын. Табельдік қаруды күнделікті қызметке кіріскенінде өзімен бірге үнемі алып жүретіндіктен, қызметкердің интеллект деңгейі де өте маңызды. Себебі қаруды қай кезде қолдану, қалай ату, оны қолданған  соң қызметкердің бойында үрей, қорқыныш, немесе стрестік күй қаншалықты билейтіні оның ой-өрісінен, қарым-қабілетінен, интеллектуалдық деңгейінен айқындалады.

Ішкі істер министрлігінің психологиялық қызметі бізден әр тоқсан сайын  атқарылған жұмыс туралы  есеп сұрайды. Тоқсандық есепті тапсырғанда экстремалдық жағдайларға даярлық кешені, қызметкерлердің суицидтік іс әрекеттерінің алдын алу кешені бір бөлек, қызметкерлердің өзара бір-бірімен қарым-қатынасы, басшының қол астындағы қызметкерлермен қарым-қатынасы сынды моральдық, психологиялық климатты зерделеу бір бөлек тапсырылады. Төртінші кезең — басшылық құрамға өтетін кадрлық резервті даярлау. Міне, осы төрт кешен бойынша біз әр тоқсан сайын есеп тапсырамыз.

– Осы төрт кешенді жеке талдап, тарқатып айтып берсеңіз.

– Қызметкерлерді экстремалдық жағдайларға психологиялық даярлау бағытында біз тоқсан сайын екі мәрте арнайы дәріс оқимыз. Ішкі істер органы қызметкерлерінің экстремалдық жағдайларда ұтымды қадам жасауы маңызды. Осындай тақырыпта дәріс оқылуы мүмкін. Стрестік жағдайлардың алдын алу  және оны болдырмау бағытындағы тәсілдер деген тақырыпта да дәріс оқытылады. Экстремалдық жағдайлар туындауы мүмкін деген тақырыпта тренинг ұйымдастырылады. Мұндай тренинг бірнеше жаттығудан тұрады. Мысалы, «Шөлдегі апат» жаттығуы. Бұл жаттығуға 15-ке жуық қызметкер қатысады. Себебі нәтижелі қорытынды шығуы керек, яғни санға емес, сапаға мән беру маңызды. Осылайша 15 қызметкерді бір топқа бөліп, алдын ала кестесін түзіп, тренинг өткізіледі. «Шөлдегі апат» жаттығуының артықшылығы жайында бірер сөз. Тренинг кезінде оларға оқыс оқиғадан шығу жүктеледі. Шөл далада олар мінген тікұшақ апатқа ұшырауы мүмкін, бірақ барлығы дін аман. Елсіз далада қалған кезде қалай әрекет жасаған тиімді? Олардың жол дорбасында күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен басқа да керек-жарағы бар. Көмек күші келгенше қалай тіршілік ету керек? Қай затты қандай жағдайда қолданасыз? Осындай сауалдар қою арқылы психологиялық дайындығы тексеріледі. Бұл жаттығудың мақсаты – әр затты дұрыс таңдауда емес, керісінше, экстремалдық жағдайда қызметкерлер бір-бірімен қандай қарым-қатынас орнатады, бірін-бірі тыңдап, ақылмен, сабырмен шеше ме? Орталарынан көшбасшы, тізгін ұстар азамат шыға ма? Егер шыққан күннің өзінде қалғандары сол лидерді тыңдап, соның сөзіне ұйып, барлығы бір қолдың саласындай ауызбіршілік таныта ала ма? Сол апаттан топ болып шыға ала ма? Бұл жаттығу арқылы олардың осындай қасиетін зерттеп, зерделей аламыз. Себебі осындай бөліністе аяқ астынан қысылтаяң жағдайға тап болғанда ең керегі – қызметкерлердің ауызбіршілігі, ынтымағы, бір-бірін тыңдап, құрметтеуі. Бұл — ең қажетті критерийдің бірі. Экстремалдық жағдайларға даярлау тек дәріс оқып, тренинг өткізумен шектелмейді. Басқа да сабақтармен жалғасады. Ал семинарды жылына екі мәрте міндетті түрде ұйымдастырамыз. Семинар өткізу барысында тек өзіміз ғана дәріс оқумен шектелмей, округтік әскери даярлық орталығынан психиатр, психолог мамандарды да шақырып, олар да өз  тәжірибесімен бөліседі. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да келіп дәріс оқиды. Сонымен қатар ауқымды тақырыптың түйінін тарқату үшін сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел форматындағы жиын өтеді.

Келесі кешен ішкі істер органы қызметкерлерінің арасында суицидтік оқиғаның алдын алуға бағытталады. Бұған қарап ішкі істер органдарында суицидтік жағдай жиі орын алады деген теріс түсінік қалыптаспауы керек. Керісінше, осындай келеңсіз жағдайды болдырмаудың алдын алу мақсатында жүзеге асырылатын іс-шара. Қайғылы оқиғаның алдын алып, күйзеліске ұшыраған қызметкерге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, тығырықтан шығудың жолын, бағдарын көрсетеміз. Себебі ішкі істер органдарының қызметкерлері күнделікті оқыс оқиғаға тап болуы мүмкін. Бұл тіпті қалыпты жағдай десек те болады. Сонымен бірге жұмыс режимі де тұрақты емес. Кез келген уақытта шұғыл шақырту түсетіні белгілі. Мейлі, сен үйіңде жұмысыңнан келіп тынығып жатсаң да шұғыл шақыртса, баруға міндеттісің. Таңғы тоғызда жұмысыңды бастап, кешкі алтыда қайту деген тұрақты  кесте ішкі істер органдарының көп қызметкерлерінде бола бермейді. Жедел әрекет ету жасағының да қызметі сондай. Дабыл мезгілдің қай уақытында соғылса да, бірден оқыс жағдайға сай дайын тұратын сөмкесін арқалап іске кіріседі. Міне, осындай жұмыстың ауырлығынан да олардың бойында күйзеліс, психологиялық шаршау орын алуы мүмкін. Үйде жиі болмайтындықтан, іссапарға кез келген уақытта аттанып кететіндіктен де отбасында кикілжің туындап, салқындық сезілуі де ғажап емес. Себебі кейде жұмыстың қауырт қарбаласынан шыға алмай, үй бетін көрмей, бел шешпей еңбек етеді. Басқа өңірге апталап, айлап іссапарға да шығады. Осындай жағдайда олар өздерінің ішкі жай-күйін реттеп, күйзелістен шығуға серпін беру мақсатында біз психологиялық іс-шаралар ұйымдастырамыз.

– Күйзеліске ұшыраған қызметкердің отбасы мүшелеріне де психологиялық көмек көрсету маңызды шығар?

– Әрине, бұл туралы ішкі істер органының №921-бұйрығы бар. Осы бұйрыққа сәйкес, біз қызметкерлердің өздеріне ғана емес, отбасы мүшелеріне де психологиялық көмек көрсетуге міндеттіміз. Егер де ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаса, мәселеге біржақты қарамай, жұбайын да шақырып жеке әңгімелесеміз, уәжін тыңдаймыз. Бала тәрбиесінде де қызметкер қандай да бір тығырыққа тірелсе, бізден психологиялық кеңес алып, ақылымызға жүгіне алады. Көбінесе ата-анасымен бірге балаларын да шақыртып, олардан да проективтік әдіспен сынақ аламыз. Балалардың көпшілігі сурет салуға бейім. Оларға сурет салдыру арқылы ішкі жан дүниесін, арпалысын, ренішін, өкінішін немесе қуанышын, өкпе-назын еш бүкпесіз сурет арқылы әйгілеп береді. Ал өзі ол сурет арқылы  мен ішкі жан дүниемді бүкпесіз ақтарып жатырмын деп ойламайды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жазып алған Қуан Көшек

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген