Жаркенттегі қайғылы оқиға қоғамды бір дүрліктіріп тастады.
Қайғыдан қан жұтқан, ай мен күннің аманында өмір есігін ашқанына үш ай енді ғана өткен періште сәбиінен айырылған ата-анаға қайғырып көңіл айтамыз. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Қаралы үйге Жаратушы иеміз сабыр берсін.
Алты жастағы баланың осындай қадамға баруы, бесіктен белі шықпай жатып адам қанын жүктеуі қоғамды ойлантуы тиіс. Бұл ненің кесірі? Ең алдымен ұрпақ тәрбиесіндегі жіберіп алған олқылығымыздан опық жеп жатқанымыздың ащы да болса айқын дәлелі бұл. Бала – айна. Ол айтқаныңды емес, көзімен көргенін қайталайды. Әрине, қайғылы оқиғаның қалай болғанын анықтап, тергеп-тексеру тиісті орган өкілдерінің құзіретіндегі шаруа. Ал біз бұдан үлкен сабақ алуымыз керек. Тәрбие саласындағы ақсаған тұсымызды түзетпесек, қамсыздықпен босатып алған тізгінімізді тартпасақ, мұндай жағдай қайталана беруі мүмкін.
Осы орайда біз балалар психологы Айғаным Қуатқызына хабарласып, бүгінгі бала тәрбиесін әңгімеге арқау еттік.
Jas qazaq: Жаркент қаласындағы оқиғаның орын алуына не әсер етті деп ойлайсыз? Оң-солын танымаған бала теледидар немесе ғаламтордан көрген кісі өлтіру сияқты неше түрлі сұмдықты санасына сіңіруі мүмкін ғой?
А.Қуатқызы: Жаркент қаласында орын алған қайғылы оқиғада нақтылайтын бірнеше жағдай бар. Ең әуелі осындай әрекетке барған 6 жастағы баланың ақыл-есінде қандай да бір ауытқушылық бар ма? Егер баланың ақыл-ойында кемістік бар болса, ол жасаған ісінің салдарын түсіне алмайды. Ойлау қабілеті, эмоционалды әлеуметтік дамуы нашар балада белгілі бір диагноз болса, ондай балаларға ата-ананың қатаң бақылауы міндетті түрде қажет. Баланың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың мойнындағы жауапкершілік. Ал егер баланың нормативтік дамуында ешқандай ақау жоқ, ақыл-есі дұрыс жетілген болса, онда өзіңіз сұрағыңызда атап өткендей, ғаламтордағы агрессивті аниматорлық сериалдардан көрген өлтіру, пышақ, басқа да үшкір заттармен дене жарақатын салу деген секілді жат әрекеттерді көріп өсіп, соны қайталауы мүмкін. Қазір жамандық шақыратын, агрессия туындататын атыс-шабыс ойындар да көп. Бала сол көргенін қайталаймын деп ойлауы да мүмкін. Алты жастағы бала өлім туралы біледі деп айту қиын. Өйткені қасақана қылмыс жасап, біреуге пышақ сұғатын шақта емес. Бұл тек баланың ұялы телефоннан көргенін қайталау процесі болуы мүмкін. Нақтылайтын жайттар көп. Өзім маман ретінде бала мұның бәрін саналы түрде, қылмысқа оқталып жасады деп ойламаймын. Одан кейін ата-ананың балаға назар аудармауы, көңіл бөлмеуінің де әсері болуы мүмкін. Анасы үш айлық сәбиіне көп көңіл бөліп, мейірімін соған төккенін қызғанып, осындай қадамға баруы мүмкін. «Мен осылай жасасам, анам маған да назар аударып, көңіл бөледі» деген бейсаналық оймен әрекет етуі де кәдік.
Алтыға толып, жеті жасқа қарай қадам басқан бала миының маңдай бөлігі шапшаң дами бастайды. Маңдай бөліктегі ми адамның өзін-өзі басқара алуына, жасаған әрекетінен нәтиже шығаруына, «мынаны былай жасасам, нәтижесі мынадай болады» деген секілді ұғым-түсінікке жауап береді. 6-7 жас аралығында мидың маңдай бөлігі қарқынды дамиды. Бала нормативті, ешқандай ауытқушылық жоқ болса, онда ол ойланады. «Қазір мен мына затпен қасымдағы тұрған адамды ұрсам, ол ауырсынады» деп ұғынады. Өзін-өзі игеріп, мінезін басқара алады. Жеке тұлға ретінде де өзін көре алады. Мектеп алды даярлық тобына, болмаса 1-сыныпқа қабылдануы мүмкін алты жастан. Сонда көпшілік ортада нормативті бала мынау жаман, мынау жақсы, мынаны жасауға болады немесе болмайды дегенді ажыратып, ұғынады. Ал енді ақыл-есінде кемдік, ауытқушылық болса, олар мұндайды ажырата да, ұғына да алмайды.
Jas qazaq: Балалардың даму ерекшелігіне қарай біз нені көруге рұқсат беріміз керек? Жақсылыққа ұмтылудан гөрі жамандықты жұқтыру жылдам жүзеге асады ғой жалпы.
А.Қуатқызы: Балалардың көретін, тамашалайтын контентін бақылау аса маңызды. Балаға телефонды үш жастан асқанда біртіндеп көрсету керек. Кейде біз алты-жеті айлық баланың қолына смартфон беріп қоямыз. Жалпы балаға ерте жастан телефон беру оның есте сақтау қабілетінің нашарлауына бірден-бір себеп болады. Қазіргі таңда зейін тапшылығы, гипербелсенділік деген диагноз жиі қойылады балаларға. Балалардың ғаламторды ақтарып, смартфоннан түрлі дүниелерді көру барысындағы жауапкершілік ең алдымен ата-анаға жүктеледі. Психолог маман ретінде айтарым, 10 жасқа толмайынша балаға жеке телефон әперіп, еркіне жіберуге болмайды. Үш жастан асқан соң танымдық контенттерді көрсеткен дұрыс.
Jas qazaq: Алты жасқа толған баланың есте сақтау қабілеті дамыған ғой. Жасаған ісі есінде қалып, есейген сайын кінәсін сезініп, қорқынышы ұлғая түспей ме?
А.Қуатқызы: Психологиялық ауытқу болуы мүмкін. Жалпы психологиялық ақыл-ой кемістігі бар, аутизммен ауыратын, басқа да кеселге шалдыққан балаларда қорқыныш сезімі болмайды. «Мынаны істесем, арты қайғылы жағдайға ұрындырады» дегенді ойламайды. Сөз басында айтқанымдай, нормативті дамуы дұрыс балалардың алты жасында есте сақтау қабілеті жақсы болады. Көргенін, істеген ісін ұмытпайды.
Jas qazaq: Балалар психологы ретінде ата-аналарға қандай кеңес айтасыз, тәрбиелеуде нені есте мықтап ұстаған жөн?
А.Қуатқызы: Сұрақтарыңыздың дені күні кеше болған қайғылы оқиғаға қатысты болған соң, осы бағытта жауап беріп отырмын. Кез-келген ата-ана баласының өміріне, тағдырына тікелей жауапты. Ес тоқтатқанға дейін баланы үйде жалғыз тастауға болмайды! Өйткені жазым деген аяқ астында. Жоғарыда айтылған оқиғада ата-ана жауапкершілігі де бар. Балаға бас-көз болатын естияр адам қасында қалуы керек.
Альфа және Z ұрпақ, яғни бүгінгі жас буын өзіне ерекше көңіл бөлінгенін қалайды. Ата-анасының өзіне ерекше құрмет көрсеткенін қалайды, соны талап етеді.
Бала тәрбиесіне келгенде, әсіресе, әкелер тарапынан айтылатын сылтау көп. «Біз жұмыста жүреміз, уақытымыз болмады» деп жатады. Бірақ 24 сағат жұмыста жүре бермейді ғой. Үйге келгенде бір уақыт балаларына назар аударып, тәрбиесіне көңіл бөліп, сөйлесіп, сырласып, қажет болса, ойнауға уақыт табу керек. Бала ата-ананың өзіне назар аудармағанын білсе, оны басқаша жолмен бірдеңені бүлдіріп, сындыру арқылы қаратқысы келеді. Ата-аналарға осыны баса ескерткім келеді. Жұмыс істеген дұрыс. Отбасын асырау, шаңырақты мықтап ұстап тұру да ер азаматтың міндеті. Бірақ бала тәрбиесіне де көңіл бөлген дұрыс.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуан Көшімбай