Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)

05 шiлде 2019, 12:12

«Мама, енді ешқайда бармай-ақ қояйықшы. Мен лагерьге оралғым келмейді. Қазақстан сондай әдемі. Мұнда бәрі жақсы. Осы жерде қалайықшы». Бұл бес жыл уақытын Сирияда ұрлатқан Балжанның ұлы Ілиястың елге оралған сәтте анасына айтқан алғашқы сөзі. Жат ағымға уланып, адасқан Балжан сұхбат басталмас бұрын материалды өзінің суретімен қоса жариялауымызды өтінді.

– Өзіңіз әп-әдемі, ақылды қызсыз. Мұндай жат ағымның жетегінде қалайша кетіп жүрсіз?
– Орал қаласының тумасымын. Әкемнің жалғыз қызымын. Жалғыздығымды пайдаланып, еркелігімнен ажырағым келмейтін. Бірақ әкем мен анам ажырасып кетті. Сол кезде ішкі әлемімнің күл-талқаны шықты. Көп ұзамай анам екінші рет тұрмыс құрды. Мен ата-әжемнің қолында қалдым. Сыртқы әлемге деген өкпем ата-әже, ата-анаммен арадағы қарым-қатынасымызға кері әсер етті. Сөйтіп жүргенімізде, анам көз жұмды. Ол кезде мен 13 жаста едім. Аласұрып, қатты қиналдым. Өзімді әлемде жалғыз қалғандай сезініп, күйзеліске түсіп кеттім.
– Содан…
– Бірде Әйгерім есімді қызбен таныстым. Ол кезде Әйгерім намаз оқитын. Бір қызығы, ол үнемі ұзын қара киіммен жүруші еді. Бірақ нақ сол кезде мен үшін Әйгерімнің сыртқы тұрпатының еш маңызы болған жоқ. Басымдағы қиыншылықтың бәрін Әйгерімге айтып жүрдім. Іші-бауырыма кіріп алған ол маған ең жақын адамым сияқты көрінетін. Сөйтіп жүріп, Әйгерім мені дінмен таныстыра бастады. Кейін оның құрбыларымен жақын араласып жүрдім. Ол кезде 15 жаста едім. Жастықпен болса керек, Әйгерім бастаған қыздардың мені ата-анамнан артық жақсы көретініне сендірді.
Арада уақыт өте келе, Әйгерім сияқты мен де қара жамыла бастадым. Бірақ отбасым ниқаб киюіме қарсы болды. Бар шағымымды, мұңымды жаңадан тапқан құрбыларыма айтқан кезде, олар маған күйеуге шығуға кеңес берді. Сөйтіп, болашақ күйеуіммен таныстырды. Жолдасымның жасы біраз үлкендігіне қарамастан, оған тұрмысқа шығуға асықтым. Мені болашағымның қалай болатыны емес, үйден тезірек құтылу жағы алаңдатып жүрген еді. Сөйтіп, 16 жасқа толар-толмастан, үйден қашып шығып, тұрмыс құрдым.
– Әрі қарай не болды? Ол кезде жолдасың да өзіңмен бағыттас (діни сенімі) болды ма?
– Құлсарыға келдік. Үйде тойдың ырымы жасалды. Өзге қалыңдықтар сияқты ақ көйлек кимедім. Үлкен тойдың жасалуына жолдасым қарсы болды. Себебі екеуміз де ол кезде той жасауды харам деп түсінетінбіз. Күйеуім екеуміз бастапқыда Құлсарыда, оның шаңырағында тұра бастадық. Кейін Атырау қаласына көшіп келдік. Күйеуім – үйінің тұңғышы. Бес баланың үлкені болатын. Әрі менен жеті жасқа ересектігі бар. Колледжді, кейін институтты үздік дипломмен бітірген, өте сауатты жігіт. Теңіз қалашығында жұмыс істеп жүрді. Сондықтан, мен күйеуімнің діни бағытта қателесіп жүргенін білмедім. Өзімді де тура жолдамын деп ойлайтынмын. Cөйтсем, күйеуім Атыраудан жасырын түрде Абдул Уахабтың (теріс ағымның негізін қалаушы) «Үш негіз» кітабы бойынша білім алған екен. Жасырын сабақ алған күйеуімнің алдымен Мысыр, кейін Сирияға бет алуына осы жағдай себеп болды. Мысыр астанасы Каирде жолдасым жеке орталықтан сабақ алып жүрді. Мен әйелдерге арналған араб тілі курсына барып, тіл үйрене бастадым. Ол кезде, әрине, оқуды аяқтаған соң, елге аудармашы маман ретінде ораламын деп ойладым. Бірақ арада сегіз ай өткенде күйеуім Сирияға барып, халифат орнату жолында күресетінімізді айтты. Бұл 2013 жылдың сәуірі болатын. Осылайша, менің өмірімдегі ең үлкен қателік сағаты басталды…
– Өзіңнің қателескеніңді қашан, қандай жағдайдан кейін түсіндің?
– Ол жақта адасып жүрген қазақстандықтардың саны өте көп болды. Тіпті балаларымен қоса, ата-әжесін де ала келген көп отбасылар бар. Олар елдегі үй-жай, көліктерін сатып, Сирияға біржола келгендер еді. Мал-мүлкін сатудан түскен ақшаны ДАИШ-тің (елімізде тыйым салынған террористік ұйым) жендеттеріне «ортақ мақсат» үшін деп өткізіп жіберді.
Ана жақтағы қантөгісті, қатыгездікті күнде көріп жүрген жолдасым да біздің адасқанымызды түсінді. Сол сәттен бастап біз жасырын түрде елге оралудың жолын іздестіре бастадық. Бұл 2016 жыл еді.
– Сонда нақты қандай қатыгездіктің куәсі болдыңыз?
– ДАИШ жендеттері кішкентай ер балаларды алты жасқа толар-толмастан, әскери дайындыққа алып кетіп отырады. Сол қарғыс атқыр соғыс даласында өмірге келген менің ұлым ешқайда барған жоқ. Себебі жасы кішкене еді. Бірақ балалар лагерінде педофилизм, гомосексуализм сияқты айуандықтардың барлығы болып жатқанын көзіміз көріп жүрді. Кішкентай балаларды қорлаған жағдайлар көп тіркелді. Тағдыры аянышты халге түскен бүлдіршіндердің арасында қазақ балалары да жүр. Сәбилерді ДАИШ шейхтарының 13-15 жастағы ұлдары аяусыз қорлап жататын. Бірақ ол үшін кінәлілер жазаланбайтын. Кейін бұл қалыпты жағдайға айналды. Осындай жиіркенішті әрекеттерді жылы жауып қойып отырған ДАИШ билігінің әшейін бетперде киіп жүргенін түсіну қиын емес…
– Әйелдерге қарым-қатынас қалай болды? Әйелдер үшін он неше рет тұрмыс құру қалыпты жағдай саналады дегенді де естідік.
– Мен өзім 10, 15, тіпті 19 рет күйеуге шыққан әйелдерді білемін. Ол әйелдің еркекжандылығынан емес, ДАИШ қоғамы әйелді осындай бейшара деңгейге дейін түсіріп тастағандығының нәтижесі. Ол жақта еркек әйелмен екі-үш күн тұрғаннан кейін ажырасып кете алады. Сөйтіп, екінші әйел алып, бір аптадан соң оны да тастай салады. Оқиға осылай жалғаса береді. Олар бір-біріне әйелдерді сыйлай салатын. Мұны өздері «құрмет» деп түсіндіретін.
Қолдан-қолға «сыйлық» ретінде өткен әйелдерді білемін. Олар ата-аналарын еске алып, қатты жылайтын. Олардың ауыр тағдыры туралы естіп, мен де жылайтынмын. Жанды қуыршаққа айналған ол әйелдерді баскесерлер жезөкше деп атайтын. Ал, шындығында, әйелдерді қорлап отырған баскесерлердің өздері.
– Ол жақтан қалай қашып шықтың? Елге келген жағдайда істі болудан қорықпадың ба?
– Адасқанымызды түсінгеннен кейін күйеуім екеуміз қашып шығуға күн сайын әрекеттеніп жүрдік. Арнайы топ құрып, талай мәрте қашқанымызбен, адасып, бәрібір баскесерлердің қолына қайта түсетінбіз. Сөйтіп жүргенде, біздің тобымызда болған атыраулық екі жігітті баскесерлер жазалап, атып өлтірді. Бірақ біз соңына дейін күресуге бекіндік. Ұзақ уақытқа созылған операциямыз сәтті аяқталып, күрдтердің қолына өз еркімізбен берілдік.
Бастапқыда түрмеде жаттық. Кейін бізді тұтқындар лагеріне орналастырды. Лагерьде жатқан уақытымызда тұтқында жүрген ирақтықтардың өзі «Ертең еліңе барған уақытта он бес – жиырма жылға дейін түрмеде отырасың. Одан да ДАИШ-ке қайта барғаның дұрыс» деп үгіттеп жүрді. Мен сол кезде, «Мейлі түрмеге отырып, шыққаным артық. Есесіне, жазамды өз елімде өтеймін. Әрі өз елімде балаларымның қауіпсіздікте боларына сенемін. Мына жерде өлім сағатын күтіп жүргеннен гөрі, он бес жыл түрмеде отырғаным артық» деп жауап беретінмін.
– Балжан, қалай десек те, сіз бақытты адамсыз. Себебі соншама қатыгездіктің ортасынан елге аман оралып отырсыз. Қателескенін кеш түсініп, сүйегі далада қалған қаракөздеріміз қаншама…
– Расымен де, ол жақта шеттен келгендер үшін кері қайтатын жол жоқ. Соғыс даласында опат болғандардың бірі – құрбым Нұржамал. 1987 жылы туған. Құлсарының қызы. Оның төрт баласы болды. Күйеуі 2012 жылы терроризм бабы бойынша сотталған Нұржамал көп ұзамай балаларын алып, Сирияға қашып келді. Сол жерде тәжік жігітіне екінші рет тұрмысқа шықты. Бірақ күйеуі соғыста қаза тапты. Оңбай қателескенін кеш түсінген құрбым кейін әкесіне қоңырау шалып, көмек сұрады. Әкесі жолын тауып, Нұржамалға бес мың АҚШ долларын аударады. Бірақ құрбыма елге оралу бақыты бұйырмапты. Онда ақша барын біліп қалған қазақ әйелдер Нұржамалды алдап, жолға алып шығып, қинап өлтірген.
Нұржамал екеуміз жақын құрбы болдық. Үнемі елді армандап, жоспар құратынбыз.
– Тағы бір сұрақ. Адамдар аяусыз қырылып жатқан ол жерден балаларды қалай аман сақтап алып келдіңіз? Естуімізше, көптеген сәби жарылыс, атыс кезінде шейіт болып кетеді екен…
– Мен балаларымды үнемі жуынатын бөлмеде жасырып жүрдім. Терезесі жоқ жерді оқтың әнебір кереметтейі де тесіп өте алмайтынын білетінмін. Балапандарымды далаға мүлде шығармайтынмын. Себебі кез келген уақытта қаңғыған оқ тиіп кетуі мүмкін еді. Осындай арпалыстың үстінде сәбилерімнің балалық шағын ұрлағаным үшін, өзімді кінәлі сезінгенім рас. Балаларым ол жақтан ашық аспанды көрмей өсті.
– Тағы не айтасыз…
– Біз паналаған күрдтердің лагерінде шетелдіктер көп болды. Бес жыл, үш жыл бойына елінен хабар күтіп отырған әйелдердің қатары тіптен мол. Олар Қазақстанның «Жусан» арнайы операциясын жүргізіп жатқанын естіп, бізге қатты қызыға қарайтын. Себебі басқа мемлекеттер әйелдер мен балаларды ғана қайтарып жатыр. Онда да жылдап күттіреді. Ал біздің еліміз әйел-баламен бірге, ерлерді де әкетуде. Мұны көрген Ресейден, Кавказдағы Дағыстаннан келген әйелдер «Қазақстанның азаматы болғымыз келеді» деп те жүрді.
Ұшақтан түскен уақытта да бізді әскерилер де, медбикелер де жылы қабақпен қарсы алып, тіпті құшақтап, жағдайымызды сұрап, бәйек болып жатты. Мен борттан шыққаннан бастап жылаумен болдым. Себебі бұл тоқтамай аққан қуаныштың көз жасы. Көп ұзамай үшінші сәбиімді өмірге әкелемін. УЗИ ішімдегі нәрестемнің ұл екенін айтты. Амандық болса, ұлыма Президенттің есімін беремін.
Күйеуім қазір Сирия даласында баскесерлердің қолында қалды. Хабар жоқ. Бірақ түбі ол елге оралады деген үміттемін. Аман-есен жеңілденген соң, университетке оқуға түсемін. Балаларымды өсіріп-жетілдіру үшін еңбек етемін.

Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген