Алматы қаласында білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқушыларға арналған инфрақұрылымды түбегейлі өзгертуді мақсат етеді. Жаңа мектептер, заманауи сыныптар, бір ауысымдық оқу жүйесіне көшу – осының барлығы балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубаймен сұхбаттасты.
– Айдын мырза, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматыда қандай өзгерістер болып жатыр?
– «Жайлы мектеп» жобасы – жай ғана мектеп салу емес, сапалы білім кеңістігін құру жолындағы үлкен қадам. Қазіргі таңда Алматыда 34,8 мың оқушы орнына арналған 21 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Соның ішінде 23,1 мың орындық 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр, ал 6 мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларды қабылдап та үлгерді. Бұл – өте ауқымды әрі жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыс. Мектептер тек саны жағынан емес, сапасы жағынан да жаңарып жатыр. Жаңа мектептердің барлығында жоғары жылдамдықты интернет, заманауи жиһаз бен оқыту технологиялары, қауіпсіздік жүйелері орнатылуда.
– Қазірдің өзінде пайдалануға берілген мектептер бар ма?
– Иә, биылғы 1 қыркүйекте 600 орындық № 97 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Нұрлы Дала», «Самғау», «Қарасу», «Ақбұлақ» ықшам аудандары мен Райымбек көшесіндегі 6 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы саны 10 500 оқушы жаңа мектептерде білім алуға мүмкіндік алды. Жаз айларында «Құрамыс», Құлжа тас жолы бойындағы және «Шұғыла» ықшамауданындағы ірі мектептерді тапсыру жоспарда тұр.
– Бұл жобаның басты ерекшелігі неде?
– «Жайлы мектеп» жобасының негізінде оқушы мен мұғалім үшін еркін, қауіпсіз әрі заманауи білім кеңістігін құру мақсаты жатыр. Мен бұған дейін де айтқанмын, тағы да атап өткім келеді: біз үшін маңыздысы – тек ғимарат салу емес, баланың өзін еркін, жайлы әрі қауіпсіз сезінетін білім беру кеңістігін жасау. Осы мақсатта әр мектепке жоғары жылдамдықты интернет, жаңа жиһаз, заманауи техника орнатылуда. Мұғалім мен оқушының арасындағы байланыс тек біліммен ғана шектелмей, жайлы орта арқылы тереңдей түседі.
– Қазіргі таңда оқушы орындарының тапшылығы туралы не айтасыз?
– Бұл – өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда Алматы мектептерінде 29 783 орын тапшылығы бар. Мұның басты себебі – қала халқының көші-қон және демографиялық өсімі. Бұл тапшылықты жою үшін біз бір ғана жаңа мектеп салумен шектелмей, қолданыстағы мектептерді бір ауысымдық жүйеге көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биылдан бастап 29 мектеп осындай форматта жұмыс істей бастады. Бұл – баланың денсаулығына да, мұғалімнің жүктемесіне де оң әсерін тигізетін өзгеріс.
– Жеке инвестиция арқылы да мектептер салынып жатыр деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?
– Иә, бұл да маңызды бағыттың бірі. Қазіргі таңда 11,7 мың оқушы орнына арналған 8 мектептің құрылысы жеке инвестиция есебінен жүргізіліп жатыр. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нақты көрінісі. Әрі осы мектептердің барлығында да оқыту тілі қазақ тілі болып қала береді, яғни 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін мемлекеттік тілде оқыту қамтамасыз етіледі.
– Бір ауысымдық жүйеге көшкен мектептердің орналасуы қалай бөлінді?
– Жаңа жүйеге көшкен мектептер барлық аудандарда бар. Мысалы, Алатау ауданында – 6, Бостандықта – 11, Медеуде – 5 мектеп бір ауысымда оқытуға көшті. Бұл – ата-аналар мен ұстаздар тарапынан да оң қабылданып жатқан шешім.
Жаңа мектеп – тек ғимарат емес. Ол – баланың болашағына салынған инвестиция. Қала тұрғындары, ата-аналар, ұстаздар қауымы — бәріміз бірлесе отырып, жайлы да сапалы білім кеңістігін құруға күш салуымыз керек. Бұл тек бүгіннің ғана емес, ертеңнің де игілігі болмақ.
— Ендеше алдағы жұмыстарыңыз оңынан келсін деп тілейміз.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық
Алматы қаласы