«Әй» дейтін әже «ТикТокта» жүр секеңдеп…

03 маусым 2022, 12:02

Бірде Мөңке би түс көріп, Сырым батырға жорытпақ болады.
«Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым, біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде, қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда, қоян шықты. Осыны жорып берші», – дейді Мөңке би.

Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Әйтсе де, ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға: «Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа» деген сөз бар еді. Сонда да айтайын.

Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай:

«40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен. 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен. Қасқырдың шықканы – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар. Түлкі шықканы – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар».

Сөз соңында Мөңке бидің қызы: «Маған түс жорытқандарыңыз қате болды. Күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады. Менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді», – депті.

Расында да, бүгінгі күні сол қыздың айтқаны келген сияқты. Әйелдердің ақылымен қоса етегі де қысқарды. Бүкіл әйел затын ұяттан кетті деуден аулақпын. Тек әйел затына қатысты көкейімде жүрген бір оймен бөлісуді жөн көрдім. Өйткені мен де әйелмін. Менде анамын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деп жиі айтып отыратын әжем. Біз әженің тәрбиесін көрген ұрпақпыз. Қазақ қызды «ұят болады» деген бір ғана сөзбен тыйып отырған. Ал қазіргі қыздарға ұят дегенді сөзді айтып көр. «Ой, сіз ескіше ойлайсыз, қазір заман басқаша» деп екіленіп шыға келеді. Бала тәрбиелейтін әже қалмаған ба дейсің. Сексенге келсе де, секеңдеп билеген, онысымен қоймай, «шпагатқа» отырған әженің видеосы әлеуметтік желіні кезіп жүр. Тойда бар «өнерін» көрсеткен мұндай әжейдің немересі қандай екен?

Қыз-келіншектің ұяттан жұрдай болғанына дәлел көп. Көзіммен көргенімді айтайын. Таңертең қоғамдық көлікке мініп, жұмысқа келе жатқан бетім. Автобуста бір келіншектің құлағында құлаққап, телефонмен сөйлесіп келеді. Екі сөзінің бірі: «Өй, шешең, оны бүйтіп жіберемін, шешең, оны сүйтіп жіберемін». Бүкіл автобус келіншекке қарап қалыппыз. Бір қария, шыдамай кетті ме, келіншектің құлаққабын жұлып алып: «Айналайын-ау, қазақтың қызы екенсің, сәл даусыңды бәсеңдетіп, тым құрмаса боқтамай сөйлесші», – деді. Әлгі келіншек «ата, өзім білемін» деді де міз бақпай отыра берді. Ақсақал үнсіз басын шайқады. Ал әлгі келіншек бейпіл сөзді үдетіп, әңгімесін жалғастыра берді.

Қазір әйел адам алаяқтық жасады десе де, таң қалмайтын дәрежеге жеттік. Бір танысымыздың қызы «несиеге қымбат көлік алып беремін, үй кезегін жылжытып беремін» деген желеумен біраз адамнан қомақты ақша алып, Түркияға қашып кетіпті. Ал оған алданған адамдар ата-анасының мазасын алып жатыр. «Өлімнен ұят күшті» дейтін буынның адамдары емес пе, жиған-тергенін сатып, қызының қарыздарын өтеп берген.

Осыдан бірнеше күн бұрын екі студент қыздың әңгімесін өтіп бара жатып естіп қалдым. Қолдарында темекі. Түтінін будақ-будақ еткізеді. Айналасындағылардан қымсыну деген жоқ.

Біреуі құрбысына қарап:

– Кешке не істейміз, в клуб пойдем да? – деді.

– Ой, денег нет. Егер ақша тапсам, барайық. А то ақшасы жоқ жігіттер кездесіп қалса, счетті жаба алмай қаламыз, – деді екіншісі.

Міне, бүгінгі бойжеткен, ертеңгі келіннің бет-бейнесі!

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ бұл айтқанымыз – біздің күнделікті тіршіліктің бір көрінісі ғана. Қызылордалық бір келіншек бес баласын күйеуіне тастап, қашып кеткен. Жәудіреген бес бүлдіршін әкенің қолында қалыпты. Ал келіншек балаларға төленетін әлеуметтік көмек түсетін карточканы алып кеткен. Қайда жүргені белгісіз. Жалғыз ол емес, осылай бала-шағасын тастап, қызық қуып кететіндер соңғы кезде тіпті көбейді. Мұның бәрі «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазақы тәрбиені шетке ысырып тастаудан.

Қараңыз, жасы да, кәрісі де, әйелі де, еркегі де, атақтысы да, ешкім танымайтыны да секеңдеп «ТикТокта» жүр. Қазір баланы ата-әже емес, ата-ана емес, ғаламтор тәрбиелейді. Жылаған балаға ата-анасы телефон ұстата салады. Таңертең смартфонмен оянған бала, жатарда смартфонмен бірге ұйықтайды. Олардың не көріп, қандай тәрбие алып жатқанын ойлауға қорқасың. Жақында әнші Саят Медеуов «ТикТок» сынды желіні желпіндіріп жүрген қатарластарының әрекетін сынға алып, ойындағысын ортаға салды. «Бір кездері шегіртке деп кемсіткенде, өре түрегеліп айғай салдық. Өнердегі кейбір әріптессымақтарымның істеп жүргеніне қарасам, шегіртке емей, немене? Жасы елуге таяп қалған кейбір қатарластарымның қылығы қарынды аштырады. Ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан былапыт сөз. Елуде ел ағасы болып бата беретін жасқа келдіңдер ғой», – деген жанайқайын жеткізді.

«Бүгін құлқынның құлы үшін сайқымазақ болып жүргендеріңді ертең қартайғанда немере-шөбереңе қалай түсіндіресің? Қай бетіңмен оларға ақыл айтасың? Олар сайқымазақ, аузының дуасы жоқ шалды тыңдай ма? «Атан түйе құтырса, жұт болады» деуші еді ақсақалдар. Бүгін танымал болудың ең оңай жолын таңдағанмен, ертеңгі күнімізді неге ойламаймыз? Ертеңгі ұрпақтың болашағын ойласақ, қазақы құндылықтары сақталған ұлт боламыз десек, бүгінгі бетімен кеткен әлеуметтік желіні ретке келтіру керек», – деген ұсыныс тастады. Саят Медеуов аузына келгенді айтып, интернетке жүктеуді жүгендейтін заң шығару керек деген пікірде.

Әншінің ашынатындай жөні бар. Ақыл айтатын жастағы ел ағалары мен апалардың сиқы анау. Жастар үлгі алатын әртістер ырбың-жырбың етіп, ерсі әзілін жария еткеніне мәз. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін «тиктокерге» айналды.

Мөңке бидің қызы айтқандай, әйелден ұят, еркектен намыс кеткен заман.

Мақпал Махаметқызы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген