Аида Рысқұлбек: «Волонтерлік пен қайырымдылық» – егіз ұғым»

17 шiлде 2023, 13:21

Соңғы жылдары елімізде еріктілікке ұмтылатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны волонтерлік саланың тамырына қан жүгіргенін аңғартса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын. Соның негізінде  «Birgemiz» деп аталатын волонтерлердің фронт-офисі ашылып, салтанатты шараға Президенттің өзі де қатысқан еді. Айта кеткен жөн, еріктілердің қоғамды алға қозғау үшін атқарып келе жатқан жұмыстары  Мемлекет басшысының қашанда қадағалауында. Әйтпесе, жақында  өткен Түркістандағы Ұлттық құрылтайда арнайы тоқталар ма еді. Осы Түркістан облысына қарайтын аудандардың барлығында дерлік  волонтерлік һәм қайырымдылықпен шұғылданатын ұйымдар көп. Әрине, олардың қатарында  еріктілердің атқарған жұмысы көңіл қуантады. Сондай ұйымның бірі — Сайрам ауданында құрылған  «Жомарт жүрек» еріктілер ұйымы. Осы ұйымның жетекшісі Аида Рысқұлбекпен әңгімеміз ұйымның  мақсат-мұраты мен бағыт-бағдары төңірегінде өрбіді.

– «Жомарт жүрек» волонтерлік ұйымының атауы құлаққа сондай жағымды естіледі екен.  Қандай мақсатта құрылды деген сауалды қойғаным, атауына  орай меценаттардың қатысы бар ма, қай жылдан бастап жұмыс істеп келесіздер?

— Ең алдымен ұйымның атауына қатысты айтар болсам, көпшілігіміздің  ортақ ойымыздан туған  атау десек те болады. Меценаттардың ешқандай да қатысы жоқ. Өзіңіз білесіз, 2019 жылдың қоңыр күзі, қысқа қарай Қытайдың Ухань  қаласынан бастау алған коронавирус індетінің әбігерімен есте қалды емес пе. Бұрын мұндай  карантиндік шектеуді, үлкен індетті көрмеген біздің еліміз де әбігерге түскені анық. Әсіресе, сақтық шаралары күшейтіліп,  қауіпсіздік қатаңдатылған кезеңде елдің бір жағына шығысып, тұрмысы төмен отбасыларға халықтан жылу жинап, қорға құйылған қаражат есебінен көмек беру қажет деген шешімге келдік.  2020 жылдың қаңтар айынан  бастап әлемді шарпыған ковид кеселі  күшейгенде  біз де  тәуекелге бел буып,  волонтерлік жұмыстарды ғана атқарумен шектелмей, қайырымдылық шараларын да жүзеге асыратын  ұйымымызды құрып,  «нар тәуекел» деп ісімізді бастап кеттік. COVID-19 вирусы қатты өршіп тұрған уақытта, жағдайы төмен отбасыларға, дәрі-дәрмек алуға шамасы жоқ науқастарға көмек көрсету мақсатында ашылған жобаның өміршең болатындығына бек сенімдіміз. Сол жолда аянбай еңбектеніп келеміз. Өзіңіз білесіз, жақында Түркістан қаласында өткен екінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің жұмысына айрықша тоқталып, алғысын жеткізгенде төбеміз көкке  жеткендей қуандық. «Айт-шу» деген атқа демеу дейді қазекем, атқарған жұмысыңа, істеген қайырымды шараларыңның өтеуіне алғыс естісең, онда да Президенттің өзі елеп, тілге тиек етіп жатса, зор мәртебе емес пе.  Сондықтан да біздің қайырымдылық істерді жүзеге асыру  жобасы ретінде ашылған ұйымымыздың ісі ілгері басып, келешекте іргесі кеңи береді деп сенемін.

– Дұрыс екен, ендігі сұрағым да өздеріңіздің атқарып жүрген салаға қатысты, Сайрам  ауданында  сіздерден бөлек   тағы қандай волонтерлік ұйымдармен  байланыс орнатып, тізе қосып жұмыс істеп келесіздер?

– Сұрағыңыз орынды,  қуанарлығы біздің ауданымызда «ерікті боламын, волонтерлік жұмыстарға белсен қатысамын» дейтін жастардың қатары артып келеді. «Жомарт Жүрек» қайырымдылық жобасынан басқа, «Біздің Орта» деп аталатын  волонтерлік ұйым бар. Бұл ұйым мүшелері де қоғамның алға жылжуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Біздің әріптестерімізбен осы  барлық ұйым мүшелері достық қарым-қатынаста. Әрқашан да бір-бірімізді қолдап, қуаттап, демеу болып жүреміз.  Сонымен қатар Сайрам ауданындағы әр мектепте  оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдары бар,. Олардың  президенті болады, орынбасарлары тағайындалады. Мектеп ішіндегі тәртіп пен тәрбиеге ғана емес, қоғамдық іс-шараларға қатысуға да олар аса ықыласты. Осыны ескеріп, біздің ұйым  ауданымыздағы мектептердегі  оқушылардың  өзін-өзі басқаратын ұйым жетекшілерімен де тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеп келеді. Мектептерде болатын қайырымдылық іс-шараларына, түрлі байқау, конкурстарға, білім бәйгелерін өткізуде «Жомарт жүрек» қайырымдылық ұйымымен де тізе қосып, қанаттаса жұмыстар атқарады. Бұл жағы жүйелі жолға қойылған деп ауыз толтырып айта аламыз.

– Ұйымға мүше волонтер  жастар қашанда ізгілікті істерге ұмтылатыны анық.  Осы күнде дейін қандай игі істерді жүзеге асырды?

«Жомарт Жүрек» қайырымдылық жобасын «Біздің Орта» еріктілер клубының мүшелерімен  де бірлесіп  жүзеге асырып  жүргенін жоғарыда айттым. Тек карантин кезінде ғана емес, карантин біткеннен кейін де бұл жоба жұмысы тоқтаған емес. Ауданымыздың, ауылымыздың көмек қажет ететін отбасыларына мүмкіндігіміз келгенше көмектесіп келеміз. Одан бөлек, қарттарға және  балалар үйіне жиі барып, сыйлықтар таратып, ерекше көңіл бөлуге тырысамыз. Мұның барлығы да қоғамда ізгілікті насихаттау мақсатында  қолға алынады.  Қарт кісілермен әңгімелессең, көп нәрсені білесің. Ол кісілердің көңілі кең,  қазынаға толы жандар. Тарихты,  балалық шақтарында көрген ауыртпалықты, өткен ғасырдағы елеулі оқиғаларды айтқанда керемет әсерге бөленесің. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бері қарай Қазақстан қалай дамыды, өсіп-өркендеу жолында нендей кедергілерді еңсерді, бәрін-бәрін қарттарымыз көзімен көрген,  жете біледі. Сондықтан да біздің ұйымның  мүшелері жылына бір рет атап өтілетін қарттар күнін күтіп отырмай, түрлі мерекелерде  сол кісілердің көңілін көтеріп,  қуантып қайтуға тырысамыз.  Қазақ қашанда жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық қой.  Балалар үйіне барсаң,  жүрегің ауырады. Олардың тұрмысына, әлеуметтік мәселесіне емес. Өйткені тамақтары тоқ, көйлектері көк. Мемлекет тарапынан оларға жасалып жатқан қамқорлық  аз емес. Дегенмен ата-ананың мейріміне жететін ештеңе жоқ. Ал олардың арасында  тастанды, тірі жетімдер де бар.  Шамамыз келгенше мерекелік  концерттер ұйымдастырып, сыйлықтар таратып, көңілдерін аулаймыз. Балалар үйінде де талантты  жеткіншектер тәрбиелені, өсіп келеді. Күні ертең олар да осы қоғамның  кетігіне кірпіш болып қаланатыны сөзсіз. Олар — келер буын, бүгінді болашаққа жалғаушылар.  Осыны  негізге ала отырып,  жоспарлы түрде жұмыстар жүргіземіз. Біздің ұйым тек қараттар мен балалар үйіне барумен шектелмейді, басқа да изгілікті істерді атқарып, жұмысымызды  жүргізіп келеміз.

– Аида Рысқұлбекқызы, ұйымдарыңыздың құрылғанына үш жылдың жүзі өтсе де өте ауқымды істерді еңсерген екенсіздер. Осындай еріктілердің ісіне жергілікті әкімдік, облыс әкімдігі қолдау көрсететін шығар. Әкімдікпен  бірлесіп, қандай да бір іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма?  

– Жергілікті әкімдік жастардың бастамасын кейінге шегеріп немесе елеусіз қалдырған емес, қайырымдылық іс-шараларында бұл жобамызға әкімдіктен де, «Аманат» партиясынан және тағы басқа жергілікті депутаттардан үлкен демеушіліктер болады. Ол бізді қатты қуантады және бізге мотивация береді. Жаңа сөз  арасында айттым ғой, «айт шу деген атқа демеу» деп. Бастаған ізгі ісіңе қолдау көсретіп, демеушілік танытып жатса, қандай ғанибет!  Сондықтан да  қолдауды, әкімдік тарапынан жасалатын қамқорлықты айтуға тиіспіз.

– Қайырымдылық һәм волонтерлік  жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында құрылған  ұйымның   көкжиегін кеңейту  үшін қандай  шаралар өткізесіздер?  Өзіңіз айтпақшы,  Сайрам ауданындағы өзге  ұйымдармен де  тізе қосып  жұмыс істеп жүрсіздер. Осындай салада түрлі форум, басқосу жиындар өткізіле ме?

– Ұйымның жұмысын жандандыру, еріктілерді және ұйымның мүшелерінің ынтасын ашу, оларды жан-жақты дамыту, өз істеріне деген сүйіспеншілігін ояту мен тәжірибе алмасуы үшін көптеген форум, семинар, тренингтерге қатыстық.  Мұның барлығы да біздің өсуімізге, өреміздің дамуына, алға қарай жылжуымызға өте-мөте қажет. Басқа ортадағы  волонтерлермен танысасың, олардың атқарып жатқан жұмыстарын көріп, өзің де тәжірибе  жинайсың,  түрлі идея  туындайды. Демек осындай форумдар,  жиындар жиі өткізілсе, еліміздің әр аймағын қамтып, еріктілер мен қайырымдылық іс-шараларын өткізетін жастарды  жиі жинап, басқосу өткізсе,  тамаша болар еді деген тілегіміз бар.

– Жаңа өзіңіз айтқандай, жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Еріктілер -қоғамның қозғаушы күші» екенін айтты. Көмектің үлкен-кішісі болмайды, еріктілер жұмылып іске кіріскенде жәрдемге мұқтаж жандар бір серпіліп қалатын болар?

– «Жомарт Жүрек» те, «Біздің Орта» еріктілер ұйымы да  ең біріншіден балалар үйі мен қарттар үйіне көп көңіл бөледі және де ауданның көмек қажет ететін отбасыларына көп көмек қолын созды. Өйткені әлеуметтік осал топтарға жататын жандарға   мемлкет тарапынан жасалатын қолдау-көмекпен шектеліп қарап отырған жарамайды. Біздің ұйым мүшелерінің  ұстанымы сондай.  Сонымен қатар еріктілер ауданның жалғыз басты қарияларына үй шаруасына кезекшілікпен көмек көрсетті, үйі өртеніп қиын жағдайға түскен қарияның үйін ретке келтіріп, азық-түлігін жеткілікті түрде алып берді. Ешкімнің басында бермесін, мұндай сынаққа әркім де күні бұрын  әзірленіп отырмайды. Жазым деген де аяқасты. Баспанасы отқа оранып, үйсіз қалған жанның көңіліне демеу, қайғысына медеу болып қасында жүрдік, атқаруға тиіс  жұмыстарына қолғабыс еттік.

Сондай-ақ аудан тұрғыны, жалғыз басты анамыздың үй жағдайына керекті заттарын алып, және сырқаттанып қалған кішкентай қызының емделуіне қолдау білдірдік. Қарттар үйіне және балалар үйіне мерекелік концерт өткізіп, демеушілік жасадық. Осының барылғы да атымтай-жомарт мәрт адамдардың іскерлігінің арқасында, қолының ашықтығы нәтижесінде жүзеге асырылып жатыр.

– Аида ханым, ерікті  болу үшін адамға қандай қасиет керек? Мұндай мырза мінезге,  жомарттыққа кез келген адам бара ала ма?

– Ерікті мен қайырымдылық деген егіз ұғым. Ерікті болу – жүректің қалауы. Ерікті болу үшін адамгершілік пен кең жүрек және таза ниет болса соның өзі жетіп жатыр. Ерікті болып бір рет қайырымдылық іс жасасаң, нағыз ерікті болудың мән-мағынасы өзі-ақ сезіледі. Халықтың пікірі екі бағытқа бөлінгенмен, еріктілер өз жұмысын тоқтатқан емес.  Мұны неге айтып отырмын десеңіз, еріктілердің атқарған жұмысы жайлы әлеуметтік желіде жарияланса, кейде теріс пікір жазатындар да болады. Қолдайтындар одан да көп бірақ. Соған қуанамыз.

– Осындай игі істерді атқаруға ұмтылатын сіздердің ұйымға мүше болғысы келетін жастар көп пе?  

– Иә, ұйымға кіруге ниет білдіріп жатқан жастар саны артып келеді. Әр оқу жылы басталған сайын студенттер «Жастар ресурстық орталығымен» танысқан соң, ерікті болуға қызығушылық танытып жатады. Әрбір іс-шарадан соң жастар қызығушылық білдіріп, келесі іс-шараға қатысуға деген құлшыныстары да артады. Жастардың осындай ұйымдарға қосылуға ұмтылыстары қоғамды ізгілендіруге ықыласты адамдардың артып келе жатқанын аңғартады.  Біздің жұмысымыз «Жастар ресурстық орталығымен» тікелей байланысты болғандықтан да оқуға түскен студенттер арасында ерікті болуға  құлшынысы  артатындар бізге қосылуға ықылас танытады.

–Қайырымды жандар, меценаттармен, қамқорлық көрсетуге ұмтылатын  азаматтармен  байланыстарыңыз қалай, қайырымдылық шараларын бірлесіп атқарып жүрсіздер ме?  

– Әр қайырымдылық іс-шараны ұйымдастыратын кезде әлеуметтік желіге хабарландыру салып отырамыз. Сол кезде көмек қолын созамын деушілер өз еркімен көмектесіп жатады. Одан бөлек, AMANAT партиясының Сайрам аудандық филлиалының қызметкерлері қолдау білдіреді.  Біздің аудандағы кәсіпкер кісілер де көмек қолын созуда белсенділік танытады. Құрбан айт мейрамы, Наурыз мерекесі, жаңа жыл секілді  жалпыхалықтық мереке-мейрамдарда аудан тұрғындарына  игілікті іс-шараларымызды көрсетуге ұмтылатын біздерге жоғарыда айтқан жандар құрмет көрсетеді.  Жастарымызға айтарым,   жақсы ісің, қайырымдылық шараң қашанда ұмытылмайды. Сауабы еселеніп қайтады.  Рас, мұндай жұмыстарды көзбояушылық үшін жасауға болды. Бірақ есеп-қисап үшін,  белгілі бір жерлерге есеп беру мақсатында өткізу ол еріктілікке де, қайырымдылыққа да жатпайды дер едім.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Қазір жаз мезгілі, оқушылар мен студенттер  үш айлық демалыста. Біздің ұйым  мүшелері де  жақсылап тығынып алған соң  күзден бастап жұмысымызды  қайта жандандырамыз.  Алда атқарылатын  жұмыстар өте көп. Қайырымдылық іс-шараларымыздан сырт, волонтерлік жұмыстарды да жандандырып, ауқымын кеңейтсек деген ойымыз бар. Өйткені біз осы жолды  таңдадық, бағытымызды айқындадық, енді тек сол мақсатта  жұмысымызды жүргіземіз.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Түркістан облысы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды